Оны жастардың бойында әуелден қалыптастыру керек
Кәсіпкерлік еңбектің басқа түрлерінен оқшауланып тұрады. Атақты неміс экономисі, Гарвард университетінің профессоры Иозиф Шумпетердің «Кәсіпкер болу – басқаның істегенін істемеу» деген сөзі соның айғағындай. Өз еңбегін ұйымдастыра білген адам кәсібін дөңгеленте алады. Бұл туралы француз экономисі Жан Батист Сейдің «Кәсіпкер – адамдарды өндірістік ауқымда ұйымдастыратын адам» деген анықтамасы бар. Еліміздің ұзақ мерзімді стратегиялық даму жоспарында кәсіпкерлікті дамыту саласы негізгі индикаторлардың бірі болып белгіленді. Бұл саланың даму перспективалары туралы Елбасы Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауларында ылғи атап көрсетіп, Үкіметтің алдына негізгі міндеттер мен тапсырмалар қойып отырады.
Қазақстанда мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті дамытуға қатысты жасалынып жатқан қолдау мен көмек аз емес. Мысалы, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бекітіліп, ауқымды жұмыстар жүзеге асуда. Салық кодексіне толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп, кәсіпкерлер салықтық салымдардың кейбір түрлерінен босатылды, кәсіпкерлерді жосықсыз тексерулерді тыю мақсатында мораторий жарияланды, қаншама қаржылық трансферттер бөлінді. Бұл жасалып жатқан мемлекеттік көмек пен қолдаудың түпкі мақсаты – еліміздің «Қазақстан-2050» Стратегиясына сай әлемнің аса дамыған 30 елінің қатарынан көрінуі болатын. Ал бұл міндетті орындау үшін әрбір қазақстандық кәсіпкерше ойлай біліп, еңбек етуі тиіс. Өйткені, кәсіпкерліктің үлесі мемлекеттің қаржы секторын жарақтандыруда маңызды рөлге ие.
Ол туралы Елбасы Қазақстан кәсіпкерлерінің құрылтайында: «жұмыс істейтін тұрғын халықтың 60 пайызы шағын және орта кәсіпкерлікте еңбек еткенде еліміз тұрақты дамитын болады», деп айтқан болатын. Шағын және орта бизнесті дамытудың мойны озық елдерде жақсы мысалдары аз емес. Әсіресе, Катар, Люксембург, Сингапур, Бруней, АҚШ, Германия, Ирландия, Канада секілді әлемнің аса бай 25 елінде жұмыс істейтін халықтың шағын кәсіпкерлік субъектілері секторындағы үлесі 60-80 пайызды құрайды. Ал Қазақстандағы бұл көрсеткіш небәрі 25 пайыздан аспайды. Сол себепті, шағын және орта бизнесті дамыту мәселесі өзекті болып отыр.
Кәсіпкерлік – жаңашыл іс, шаруашылық жүргізудің әдісі және өз бетімен жұмыс істеуге негізделген экономикалық ойлаудың ерекше үлгісі дер едік. Кәсіпкер еңбегін өнертапқышқа баласақ, бұл талаптарға жауап бере алатын лайықты әлеуметтік топтың жастар екені де даусыз. Бүгінгі жастар бірнеше тілді меңгеруімен, заманауи компьютерлік бағдарламаларды жасауға, жаңа технологияларды игеруге шапшаң бейімделуімен ерекшеленеді. Қазақстан тұрғындарының төрттен бірі жастар санатына жатқызылады. Демек, олардың арасында кәсіпкерлікті дамыту – стратегиялық міндет болып саналады. Елбасының тікелей қолдауымен елімізде жастар кәсіпкерлігін дамытуға тиісті жағдайлар жасалынуда. Еліміздің аймақтарында кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары ашылып, онда кез келген адам «бір терезе» қағидасы бойынша кәсіпкерлікті жүргізуге қатысты қажетті ақпараттық және тәжірибелік кеңестер, көмектер ала алады. Сондай-ақ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы да жастар жаңа идеяларын бизнес-жоспарлары арқылы дәлелдеп, оны іске асыру үшін мемлекеттен гранттық қаржыландыру көмегін алуға мол мүмкіндік бар және ол жұмыс жүзеге асырылып та отыр.
