31 Мамыр, 2016

Сындарлы сұхбат – бірліктің белгісі

417 рет
көрсетілді
32 мин
оқу үшін
ERA_7810+Басты мақсат – халықтың көңілінен шығу Өткен сенбіде Астанада Жер реформасы бойынша республикалық комиссияның үшінші отырысы өтті. Әдеттегідей, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары, Жер реформасы бойынша республикалық комиссияның төрағасы Бақытжан Сағынтаев басшылық еткен жиында «Жерді шетелдіктерге жалға беру керек пе, жоқ па?» деген сұрақ кең ауқымда талқыға түсті. Отырысты ашқан Бақыт­жан Сағынтаев бірінші кезек­те басқосуға комиссия құрамы­ның 62 мүшесі қатысып отыр­ғанын, қалғандары белгілі себеп­термен келе алмағанын атап өт­ті. Бұдан кейін комиссия төр­ағасы келісім бойынша күн тәртібіне шығарылған «Жерді шетел­діктерге жалға беру керек пе, жоқ па?» деген мәселемен қатар, заңды тұлғалардағы шетел­дік компаниялардың үлесіне байла­нысты тақырыпты да талқы­лауға шақырды. Сондай-ақ, ол Мем­лекет басшысы­ның тапсыр­масымен құрылған комис­сия жер төңірегіндегі барлық мәселелерді егжей-тегжейлі қарайтынын жеткізді. «Біз осымен үшінші рет комиссиямыздың алқалы отырысына жиналып отырмыз. Қоғам тарапынан бізге келіп түскен ұсыныс-пікірлер өте көп болды. Бұл біздің жұмысымызға халықтың сергек қарап отырғанын білдірсе керек. Дегенмен, жұртшылық арасында комиссия жұмысына күмән келтірушілер де жоқ емес. Тіпті, олар жұмысын енді бастаған комиссия жөнінде түрлі қауесеттер таратуда. Менің пікірімше, бұл – арандатушылық. Осы арада айта кетейін, егер қоғамымыздың кез келген азаматы өзінің ұсыныс-пікір білдірем десе, оған тосқауыл жоқ. Бұл үшін республикамыздың барлық өңірлерінде мүмкіндіктер бар. Азаматтарымыздың әрбір пікірі назардын тыс қалмайды. Елбасының тапсырмасы бойынша бұл комиссия құрылды. Біздің 6 ай уақытымыз бар, осы мерзімде келіп түскен ұсыныстарды бір жүйеге келтіре отырып, Парламентке ұсыныс жасауымыз керек. Сондықтан, ағайынға айтарым, комиссияға өз ұсыныстарыңызды жеткізіңіздер», деді Бақытжан Сағынтаев. «Біз осымен үшінші рет комиссия­мыздың алқалы отырысына жиналып отырмыз. Қоғам тарапынан бізге келіп түскен ұсыныс-пікірлер өте көп болды. Бұл біздің жұмысымызға халықтың сергек қарап отырғанын білдірсе керек. Деген­мен, жұртшылық арасында комис­сия жұмысына күмән келтірушілер де жоқ емес. Тіпті, олар жұмысын енді бас­т­­аған комиссия жөнінде түрлі қау­е­­сет­тер таратуда. Менің пікірімше, бұл – аран­датушылық. Осы арада айта кетейін, егер қоғамымыздың кез кел­ген азаматы өзінің ұсыныс-пікірін білдірем десе, оған тосқауыл жоқ. Бұл үшін республикамыздың бар­­лық өңір­лерінде мүмкіндіктер бар. Аза­мат­тары­мыздың әрбір пікірі назардан тыс қалмайды. Елбасының тапсырмасы бойынша бұл комиссия құрылды. Біздің 6 ай уақытымыз бар, осы мерзімде ке­ліп түскен ұсыныстарды бір жүйеге кел­­тіре отырып, Парламентке ұсыныс жасауы­­мыз керек. Сондықтан, ағайы­нға ай­тарым, комиссияға өз ұсыныста­ры­ңыз­ды жеткізіңіздер», деді Бақытжан Сағынтаев. Сонымен қатар, комиссия төрағасы аймақтарда да аталған мәселеге қатысты қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлім етті. Оның айтуынша, арнайы құрылған штабтың бірнеше отырыстары өткен, сондай-ақ, жергілікті жерлердегі қоғамдық кеңестің мүшелерімен тығыз байланыс орнатылған. «Осы аптаның басында Астанада облыс әкімдерінің орынбасарларымен кездесу ұйымдастырылды. Бұған қоса, сall-орталықтың, штабтың, хатшылықтың жұмысын қалай жүргізу керектігі жөнінде ұсыныстарды қарастырдық. Бүгінде аймақтарда да қарқынды жұмыстар басталып кетті», деді комиссия төрағасы. Одан әрі Б.