Шаңғы
Қазақстан командасының қоржынына алғашқы алтын медальдарды салды Қазақстандық спортшылар да өз сайыпқырандығын Солдатсайда таныта білді. Мұнда Қысқы Азия ойындары медальдарының алғашқы жиынтығы шаңғыдағы спорттық бағдарлау бойынша бәске салынған еді. Осынау спринтерлік жарыста қайсарлық танытып, жеңіп шыққан Ольга Новикова ел қоржынына түскен алғашқы алтынның иегері атанды. Ол қашықтықты 13 минөт 4,7 секөнтте жүріп өтті. Одан 4 минөт 25,1 секөнтке қалып қойған қытайлық Лю Сяотин екінші орынға шықты. Қазақстанның тағы бір өкілі Евгения Кузьмина жүлдегерлер үштігін түйіндеді. Ол 18 минөт 46,8 секөнт уақыт көрсетті. Уақыт айырмашылығынан-ақ жеңімпаздың айқын басымдығы танылып тұрғандай. Олай болса, осы Азиадада спорттық бағдарлау жөніндегі ел құрамасының көшбасшысы Ольга Новикова өзінің әлемнің мықты бағдарлаушыларының үштігіне кіретінін тағы бір айғақтады. Ал енді ерлер арасындағы шаңғымен бағдарлаудағы спринтерлік біріншілікте барын салған Михаил Сорокин Қазақстанға Азия ойындарының екінші алтын медалін әкелді. Қашықтықты жүріп өтуге ол 13 минөт 31 секөнт уақыт жұмсады. Сорокиннен 1 минөт 42,7 секөнт ұтылған командалас жолдасы Александр Бабенко күмісті олжалады. Ал қола медальді Моңғолия өкілі Герелт-Од Байараа еншіледі. Шығысқазақстандық Алексей Полторанин шаңғы мен спринтерлік жүгірудегі 1,6 шақырымдық жеке біріншілікте жеңімпаз атанып, команда қоржынындағы алтын алқаларды молайта түсті. Финалдық бәсекеде ол мейлінше шиеленіскен тайталас-тартыс барысында өзінің командалас жолдасы ақмолалық Николай Чеботькодан мәреден сынық сүйем дерліктей ғана бұрын өтті. Олар қашықтықтың соңғы сантиметрлеріне дейін аянбай күресті. Қорытындысында Полторанин 3 минөт 59,9 секөнт уақытпен тұғырдың ең биігіне көтерілсе, Чеботько одан небәрі 0,1 секөнт ғана қалып қойды. Қалай десек те, алтын да, күміс те біздікі болды. Дей тұрсақ та, Онданың өкінішінің орнын спринтерлік жеке біріншілікте өз еліне Азиаданың алғашқы алтын медалін сыйлаған жапондық шаңғышы қыз Мадока Нацуми толтырды. Ақтық жүгіруде Мадока жарыс жолының орта тұсында бәсекелестерінен бірнеше метр сытылып шығып, содан мәреге жеткенше өзіне ешкімді маңайлатпады. Жеңімпаздың нәтижесі 3 минөт 35,2 секөнт болды. Биатлонның 7,5 шақырымдық спринтерлік біріншілігінде қазақстандық қыздардың алтын олжалайтын реті де, мүмкіндігі де бар-ақ еді. Бірақ бұл жолы қытайлық Ван Чуньлидің жолы болғаны анық. Ол екі атыс шебінде бірде-бір рет мүлт жібермей мергендік танытып, ақырында қашықтықты 23 минөт 12,1 секөнт уақытпен аяқтап, алтынды аузымыздан жырып әкетті. Атыс шебінде біздің Ванкувер Олимпиадасындағы күміс жүлдегеріміз Елена Хрусталева да құралайды көзге атқан мергендігін көрсеткенімен, жылдамдығын үдете алмай, екінші орында қалды. Біз болсақ, бірталайға дейін Елена алтынды алған-ақ шығар деп ойлағанбыз. Екінші атыс шебінде бір рет жаңылған тағы бір өкіліміз Марина Лебедева жүйріктігінің арқасында үшінші орынды еншіледі. Сөйтіп, жеңістің екінші және үшінші тұғырына өз отандастарымыз көтерілді. Қалай десек те, алтын мен күміс олжалаудан Солдатсайдағы қарқынымыз жаман басталмаған сияқты. Қорғанбек АМАНЖОЛ.Бурабайдағы Мультимедиалық интерактивті кешенге келушілер көп
Аймақтар • Бүгін, 01:26
Аяз, көктайғақ: 16 облыста дауылды ескерту жарияланды
Ауа райы • Бүгін, 00:16
2027 жылы Астанада бокстан әлем чемпионаты өтеді
Спорт • Кеше
Алматы облысының меншігіне 86 мың га жер қайтарылды
Аймақтар • Кеше