28 Мамыр, 2016

Дуалды оқытуға ден қойылмақ

289 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Теорияны өндіріспен ұштастыра оқыту технологиясы дуалды оқыту жүйесі болып табылады. Аталған жүйенің кәсіптік және білікті мамандар даярлау барысындағы тиімділігі мен нәтижелігі әлдеқашан дәлелденген. Дүниежүзін қамтыған оқы­тудың осы түрі уақыт санап өзінің жемісін беріп келеді. Әрине, дамушы мемлекет ретіндегі біздің бұл жүйеден қалыс қалмауымыз орынды. Сондықтан да, Елбасы «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай жиырма қадам» тұжырымдамасында кадр­лар біліктілігі жайында ерекше айта отырып, елімізде дуалды оқыту жүйесін енгізу қажеттігін атап көрсеткен болатын. Бұл орайда Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Энергетика министрлігінің мұнай өнеркәсібін дамыту департаменті директорының орынбасары Бақыт Махановтың айтуы бо­йынша, мұнай бағасының төмендеуіне байланысты қаржылық қиындықтарға қарамастан, «ҚазМұнаГаз» компаниялар тобы дуалды білім беру бойынша оқу орталықтарының құрылысын қарастырып отыр. Бұл нысандардың ішінде жатақхана, жабдықтар және ұңғымаларды жөндеуге негізделген қондырғылар қамтылады. Және де аталған оқыту жүйесін мұнай және газ саласы бойынша алғаш болып қолға алғандар қатарында «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС, «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ компаниясы тобы және Атырау мұнай-газ институты мен Қазақстан-Британ техникалық университеті бар екендігін еске салды. Біздің ойымызша, қазақстандық мұнайшылар дуалды оқыту жүйесін дамытуда барлық мүмкіндіктерге ие. Дуалды оқыту бағдарламалары мұнай-газ саласының компанияларына қо­сым­ша жоғары білікті техникалық кадр­лар даяр­лау­да тиімді мүмкіндіктерге жол ашады, сондай-ақ, ұсынылатын кәсіби бағдарламалардың көптүрлілігін арттыру мен осы сала бо­йынша оқып жатқан жастардың жан-жақты болуына ықпал етеді, деді ол. Және де дайындалған кадрлар оқуды тәмамдағаннан кейін бірден өндіріске араласа алатынын, яғни кәсіби бейімделудің қажеттілігі болмайтынын көлденең тартты. Эльмира МӘТІБАЕВА, «Егемен Қазақстан»