Шорт-трек
Шорт-тректен Оңтүстік Кореяның құрамасы әлемдегі азулы командалардың бірі. Мәселен, Канаданың Ванкувер қаласында өткен Қысқы Олимпия ойындарында сегіз алтынның алтауын бірдей қоржынға салған кореялықтар айды аспанға шығарып, алғашқы ондыққа енген. Енді, міне, Астананың «Алау» коньки тебу кешенінде өтіп жатқан шорт-тректен Азия ойындарында корейлер жарыстың бірінші күні-ақ екі алтын, екі күмісті жеңіп алды.
1500 метрлік қашықтықта Шо Ха Ре алтыннан алқа тақса, тағы бір жерлесі Парк Сейхун күмісті иеленді. Ал Жапониядан келген желаяқ Сакакива Вазуко үшінші орынға табан тіреді.
Бұл қашықтықта қазақстандық Айдар Бекжанов, Нұрберген Жұмағазиев, қыздар арасында қостанайлық Д.Волокитина мұз айдынына шыққан болатын. Айдар Бекжанов «Б» тобында өнер көрсетіп, жетінші орынды иеленсе, қостанайлық қызымыз да алғашқы ондыққа ілінді. Шорт-трек спорты біздің елімізде, әсіресе, Орал қаласында соңғы кездері алға жылжи бастады. Мәдіғали Қарсыбековтің шәкірті Артур Сұлтанғалиев 500 метрлік қашықтықта жарыс жолына шықса, тағы бір Оралдың қызы Ксения Мотова екінші ондықтан көрінді.
– 500 метрде Олимпиада чемпионы Ли Ху аса қауіпті қарсылас, тіпті медальға іліге алмасам да алғашқы алтылыққа енсем деген ойым бар, – дейді болашағынан үміт күтетін шорт-трек шебері Артур Сұлтанғалиев.
Жарыс жеңімпаздарын Азияның Шығыс аймағы бойынша Олимпиялық кеңесінің вице-президенті Фок Тимоти және Оңтүстік Кореяның Спорт және мәдениет министрі Жинг Буинг Кук, Астана мен Алматыдағы Азиаданы өткізу жөніндегі бас дирекциясының бас директоры Анатөлі Құлназаров тапсырды.
Оңдасын ЕЛУБАЙ.