Сағынтаев бұған дейін құрылған жұмыс топтарының жетек­ші­леріне сөз кезегін ұсынды. «Өткен жолы кеңесе отырып, 4 жұмыс тобын құр­дық, оның жетекшілерін бекіттік. Бұл азаматтар бір аптаның көлемінде өз­де­ріңізбен және Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі жанындағы штабпен бір­лесе отырып жұмыс жүргізді. Осыған бай­­ла­ныс­ты аталған жұмыс топтары же­тек­ші­лерінің мәліметтерін тыңдайық», деді ол. Комиссиядағы Экономика бойынша жұмыс тобының жетекшісі ретінде сөз алған Ақылбек Күрішбаев өз кезегінде аталған топтың негізгі қарастырған мәселелеріне тоқталды. «Жер реформасы жөніндегі комис­сияның Экономикалық мәселелер бо­йын­ша жұмыс тобына 28 мүше кіреді, бұл жалпы комиссия құрамының 40 па­йызы. Аталған топтың отырысына аграр­­лық сала мамандары, ғалымдар, Пар­­ламент депутаттары, үкіметтік емес ұйым­дар өкілдері қатысты. Жұмыс тобы­ның отырысында Жер кодексіне өзгер­тулер енгізу бойынша комис­сия мүше­лері жолдаған үш ұсыныс қарас­­тырыл­ды. Оның біріншісі – жерді мүл­дем ешкімге сатпау және жалға да бер­меу. Екіншісі – тиісті шарттарды кү­шей­те отырып, жерді жалға беру және қазақ­стандық азаматтарға сату, сон­дай-ақ, өз азаматтарымыздың жалға ал­ған жерін міндетті түрде сатып алу керек­тігі және жалға алған мерзімі өт­кен­нен кейін мемлекетке қайтару мәсел­есі. Үшінші мәселе – жерді жалға да беру, сатып алуға да рұқсат беру. Бұл жаң­а­д­ан енгі­зіл­ген норма емес, ол 2003 жыл­ғы заң­ның нұсқасында болған. Соны қайта енгізу керек. Біздің топ­тың ма­­мандары осы үшінші мәселеге көбі­­рек назар ауда­рып, осы ұсыныстың артық­­шы­­лық­тарына көбірек ден қойды. Барлық­та­рыңыз түсінесіздер, біз қазір нақты ұсыныс бере алмаймыз, бұл сұрақ­тарды әлі де өңірлерде халықпен кез­дес­кенде жан-жақты талқылаймыз. Бірін­шіден, бұл әдіс әлемдік тәжірибеге сәй­кес келе­ді. Бүгінде барлық дамыған ел­дер­де жерді жекеменшікке беру тәжіри­бесі қа­лып­тасқан, тек қана Англия­ның өз ерек­шілігі бар. Бірақ, бұл жер­де біз Еуропа, Америка емеспіз. Сондық­тан, бұл мә­селе бойынша біз тек эволюция­лық жол­мен жүруіміз керек», деді А. Күрішбаев. Сондай-ақ, Экономикалық мәселелер бойынша жұмыс тобының жетекшісі қазіргі таңда жер пайдаланушылардың 99 пайызы жалға алып отырғанын айта келіп, жерді меншікке берумен қатар, жал­ға ұсыну институтының да қажеттігін сөз етті. «Егер де біз жерді меншікке беру­мен қатар, жалға беру институтын жал­ғас­­тыр­сақ, жалға алушының сол жерде алаң­сыз жұмыс істеуіне барлық мүм­кін­­дік­тер болады. Олар жерді жалға алады, ертең 49 жылы аяқталған соң, әрі қарай жалғастыратын мүмкіншілігі бола­ды. Яғни, жалға алушыны ешкім де жерді сатып ал деп мәжбүрлемейді. Бұл ереже елімізде жерді қайта бөлуді туын­дат­пайды, сонымен қатар, жерді жекеменшікке сатып алуға мүмкіндігі жоқ азаматтарға тиімді. Бұл әлеуметтік әділеттіліктің сақталуын қамтамасыз етеді. Бұл нұсқа бойынша ауыл шаруа­шы­лығына арналған жерлердің басым көп­шілігі жалға беріліп, мемлекеттің мен­ш­і­гін­де қалады деген ойдамыз. Мұның се­бе­бі, қарапайым әрі түсінікті», деді спикер. Бұған қоса, А.