Дегенмен, жоғары оқу орындарын бітіріп, белгілі мамандық иесі атанған жастардың өзі кәсіпкерлікке бара бермейді. Олар білгілі бір кәсіпті ұйымдастыруға тауы шағылатындай кібіртіктеп тұрады. Сол үшін уақыт жастардың бойында алдымен кәсіпкерлік сана қалыптастыру, ынта-жігер орнықтыру қажет екенін меңзейді. Рудный индустриялық институты өз студенттерін кәсіпкерлікке баулуды іске асыруға бел буған болатын. Ол үшін біз дамыған елдердің осы саладағы озық тәжірибелерін зерттедік. Нақты айтсақ, Германия, Австрия, Италия, Канада елдеріндегі колледждерде, жоғары оқу орындарында студенттер мамандықтың қай түріне оқыса да, оларға сабақтан тыс қосымша білім ретінде кәсіпкерлікке үйрететін арнайы іс-шаралардың кешені ұйымдастырылады екен. Шетелдік осы тәжірибенің маңыздылығын ескере отырып, Рудный индустриялық институты 2014 жылы Студенттер мен кәсіпкерлердің альянсын құрды. Альянс институттың студенттік ортасында кәсіпкерлік сананы дамыту жөніндегі кеңесші орган болып табылады, заңды тұлға деп саналмайды.
Институттың студенттік қоғамында кәсіпкерлік сананы қалыптастыру мен дамыту альянстың негізгі мақсатына айналған. Сондықтан, альянс экономиканың нақты секторындағы кәсіпкерлермен, білім ордасының әкімшілігімен және студенттік өзін-өзі басқару ұйымымен бизнестің қалыптасуы, дамуы мен гүлденуі бағытында өзара тиімді жұмыс істейді. Студенттердің бизнесті толықтай түсінуіне жағдай жасалады, өзінің құқығын білуі, өзін кәсіпкерліктің алғашқы сатыларында сынап көруі үйретіледі. Кәсіпкерлік қолайлы ортаға бейімделуі ескеріледі. 2014-2016 жылдар аралығында Альянс жұмысына Қостанай облысының белді кәсіпкерлері мен кәсіпкерліктің тізгінін жаңадан ұстаған жас кәсіпкерлерді тарттық. «АгромашХолдинг», «Рудный Соколов Строй», «Қазақстан алюминийі» акционердік қоғамдары, «Мебель-Парк», «МехМетКом», «ДонМар», «ТрансРемВагон» жуапкершілігі шектеулі серіктестіктері секілді өңірдегі ірі бизнес кәсіпорындарының өкілдері келді. Қостанай облысының Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшылығы қатысып, еліміздегі кәсіпкерлік саясат жөнінде баяндамалар жасады.
Альянс қонағы болған кәсіпкерлер студенттерге кәсіпкерлікті қалай бастағанын, қандай қиындықтармен бетбе-бет келгенін және оларды қалай еңсеру керектігін әңгімеледі. Студенттердің көптеген сұрақтарына жауап берді, ақыл-кеңесін айтты. Тіпті, табысты кәсіпкер болу үшін адамның бойынан табылуы тиіс жеке қасиеттерді де жан-жақты сипаттап айтты. Мұндай кездесулер жастардың кәсіпкерлікке бейімділігі мен болашақта кездесетін қиындықтарды анықтауға, талдауға мүмкіндік берді. Мысалы, кәсіпкерлікке ұмтылған жастарда жоғары белсенділік, инновациялық ойлау, нарық жаңалықтарын игеруге жылдам икемделу, нарықтың өзгермелі талаптарына сәйкес экономикалық білімін жетілдіріп, ақпараттардан тыс қалмау, кәсіпкерліктің бастапқы кезеңінде талап етілетін қатаң еңбек және психологиялық ауыртпалықтарға төзе білу, тәуекелге бас тігуге бейімділік секілді қасиеттер мен мінез болуы тиіс. Кәсіпкерліктің жолы тақтайдан тегіс болмайтыны да бесенеден белгілі. Жас кәсіпкердің әлеуметтік тәжірибесінің мардымсыздығы, іскерліктің кемшін түсуі, экономикалық заңдылықтар мен тетіктерді қолданудағы тәжірибесіздігі, бастапқы капиталды қалыптастырудың мәселелері, кәсіпкерлік пен билік ету-басқару органдарында жеке байланыстардың жетіспеушілігі, бюрократиялық құрылымдардың ықпалынан қорғалмау, «көлеңкелі» кәсіпкерліктің «буына» белсенді түрде беріліп кетушілік қаупі кәсіпкерліктің жолындағы басты қиындықтар дер едік.
