IV халықаралық «KADEX-2016» қару-жарақ пен әскери техника көрмесінің басталуына санаулы күндер қалды. Көрсетілетін техника көрме өткізілетін орынға шоғырлана бастайды. Ал ұйымдастырушылар келушілер мен қатысушылар үшін соңғы жұмыстарды жүргізіп жатыр.
«KADEX-2016» көрмесіне келушілер қорғаныс өнеркәсібінің көрсетілетін объектілерін өз көзімен көріп, ерекше әсер алып қана қоймай, көрмені ұйымдастырушылар дайындаған шараларға көңілдері толып, бір марқайып қалары анық.
Қоғамдық тамақтануды ұйымдастыру үшін көрмеге қатысушылар мен келушілер үшін ұлттық стильдегі 10 киіз үй тігіледі. Екі киіз үйде ұлттық кәдесыйлар сатылады, біреуінде қазақ тұрмысының дәстүрі мен мәдениетін, қалған жетеуінде ұлттық ас мәзірі, яғни қазы-қарта, қымыз, шұбат, көже, сондай-ақ, өзге елдердің тағамдары сатылымға шығарылады. Тағам бағалары нарық бағасына қарағанда қолжетімді болады. Мұны ұйымдастырушылар айтып отыр.
Бір күнде 1500-2000 адамға қызмет көрсетіледі деп күтілуде екен. Одан басқа, меймандар үшін ұлттық және еуропалық ас мәзірі бар «Лагуна» екі палаткалы мейрамханасы ашық болатын көрінеді. Және бір айта өтерлігі – таза ауада отырып тамақтануға да мүмкіндік жасалмақшы екен. Ұйымдастырушылар, сондай-ақ көрмеге қатысушылар мен қонақтарға үш жерде фастфуды және салқындатылған сусындары бар, тез тамақтану палаткалары мен павильондар қызмет көрсететінін жеткізді. Қоғамдық тамақтану орындары көрме басталған сәттен бастап соңғы клиентке дейін ашық болатыны да атап өтілді.
IV халықаралық «KADEX-2016» қару-жарақ пен әскери техникалар көрмесі қорғаныс саласындағы ауқымды іс-шаралардың біріне айналып отыр. Ол қорғаныс өнеркәсібі саласы мамандарының ғана емес, сонымен бірге, бұқаралық-медианың да назарын аудартуда. Көрмеден әлемнің көптеген елінен 300-ден аса бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері ақпарат тарататын болады.
Сәулебек БІРЖАН