Күрішбаев жұмыс тобы мүшелеріның «Жерге тауар деп қарауға болмайды, оны өндіріс құра­лы ретіне қарастыру қажет», деген маз­мұн­дағы пікірін жеткізе отырып, ауыл­шаруа­шылық жерлеріне қатысты бірқатар ұсыныстарды алға тартты. «Ауылдағы ағайын жер сатылатын болса, қаладан қалталы азаматтар келеді да, пайдаланып отырған жерімізді алып қояды деп қауіптенеді. Сондықтан, жерді қалада тұратын адам емес, сол жердің басында тұратын, жерді жалға алып жұмыс істеп отырған Қазақстан азаматы алуы керек. Міне, жұмыс тобының мүшелері осы мәселеге көп көңіл бөлуде. Егер жерді сол жалға алып отырғандарға ғана беретін болсақ, онда аукцион ар­қы­лы сату деген мәселені тоқтатамыз. Жер аукционнан сатылмайтын болады. Сол тұрғыдан қарағанда, бұл өте тиімді», деді А.Күрішбаев. Сонымен бірге, спикер жерді 49 жылға жалға беру мәселесіне қатысты ойын нығарлай түсті. «Мәселен, жерді 49 жылға жалға алуға мүмкіндік беріл­се, ол мерзімі біткеннен кейін тағы жал­ға алу мерзімін ұзартуға мүмкіндік болса, онда ол жерді азаматтарымыз мил­лион­даған қаржы салып сатып алып, шығын­дал­майды. Одан да сол ақшасын өндірісін дамытуға, жаңа техника мен технология енгізуге жұмсар еді», деді ол. Сондай-ақ, ол ірі латифундистер­дің, жер олигархтарының пайда болуына тос­қауыл қоятын тетіктерді қарас­ты­ру қажеттігіне екпін берді. «Бір қол­ға берілетін жерлерде тиісті шек­теу болуы қажет, нәтижесінде жер­дің көп мөл­­шерінің бір адамның қолына жи­нақ­­­талуын болдырмайтын тетік іске қосыла­ды. Бұл тұрғыда ірі лати­фун­дис­­­тер­дің, жер олигархтарының пайда болуы­на жол берілмейді», деді А.Күрішбаев. Бұдан бөлек, ғалым елді мекендердің қажеттілігі мен болашақта даму жол­дарын қарастыра отырып, әрбір елді мекен­де жайылымдардың керекті көлемін анықтап, бекітуді ұсынды. Оның сөзіне қарағанда, жайылымдарды жалға беруге де, сатуға да тыйым салу керек. Жайы­­лымдар тек мемлекеттің құзы­рын­­да қалуы тиіс. Сонымен қатар, ол ауыл­ша­руа­шы­лық жерлерін төлқұжат­пен қам­тама­сыз ету қажеттігін, әлемдік тәжі­ри­бені ес­кере отырып, жерді бағалау жүйесін жаңар­ту маңызды екенін, ауыл­шаруа­шылық жер­леріне толықтай тек­серу жүргізу мәселесін күн тәртібіне шығару керектігіне тоқталды. Бұған қоса ол жеке қосалқы шаруа­шылықтардың мәртебесін, міндет­терін анық­тау қажеттігіне назар аударды. «Заң­наманы күшейтетін және жеке қосалқы шаруашылықтарға қажетті дең­гейде көңіл бөлудің уақыты келді. Біздің ойымызша, жеке қосалқы шаруашылықтардың мәртебесін, міндет­­терін анықтауымыз керек. Соған бай­ланысты экономикалық іс-шаралар жүйесі қажет. Егер олар болмаса, ауыл­шаруа­шылық кооперациясының нағыз қоз­ғаушы күші кім болады?! Бұл тұрғы­да қосалқы шаруашылықтардың рөлі ма­ңызды», деді жұмыс тобының басшысы. Өз сөзін Ақылбек Күрішбаев «Жер мемлекеттікі. Жерді дұрыс игеру ауыл­ды дамытумен тығыз байланысты. Сон­дық­тан да, бұған дұрыс қарау керек. Ауыл шаруашылығы саласы еліміздің темірқазығы», деп түйіндеді. Мұхтар Тайжан Құқық бойынша жұмыс тобының мүшелері әлі бір келісімге келе қоймағанын айта келіп, комиссия мүшелерінің шұғыл түрде өңірлерді аралап, халықтың пікірін білуінің маңыздылығына мән берді. «Бiздiң жұмыс тобымыздың 14 мүшесi бар, жиынымызға 9 адам қатыс­ты. Шынын айту керек, бiр ортақ пiкiрге келген емеспiз. Кейбiреулер қазақ­стан­дық шаруаларға жердi жекеменшiкке беруге болады және беру керек дейді. Шаруалар инвестиция салды, бiрнеше жыл жердi өңдеп жатыр. 