Рудный қаласында ұлттық киімдер тігумен, балмұздақтың жаңа түрін шығарумен, жеңіл тамақ түрлерін өндірумен және тағы басқа да қызмет түрлерімен айналысатын кәсіпкерлердің басым көпшілігі 30 жасқа дейінгі жастар. Олар алғашқы кезде қаржылық қиындықтарды бастарынан өткізді, кейінірек «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры тарапынан мемлекеттік грант тағайындау конкурстарына қатысып, өздері ұсынған жобаларын ұтымды қорғап, қаржылық қолдауға ие болды. Студенттер мен кәсіпкерлер альянсы басқосуларында белгілі болғандай, жас кәсіпкерлер үшін кәсіпкерлік бір жағынан табысқа жетуден гөрі қиыншылықтарды еңсерумен түсіндірілетін секілді. Сонымен қатар, кәсіпкерлік жастар санасын жаулап аларлықтай жаппай қызығушылық тудыратын қажеттілік те емес көрінеді.
Кәсіпкерлікті дамытуда жастарға иек арту үшін оған мемлекет және жергілікті атқару органдары тарапынан ұдайы көңіл бөлінуі тиіс. Бүгінде жастар арасындағы кәсіпкерлікке мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау, тиісті қаржылай көмек көрсетілуде. Жастардың кәсіпкерлікке қызығушылығын арттыру оларды үнемі ақпараттандырумен де байланысты. Осы орайда, жастар арасында кәсіпкерлікті кеңінен насихаттау керек. Ол тек сөз жүзінде болмай, түрлі шаралар іске асырылуы тиіс. Мысалы, университеттер мен институттарда «экономика» мамандығы бойынша теориялық білім беріледі, бірақ студенттерде кәсіпкерлікке шынайы ынта мен практикалық біліктілік қалыптастырмайды. Біздің Рудный индустриялық институтында да солай болатын. Білім ордасында құрылған Студенттер мен кәсіпкерлердің альянсы осы олқылықтың орнын толтырады деген үміт бар.
Альянс аясында кәсіпкерлікке икемді жастарды іріктеп, оларға бейіндік дәріс курсын ұйымдастырамыз. Бұл мақсатта Альянс тыңдаушылары белсенді, кәсіпкерлікке еліктейтін студенттер арасынан іріктеліп алынады. Сондай-ақ, оларға жоғарыда айтылғандай, экономиканың нақты секторында жүрген белді кәсіпкерлер мен жас кәсіпкерлер аптасына кем дегенде бір рет практикалық дәріс оқиды.
Қорыта айтқанда, біздің білім ордасындағы Студенттер мен кәсіпкерлер альянсы қызметі жастар арасындағы кәсіпкерлікті дамытудың сарапталған келелі мәселелерін шешуге, қойылған міндеттерді шынайы орындауға, болашақ жас буын кәсіпкерлерді практикалық жағынан даярлап, олардың бойында кәсіпкерлік сана мен нақты еңбек ету ынтасын қалыптастыруға бағытталғанын көруге болады. Бұл еліміз экономикасының қарқынды дамуына, болашақта аса дамыған 30 елдің қатарынан көрінуге бастар жолдағы қадамдардың бірі десе, несі айып.
Жасұлан АЛПЫСБАЕВ,
Рудный индустриялық институтының тәрбие
ісі жөніндегі проректоры
Қостанай облысы,
Рудный қаласы