28 Мамыр, 2016

Мүсіндер мүлгімейді

674 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
бусан мусинИталиялық суретші Марио Павезидің Ұлттық музейдегі «Басқа көкжиектер» атты жеке көрмесінен шебердің ең таңдаулы туындыларын тамашалуға болады. Айта кететін жайт, көрмені ұйымдастыруға Мәдениет және спорт министрлігі мен Италияның Қазақстандағы елшілігі мұрындық болып отыр. Шараның ашылу салтанатында Ұлттық музейдің директоры Дархан Мыңбай шебердің көп­қырлы талант иесі екендігін айрықша атап өтті. «Бұл көрме Қазақстандағы Ита­лия күндерінің аясында өтуде. Асқан талант иесінің еңбектері адамның ішкі жан дүниесін ашып көрсетуге құрылған деуге болады. Автордың әрбір еңбегінде өзіне тән қолтаңбасы айқын сезіліп тұрады», – деді музей басшысы. Марио Павезидің өмірбаяны туралы берілген қысқаша мәліметте: «1945 жылғы 5 тамызда Ред­жо Эми­лия провинциясындағы Гвас­талла қаласында дүниеге келген Марио атақты мүсінші Умбер­то Мастрояннидің ақылымен Бо­лонье­­дегі Көркемөнер Акаде­миясына түсіп, мүсін жасауды жақсы меңгереді. Марио жастайынан көптеген пішіндерге айналуға икемді, ақпа және сер­пінді материалды өңдеп, жандандыруымен ерекшеленеді. Павези қырық жылдық шығар­машылық қызметінде, үнемі сурет нарығы мен сәннің заманауи талабына қарамастан, әр­дайым өз мақсаты мен үнемі шығармашылық дара­лығын іздеуі нәтижесінде мүсіннің және көркем суреттің көптеген түрлері мен жанрларын байқап көреді. Оның туындылары сұлулықпен тығыз байланысқа негізделген, әрдайым тұрақты және нақты заттардың шынайы мәнін көрсететін субстрат сияқты» делінген. Сонымен қатар, біз көрмедегі туындылар арқылы шебердің жанрды жан-жақты меңгерген әмбебап маман екендігіне көзіміз жетуде. Бірқатар мүсіндері («Қай­та өр­кендеу», «Құдайлардың құ­лауы», «Шабыт», «Әсемдік») ХХ ғасырдың көпқырлы реңктерімен және техникалық нақты әдістермен толықтырылған классикалық үлгі­сімен әсерлендіреді. Әсіресе, «Тепе-теңдік», «Бұқа», «Түңілу» туындылары өте жоғары талғаммен орындалуымен қызықтырады. Бояуға жүрек лүпілін қосып өретін шығармашылық иесінің әрбір туындысы уақыт тынысын, жаратылыс құдіретін, есте қалар ерекше сәттегі мінез-құлық пен ішкі сырды айқын да айшықты бере алуымен тамсантады. Айрықша мезетті суреттейтін бұлардың бәріне ортақ қасиет – қызуқандылықты, бұғауланбас асаулықты, сезімге толы күйді жырлайды. Соның бәрі тастың, металдың табиғатын барынша зерттеп, зерделеп ерекше сезіммен жұмыс істейтін шебердің жан әлемінің айнасы тәрізденеді. Бір туындыға көп мағына сыйғыза білу деген сөз осындайда айтылса керек. Мүсіндердің мүлгімейтіні рас екен. Қаршыға КҮЛЕН Суреттерде: Марио Павези туындылары
Соңғы жаңалықтар