13 жылдың iшiнде 0,6 пайыз ғана сатылды. Сатып алудың орнына жалға алу тиiмдiрек болды. Біз қазақ­стан­дықтардың жалға алу құқығын қолдай­мыз. Жерімізді шетел­діктер сатып алуы мүмкін деген қаупін білдіргендер де бар», деді М.Тайжан. Бұған қоса, ол бірқатар мәселелерге өзінің алаңдаушылығын білдірді. «Елі­мізде не болып жатқанын көріп отырмыз. Мамырдың 21-і күні Әнұран­ды айтқан қарындастарымызды полиция алып кетті. Ол қалай? Мен осы мәселені тағы да көтеріп отырмын. Біз тиісті орган­дар­ға үндеу жасауымыз қажет. Біз Андрей Кравченкомен (Жер реформасы бойынша комиссияның мүшесі, Бас про­к­урордың орын­баса­ры – авт.) осы апта­да кездестік. Кездесу жақсы өтті. Бір-бірімізді түсіндік. Сосын мен осында отырған Артур Платоновқа (Парламент Мә­жілісінің депутаты – авт.) айтайын деп едім, Артур, митингіге шыққан аза­мат­тардың шамына тие беруді тоқтат. Олар біздің азаматтарымыз. Олар тәр­тіп бұзған жоқ, өздерінің пікірлерін айту­ға құқы бар. Мен осыны өтінемін, өйт­кені, бұл біздің жұмысымыз үшін аса қажет. Ал бүйте берсек, комиссияның жұ­мы­сы тоқтап қалуы да мүмкін. Бәлкім біреу­лер соған мүдделі шығар. Арнайы пікір­лер жазып, ұлтаралық кикілжіңдер туғыз­ғысы келетіндер бар секілді. Тиісті орындарға үндеу жасайық», деді М.Тайжан. Сонымен қатар, «Осы бұқаралық ақпарат құралдарында Ақмола және Алматы облыстарының әкімдері Кулагин мен Баталовтар қытайлықтармен бір келісімшартқа қол қойды деп жатыр. Осы мораторий болғанда ондай келісімшартқа қол қойған жөн емес деп ойлаймын. Егер ондай келісімшарт бар болса, онда бізге ашық ақпарат беруі тиіс. Мен ресми түрде сұрайын деп едім. Ол қандай келісімшарт? Не жайлы? Жер жалға беріліп жатыр ма? Бұл тек менің сұрағым ғана емес», деді М.Тайжан. Осы арада комиссия төрағасы Бақытжан Сағынтаев бұл сауалдарға өңірлерге шыққан кезде жауап алына­тынын жеткізді. «Енді, біз өңірлерге шығамыз деп жатырмыз. Ақмола, Алматы облыстарына да барамыз. Сол кезде әкімдер ашығын айтсын. Қол қойды ма? Жерді сатты ма? Жалға берді ме? Сол жерде комиссия мүшелері алдында ашық айтсын. Сол кезде бұқаралық ақпарат құралдары да қатысып отырады. Сол жерде жауабын берсін», деді Б.Сағынтаев. Ақпараттандыру бойынша жұмыс тобының жетекшісі Мұрат Әбенов өзі жетекшілік ететін топтың бір аптадағы атқарған жұмысына тоқталды. «Біздің топ біраз кездесулер ұйым­дастырды және өз тобымыздың екі отырысын өткіздік. Жалпы, комиссияның құрылуы қоғамдық пікірмен тікелей байланысты екенін ескеруіміз керек. Айтылып жатқан мәселелер қоғамда қалай қабылданып жатыр, комиссия­ның жұмысына халықтың көзқарасы қандай, кері байланыс мәселесі және жұртшылықтың өз пікірін комиссияға жеткізуі қай деңгейде деген сұрақтар маңызды. Біздің анықтағанымыздай, қоғамда тек екі мәселе, яғни жерді шетелдіктерге жалға беру, өз азаматтарымызға сату көп айтылуда. Бұған қосымша, жер реформасына қатысты басқа да мәселелер, дәлірегі, жерді дұрыс пайдалану жөнінде де талқылаулар болуда. Қарапайым халықтың жерді алудағы қолжетімділік жағдайлары да қозғалуда. Әзірше қоғамға дұрыс ақпарат жетпей жатыр деп мәлімдей аламыз. Біздің топтың отырысында бірінші кезекте елге барып, мәселені халықпен бірге талқылау қажеттігі айтылды. Ауыл­ға дейін барып, жұртшылықпен кезде­сіп, сол жерде негізгі сұрақтарды күн тәр­ті­біне шығаруымыз керек», деді М.