28 Мамыр, 2016

Бұл – уақыт талабы

483 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
коммуниуация-кішіКеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Жастар үш тұғырлы тіл саясатын қолдайды. Қазақстандағы жастар дамуының басты бағдарлары» тақырыбында брифинг өтті. Брифингке «Қазақстан жас­тар конгресі» заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры Айдын Сәбитов, «Сарыарқа» кәсіпкерлер қауымдастығы басқарма кеңесінің мүшесі Эрик Сағиев, «Жас Ұлан» біріккен балалар мен жасөспірімдер ұйымы төрағасының орынбасары Александр Тен, Қазақстан студенттері Альянсының жетекшісі Мержан Әбілқас және Астанадағы дарынды ер балаларға арналған қазақ-түрік лицейінің мұғалімі Әсет Қабдиев қатысты. Брифинг барысында Айдын Сәбитов үш тілде білім беру жүйесін мектептер мен жоғары оқу орындарына енгізу қажеттігін 300 мыңнан астам қазақстандық жастар қуаттап отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, бұл мәселеде «Қазақстан жастар конгресі» ЗТБ, «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының республикалық штабы, «Болашақ» стипендиаттары қауымдастығы және басқа да ұйымдар ерекше қолдау білдірген. Жиында жастар ұйымдарының өкілдері қазіргі таңда халықаралық ағылшын тілін білудің маңыз­дылығын Қазақстанның әрбір жас азаматы түсінетінін, үш тілді білудің келешекке жол ашатынын атап өтті. Олардың сөзіне қарағанда, болашақта Қазақстанды жаңа буын дамытады, сондықтан мемлекетіміздің ертең әлемнің алдыңғы қатарлы елдерімен бір деңгейде болу үшін жастар ағылшын тіліне немқұрайлы қарай алмайды. Жиында Эрик Сағиев, Мер­жан Әбілқас, Әсет Қабдиев және Александр Тен өз ойларын ортаға салып, үш тұғырлы тіл саясатын жүргізу уақыт талабы екенін жеткізді. Сондай-ақ, олар мемлекеттік тіліміздің мерейін өсіру бағытындағы жұмыстарды да күн тәртібінен түсірмеу керектігіне баса назар аударды. Мәселен, қазақша еркін сөйлейтін Александр Тен мемлекеттік тілді үйрену мен дамытудың маңыздылығын айта келіп, ағылшын тілін білудің де уақыт талабы болып тұрғанын көлденең тартты. Оның айтуынша, өскелең ұрпаққа әлемдік ғылым жетістіктеріне қол жеткізу, халықаралық үдемелі тәжірибелерді меңгеру қажет. Сондықтан, ағылшын тілін білу өте маңызды. Сондай-ақ, ол үш тұғырлы тіл саясаты барлық жастарға тең мүмкіндіктер беретініне ерекше атап көрсетті. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»