Оны қалыптастыруда әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің алатын орны айтарлықтай
Алда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің Хатшылығы ұйымдастыратын «Дін терроризмге қарсы» халықаралық конференциясының бүгінгідей мазасыз заманда алатын орны мен уақтылығы зор екендігі айтпаса да түсінікті. Осы жаһандық деңгейдегі алқалы басқосу қарсаңында ұлтаралық татулық пен дінаралық келісім, яғни қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз ететін негізгі факторлар ретінде осы екі мәселеге қатысты ойымызбен бөлісуді жөн көріп отырмыз.
Бұл тұрғыда алдымен атап өтетін жайт – халықаралық аренада жауапты әрі сенімді әріптес және жаһандық үнқатысу алаңының бастамашысы ретінде Қазақстанның имиджін қалыптастырған жетістіктері әлемдік қоғамдастық тарапынан мойындалған. Осы орайда, этносаралық және конфессияаралық келісім, барлық адамдардың өзара түсіністігі мен теңдігі Қазақстан қоғамының тұрақтылығы мен тұрақты дамуын қамтамасыз етудің формуласы болып келе жатыр.
Қазақстан Республикасы өзінің күш-жігерін аталған құндылықтарды халықаралық аренада орнықтыруға жұмылдыруда.
Соңғы жылдары әртүрлі факторларға байланысты әлемде айтарлықтай өзгерістер орын алып отыр.
Халықаралық қоғамдастықтың күш-жігеріне қарамастан, Жер шарының әртүрлі аймақтарындағы қақтығыс ошақтары азаяр емес. Халықаралық терроризм қаупі өсе түсіп, салдарынан мыңдаған кінәсіз адам көз жұмып, он мыңдаған адам баспаналарын тастап кетуге мәжбүр болуда. Бүгінгі күнде әскери қақтығыстар орын алып отырған елдерден жан сауғалаған сан мыңдаған босқындарды қабылдап отырған Батыс Еуропа елдері де осындай жағдайлардың салдарымен бетпе-бет қалуда.
Халықаралық қоғамдастық осы және басқа да заманауи қауіп-қатерлерге жариялылық, өзара құрмет және өзара түсіністік қағидаттарына негізделген жаһандық қауіпсіздіктің жаңа парадигмаларын құра отырып жауап беруі тиіс.
Осы бағытта қабылданған әрекеттердің жалпыға ортақ ұстанымы барлық мемлекеттер мен халықтардың күш-жігерін біріктіруге, бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етуге тұғырлануы тиіс.
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV саммит жұмысы аясында әлемдік қоғамдастықты құрап отырған ұлттардың заманауи қоғамдағы соғыстар мен қақтығыстарды болдырмауға қатысты жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталған «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі» іргелі құжатын ұсынды.
Осы ретте, біздің еліміздің жаһандық деңгейде өзара түсіністікті қалыптастыру мен дамытуға айтарлықтай үлес қосып отырғанын айта кетуіміз керек. Бұған Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен 2003 жылдан бері өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері дәлел бола алады.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі осы жылдар аралығында оның шеңберінде әртүрлі діндер мен мәдениеттер өкілдерінің арасында бейбітшілік пен өзара түсіністікті нығайтудың, жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің өзекті мәселелері талқыланатын бірегей үнқатысу алаңына айналып үлгерді.
Съездің жасампаздық әлеуеті үнқатысу мен келісімді нығайтудың негізі болып қана қоймай, бұдан кейін де мемлекеттер мен қоғамдардың адамзаттың маңызды басымдықтары болып табылатын бейбітшілік, келісім, өзара құрмет, үйлесім мен ынтымақтастықта тұрақты дамуының іргелі тұғырнамасы ретінде қала беретін болады.
Осы тұрғыдан айтар болсақ, дінбасылардың, саясаткерлердің, сарапшылар қауымдастығының, бұқаралық ақпарат құралдарының, жалпы алғанда, ізгі ниетті барлық адамдардың белсенді рөлі осынау стратегиялық мақсатқа қол жеткізудің басты шарттарының бірі болып табылады.
Осындай ізгі бастаманың негізі біздің елімізде, елордамыз Астанада қаланғандығы қуантады.
Съездің даму динамикасы форум беделінің тұрақты өсіп отырғанын, оның заманауи әлемде туындап отырған күрделі сауалдарға бірлесіп жауап іздеу үдерісінде ықпалының артып отырғанын көрсетеді. Сондықтан Астана дінаралық форумы шеңберінде діни лидерлердің, саяси және қоғам қайраткерлерінің, сарапшылардың қатысуымен іске асатын дәйекті үнқатысудың өзектілігі әрқашан сақталып қала береді.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съездерінің жұмысы шеңберінде саяси қайраткерлерден ғана емес, сондай-ақ, әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінен үлкен күш-жігер салуды талап ететін мәдениеттер мен діндердің өзара әрекеттесуінің, дінаралық және этносаралық қатынастардың үйлесімдігінің жаңа моделін орнату жан-жақты талқыланады. Астана форумының қызметінің негізіне тең құқықтылық, өзара құрмет, бір-бірінің мүдделерін мойындау, ынтымақтастық пен өзара түсіністік қағидаттары салынған.
Бүгінгі таңда адамзаттың болашағына немқұрайлы қарамайтын барлық адамдардың Жер бетінде бейбітшілікті сақтау бойынша ауқымды диалогты қалыптастыруға бағытталған Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық бастамаларының шынайылығы мен өміршеңдігіне сенімді болуы осыған негізделеді.
Осы ретте, «Бір адам жерде із қалдырады, жүз адам – соқпақ тебеді, мың адам – жол салады» дейтін өмір даналығын басшылыққа алар болсақ, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі алдағы ұзақ уақыттар бойы әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің, беделді саяси қайраткерлердің, ірі халықаралық ұйымдардың басшыларының жаһандық үнқатысу алаңы ретінде дінаралық және мәдениетаралық сұхбатты ілгерілетудің, заманауи әлемнің өзекті мәселелерін шешудің пәрменді құралы болып қала беретініне сенімдімін.
Марат ӘЗІЛХАНОВ,
Мәдениет және спорт вице-министрі