Әбенов. Одан әрі жұмыс тобының жетекшісі бұқаралық ақпарат құралдарының мүмкіндігін тең жағдайда пайдаланудың да ортақ шешімге келуге жол ашатынын жеткізді. «Біздің жұмыс тобымызда БАҚ-та жер реформасына қатысты сыни көзқарастардың да айтылуына мүмкіндік берілу керектігі атап өтілді. Нақтылай айтқанда, комиссия мүшелеріне БАҚ-тар арқылы ұсыныс-пікірін айтуға тең мүмкіншіліктер беруіміз керек. Сондай-ақ, жер реформасына байланысты қалалықтардың да айтар пікірлері бар екенін ескеруіміз керек-ақ», деді ол. Мұрат Әбенов елімізде тұрғын үй салу үшін 1 миллионнан астам азамат жер алу кезегінде тұрғандығын айтып, осы мәселенің шешілуіне көмектесу керектігін де сөз етті. «Қолда бар мәліметтерге сүйене сөйлесек, елімізде үй салу үшін 10 соттық жер алу кезегінде 1 миллионнан астам азамат кезекте тұр екен. Оның үстіне соңғы кездері қоғам арасында бұл мәселе жер-жерлерде қызу талқылануда. Жаңа Бақытжан Сағынтаев мырза Жер реформасы бойынша комиссиясының ел ішіндегі абырой-беделі мен бұқара­ның сенімі жөнінде өте орынды пікір айтты. Соған қосымша, айтқым келе­тіні, егер жоғарыда аталған кезекте тұрған 1 миллионнан астам азаматтың мәсе­ле­сін оңтайлы шешіп, реттеп беруге атса­лысатын болсақ, комиссияға деген сенімділік те нығая түсетіні сөзсіз», деді М.Әбенов. Оның айтуын­ша, жер телімін алуға кезекте тұрғандарға дұрыс жауап берілмей жатыр. Заң бойынша әр азамат 10 соттық жер алуға құқылы. «Пәтері болса да, болмаса да әрбір азамат жер телімін алуы тиіс. Мұның шешілу жолдарын іздестіру керек. Мем­лекеттік орындар сол жерді дайын­дап беруге міндетті. Жер беруге мора­торий жарияланған. Бұл азамат­тар­дың наразылығын тудырады. Ауыл­шаруа­шы­лық жерлерінің мәселе­леріне қоса 1 мил­лионнан астам адамның жер телі­мін алуға байланысты талаптарын қарауы­мыз керек», деді ол. Бұған қоса, М.Әбенов жұмыс тобы­ның мүшесі Нұрлан Ерімбетовтің тара­пынан айтылған аграрлық салада қызмет ететіндердің құрылтайын өткізсек деген ұсынысты жеткізді. Сондай-ақ, ол аза­маттармен кездесу кестесін жасау керектігіне, барлық тараптардан түскен ұсыныстарды, БАҚ-тардағы, әлеуметтік желілердегі пікірлерді жинақтау қажет­тігіне назар аударды. Сонымен бірге, спикер аймақтарға ба­рар­дан бұрын мәселеге қатысты ақ­парат­­­тарды жүйелеу керектігіне мән берді. «Бiздiң ұсынысымыз, комиссия мүшелерi өңiрлерге барып, халықты тыңдаудан бұрын нақты сұрақтарды жинақтап, дайындауы керек. Қазiр дұрыс шешiм қабылдау үшiн тек азаматтар ғана емес, комиссия мүшелерiнiң өзiнде де, өкiнiшке қарай, толық ақпарат жоқ. Өткен жылы бұл Жер кодексi Парламентке барды. Парламентке барардың алдында арнайы зерттеу институттары, ғалымдар зерт­теулерін, ұсыныстарын бердi. Солар­дың мағлұматтарына сүйену керек. Сон­да жер реформасы жүргізілген жағ­дай­­­да қанша жұмыс орны ашылады, қанша ин­­вестиция келедi, қандай жер­лер­­дiң түрлерi бар, кiм оны иеленiп отыр деген­дей мәселелерге қатысты айтар нақ­ты ақ­пар­атымыз болғаны жөн. Менiң ойым­ша, комиссия мүшелерiне ақпа­рат­­тың барлығы берiлуi керек», дедi М.Әбенов. Сөзінің соңында ол «Әзірге біз нақты шешім шығармайық. Мен де әріптестерімнің пікіріне қосыла­мын. Елге барып, халықпен кездесейік. Олар­ды ақ­параттандырайық. Жиындар өткі­зіп, олардың пікірлерін тыңдайық», деді. Дос Көшім бірінші кезекте өзі жетек­шілік ететін жұмыс тобының атауын нақтылап алуға назар аударды. Оның сөзіне қарағанда, бұған дейін «Рәсім­дер­дің ашықтығын қамтамасыз ету үде­рісі бойынша ұйымдастырушы­лық топ» деп аталған жұмыс тобы енді «Ауыл­шаруашылық жерлерін жеке­мен­шікке сатуды, не жалға беруді жүзеге асырудағы жауапты мемлекеттік ор­­ган­­дардың іс-әрекетін, заңдылығы мен ашық­тығын қамтамасыз ету бағы­тын­дағы ұсыныстарды жинақтау тобы» бо­лып ата­латын болды. Сондай-ақ, ол топ­тың жұ­мысына қатысты қысқаша айтып өтті. «Бiздiң тобымыз бейсенбi күнi өз отырысын өткізді. Өкiнiшке қарай, жиынымызға бес адам ғана қатысты. Өйткені, бiздiң топтағы азаматтардың көбi Алматыда тұрады. Сондықтан бiз екi мәселенi – ережелердi жақсарту және қазақстандықтарға жер сату немесе сат­пау мәселесiн қарастырдық. Бізге Ауыл шаруашылығы министрлігі жерді бөлудегі ережелерді тапсырды. Тобымыз­дың отырысында екі ұсыныс болды. Оның бірі – жерді қазақстандықтарға, яғни ешкiмге сатпау керектігі. Екiншiсі – нақты шарттар қойыла отырып, қазақстандықтарға жерді сату қажеттігі. Қазіргі таңда халықтың арасында осы күнге дейін «Қазақстанның жерінің бәрін сатып алған бес адам бар, он адам бар», деген ақпарат жүр. Біреулердің аты, енді біреулердің тегі аталады. Ақпа­рат нақты емес. Менің ойымша, бұн­дай мәліметтер ашық жариялануы тиіс. Соңғы мәліметтер бойынша жер кімнің қолында екенін халық білсін. Кім қанша жер сатып алды, ол кім? Егер бұл мемлекеттік құпия болмаса, халық оны білуі керек», деді Д.Көшім. Оның айтуынша, жұмыс топтары аймақтарға барып, халықпен тілдесіп, ауылдарда, аудандарда жерді бөлу үдерісінің қалай өтетінін көру керек. Өз кезегінде Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов еліміздегі ауылшаруашылық жерлеріне талдау жасалғанын, жердің құнарлылығын сақтау, мал шаруашылығы жерлеріндегі жайылымдық және шабындық жерлерді қамтамасыз ету, кейбір жекеге өтіп, игерілмеген жерлерді мемлекет менші­гіне қайтару секілді жұмыстардың атқарылып жатқанын атап өтті. «Қазіргі таңда пайдаланылып жатқан ауылшаруашылық жерлерiнiң бар болғаны 1 пайызы жекеменшiкте болса, қалғаны жалға берiлген. 57 млн. 512 мың гектар жер шаруа қожалықтары­ның еншiсiнде, 40 млн. 239 мың гектар жерді мемлекеттiк емес кәсiпорындар алып отыр. Жиырма жылға дейiнгi мерзiмге жалға берiлген жер небәрі 10 пайыз. Ал 25 жылдан 49 жылға дейiн жалға берiлген жерлер 90 пайыз немесе 236 мың 771 жер учаскесi. Шетелдiктер және олармен бiрлескен кәсiпорындарға берiлген жер көлемi алғашқы кезде 65 мың гектар болған, ал ендi бүгiнгi таңда бұл жер көлемi одан да азайып отыр. Бұл жердiң 45 мың гектары заңды тұлғалардың, 2,4 мың гектары жеке тұлғалардың еншiсiнде. Бұл 45 мың гектардың 32,6 мың гектары қайтарылды. Одан бөлек, 12,3 мың гектар кезiнде Малайзия, Біріккен Араб Әмірліктері, Ливан мем­ле­кеттерiнiң өкiлдiктерiмен бiрге құрылған кәсiпорындардың еншiсiне берілген жерлердi де сот қарап жатыр. Яғни, бұл жерлердi де қайтару жұмыстары жүргізілуде», деді А.Мырзахметов. А.Мырзахметов жекеге жер алған­дарға қойылатын талаптың қатаң екенін атап көрсетті. «Ауылшаруашылық субъектiлерiнiң орташа жер көлемi әрбiрiнiң мәр­тебесiне қатысты. Сондай-ақ, жерді жекеге алған­дарға қойылатын шарттар да аз емес. Бүгінде шаруалар мен фермерлiк қожалықтар жалға алған жердiң орташа көлемi 269 гектар. Серiктестер және акционерлiк қоғамдардағы жердiң көлемi 5 мың 171 гектар. Кооперативтерде 1 мың 674 гектар, басқа мемлекеттiк емес ұйымдарда – 420, ал мемлекеттiк ауылшаруашылық ұйымдарына 2 мың 477 гектар жер тиесілі. Ал жер меншікке берілген жағдайда қойылатын талаптар да қатаң. Осы заңда жалға алған кезде оларға қандай талаптар қойылады, мемлекеттiк бақылау қалай жүргiзiледi деген сұрақтар бар. Жер кодексiне сәйкес және ауыл шаруашылығы мақсатын­дағы жерлердi ұтымды пайдалану қағидаларына сәйкес бiрнеше мiндет айқындалған. Жердi оны нысаналы мақсатына сәйкес пайдалануды қада­ғалау, жүзеге асырылатын шаруа­шылық халықтың денсаулығы мен қор­шаған ортаға зиян келтiруiне, сан­и­тарлық-эпидемиологиялық, эколо­гиялық жағдайдың нашарлауына, топырақтың ластануына, тозуына, қоқыстануына, оның құнарлылығының төмендеуiне жол бермеу, жердiң құнар­лылығын сақтауды және арттыруды бақылау, негiзгi ауылшаруашылық дақылдарының белгiлi бiр деңгейiн сақтау және арттыру, мал шаруашылығы өнiмдерiн өндiру кезiнде жайылымда оңтайлы жүктеменi қамтамасыз ету – осы мiндеттер заңдарда қаралған», деді министр. Оразалы Сәбден өз кезегінде жерді шетелдіктерге жалға бермей, қазақ­стандықтарға сатпай, заңнамаларды, мемлекеттік тетіктерді тиімді пайдалану арқылы жер реформасын жүргізу қажеттігіне назар аударды. «Жерді қазақстандықтарға сату және шетелдіктерге жалға беру жөніндегі баптарды алып тастау керек. Біз кетеміз, жер қалады. Сондықтан, жерді ұрпаққа ұқыптап қалдыруымыз қажет», деді О.Сәбден. Мұхтар Шаханов өз кезегінде жер бөлу ісінде аралас некедегі адамдардан келетін қауіп бар екенін ескертіп өтті. «Бұл үрдіс үлкен деңгейде жалғасып жатыр. Сондықтан, аралас некедегі адамдардан келетін қауіпті жер туралы заңға енгізуіміз керек», деді М.Шаханов. Сенат депутаты Қуаныш Айтаханов өз сөзінде жер реформасының мәселелері тек жерді сату және жалға беру арқы­лы шешіле салмайтынын айта келіп, бұл түйткілдің ауыл шаруашылығына тікелей қатысты екеніне тоқталды. Осы орайда сенатор Қазақстанда ауыл шаруашылығындағы инвестиция басқа салаларға қарағанда, төмен екенін, ауыл шаруашылығын тиісті деңгейде дамыту үшін мемлекеттік бағдарлама құру керектігін, ал бұл бағдарлама­да ауылшаруашылық техникасын шығарудан бастап, оның өнімдерін өңдеп, дамыту, экспорттау мәселесін қарастыру қажеттігін айтты. «Түсініксіз жайттар көп әрине. Басты сала ауыл шаруашылығы деп бәріміз айтамыз, ал инвестиция салынып жат­қан жоқ тиісті деңгейде. Бұл саладағы инвестицияның көлемі басқа салаларға қарағанда төмен. Әрине, жеңіл көлік пен локомотив шығару кәсіпорындары керек-ақ шығар. Ал ауыл шаруашылығы саласын дамыту одан да маңызды ғой. Біз қашан осы салаға инвестиция салуды дұрыстап қолға аламыз? Осы комиссияның құзы­реттілігін пайдалана отырып, жерді жал­ға беруді егжей-тегжейлі нақтылай көр­сетіп, агроөнеркәсіптік мемлекеттік бағ­дар­ламаның жобасын ұсынсақ жөн болатын секілді. Менің ойымша, жаңа технологияларды әкелетін, жергілікті тұрғындарды жұмысқа тартатын инвесторлар ғана болса, жерді соларға 10 жыл мерзімге беру керек. Ал енді қай жерлерді беру керек дегенге келсек, ол жерге шекара­лық аудандардан ешқандай да жер беріл­мейді деп нақты көрсетілгені мақұл. Сонымен қатар, шетелдік компания­лар мен бірлескен кәсіпорындарда акциялардың үлес салмағында жергілікті азаматтардың үлесі басым болғаны дұрыс», деді Қ.Айтаханов. Оның сөзіне қарағанда, ауыл шаруа­шылығын өркендету үшін «Жайылым туралы», «Қосалқы шаруашылықты дамыту туралы» заңдарды қабылдамай жер реформасын толықтай шешу еш мүмкін емес. Сондай-ақ, «2005 жылы жеке үй құрылысы үшін жер теліміне кезекке тұрған 95 мың адам болған. Ал он жыл ішінде олардың саны 1 млн. 400 мыңға дейін артқан. Осының бәрі жерді жекеменшікке бермеудің салдары. Инфрақұрылым жоқ дейміз, ал оған неге қаражат бөлінбейді», деді Қ. Айтаханов. Мәжіліс депутаты Жексенбай Дүйсебаев 188 млн. гектар жайылымы бар Қазақстанда мал өрісі тарылып кеткеніне назар аударды. «Қазір елді мекендерде мал бағатын жер қалмады деген сөз жиі айтылып жүр. Бұл мәселенің туындауының да орны бар. Өйткені, елімізде «Жайылымдар туралы» заң жоқ. Егер осындай заң болса қазір көтеріліп жатқан мәселелер қызу талқыланбас еді», деді Ж.Дүйсебаев. Оның сөзіне қарағанда, осы олқылықтың орнын толтыру үшін арнайы заң жобасы қаралып жатыр. Депутат осы орайда комиссия мүшелерінен ұсыныстар күтетінін жеткізді. «Аталған заң жобасында ауылдың төңірегіндегі және шалғайдағы жайы­лымдарды реттеу қарастырылған. Сонымен бірге, жоспарлау жүйесі де жолға қойылып отыр. Мәселен, ауылдың іргесіне қанша мал бағылуы керек? Елді мекендерде қанша мал ұсталып, қаншасы жайлауға шығарылуы керек? Міне, осының бәрін заңда қамтығымыз келеді. Бұл оңай шаруа емес. Дегенмен, осы заңды қабылдасақ, жайылымдық жерлер туралы көптеген түйткілді мәселелер шешіледі деп ойлаймын», деді Ж.Дүйсебаев. Бұдан бөлек, депутат жерді тиімді пайдаланудың тетігі ретінде оған жеке­меншіктің енгізілуі керектігіне де назар аудартты. «Жер халықтың игілігі­не толыққанды айналуы үшін тиісті шаралар қабылдануы қажет. Өкінішке қарай, ауыл шаруашылығы саласындағы жерлерді тиімді пайдалана ал­май келеміз. Қазақстанда 100 миллион­нан астам гектар жер қолданыссыз қалып, айналымға енбей отыр. Неге? Өйт­кені, қомақты қаражат жоқ. Қара­жат болмаған соң жаңа технология да келмейді, еңбек өнімділігі де арт­пай­ды, өнім де шықпайды. Сондықтан да, ондай технологияны сырттан алмасақ, қайдан аламыз? Бұл ойланатын мәселе», деді комиссия мүшесі. Бұдан бөлек, ол қолында озық технология­сы, қаржысы бар шетелдіктердің әлеуетін орынды пайдалану керекті­гін, бірақ олар барынша қазақстан­дық мамандарды, жұмысшыларды тартуы тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ, депутат шетелдіктердің талабы­на орай мамандарымыздың білікті­лігі жетіспей жатса, онда әлгі инвестор­лар қазақстандық азаматтарды оқы­тып, дайындауы керек деп есеп­тейтінін жеткізді. Жалпы, отырыста 35 адам сөз сөйледі. Олардың барлығы елдік мүддеге қатысты өз пікірлерін жеткізе білді. Олардың айтқан ұсыныстары, пікірлері комиссия тарапынан ескерілетінін айта кетуіміз керек. Жиын қорытындысында комиссия мүшелері келесі жиынды аймақта өткізуге уағдаласты. Отырыс соңында комиссия төр­ағасы, Премьер-Министрдiң бiрiншi орынбасары Бақытжан Сағынтаев өз ойын білдірді. «Бір қуанарлығы, бүгiн сөз алған азаматтардың барлығының айтқаны – елдiң бiрлiгi, тұтастығы, татулығы. Осыны ешқашан естен шығар­майық. Бүгін біз жерді жалға беру турасында әңгіме қозғадық. Ауыл шаруашылығы саласын дамыту жайын талдадық. Бәріңіз түрлі пікірлер айт­т­ыңыздар. Мен де өңірлерге барып, халық­пен кездесуді құптаймын. Енді біз өңірлерге алғашқы сапарымыздың күнін, баратын азаматтардың санын белгілейміз. Халықтың алдына шығып, олардың пікірін тыңдаймыз», деді ко­мис­сия төрағасы. Оның айтуынша, ко­мис­сияның келесі отырысы алдағы 4 мау­сымда Ақмола облысында өтеді. Жолдыбай БАЗАР, Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан»
Соңғы жаңалықтар