Құрметті қонақтар!
Қымбатты спортшылар!
Қадірлі жанкүйер қауым!
Қазақстан халқы атынан VII Қысқы Азия ойындарына жиналған баршаңызды ыстық ықыласпен қарсы алғаныма қуаныштымын. Әлем халқының тең жартысы мекендейтін Азия құрлығындағы бұл дүбірлі жарыс – биылғы жылдың ең үлкен спорт мерекесі. Біз мұндай құрлықтық шараны ТМД және мұсылман елдері арасында тұңғыш рет өткізіп отырмыз. Бұл жасампаз шараның Қазақ жерінде өтуі – елімізге көрсетілген құрмет пен сенімнің жарқын айғағы деп білемін. Бұл Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесінің беташар оқиғасы болады. Менің шақыруымды қабыл алып, байрақты бәсекенің ашылуына келген мәртебелі меймандарға ризашылық білдіремін. Азия Олимпиадалық кеңесінің президенті Ахмад әл-Фахад әл-Сабах мырзаға және Халықаралық Олимпиада Комитетінің президенті Жак Рогге мырзаға алғыс айтамын. Олимпиялық ойындар бүгінде елдер мен халықтар арасындағы достықтың алтын арқауына айналды. Байырғы байтақ мекенде бізді Азиада рухы жақындастыра түседі деп сенемін. Бұл біздің «Мақсаты бірдің – рухы бір» деген ортақ ұранымызда көрініс тапқан. Шығыс пен Батысты жалғаған ұлан-ғайыр Қазақ жеріндегі Азиада ойындары Астана мен Алматыда қатар өткізіледі. Еуразиядағы ізгілік пен бейбітшіліктің бесігіне баланған Астанада бүгін олимпиада алауы тұтанып отыр. Елордамызда қысқа уақыт аралығында халықаралық деңгейдегі ірі спорт кешендері пайдалануға берілді. Өздеріңіз көріп отырған, 30 мың адамға арналып салынған осы «Астана-Арена» стадионы соның жарқын айғағы. Ал Алматыдағы Медеу мен Шымбұлақта әлемдік талай рекордтар дүниеге келгенін баршаңыз білесіздер. Мен осы Азиада ойындарында да көптеген рекордтар жаңарады деп сенемін. Қымбатты достар! Спортта шекара жоқ, ол халықтарды біріктіреді. Биылғы жылы Қазақстанда өтіп отырған Қысқы Азия ойындарының тарихында бірінші рет оған қатысушылардың саны 27 елден асты. Мыңға тарта спортшылар спорттың он бір түрінен медальдарды сарапқа салады. Қысқы Азия ойындарымен біз Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған шаралар бетін ашамыз. Жаңа ғана Азия олимпиялық кеңесінің жалауы көтерілді, спортшылар мен төрешілер ант қабылдады. Мен әділ күресті ең лайықтылардың жеңіске жетуіне тілек білдіремін. Жанкүйерлерге қызықты көріністер мен жаңа әсерлі сезім тілеймін. Азиаданың ізгі алауы мәңгі достықтың белгісіне айналсын. Қадірлі қауым! Осымен VII Қысқы Азия ойындарын салтанатты түрде ашық деп жариялаймын! * * *Азиада аламаны
Астана мен Алматыда VII Қысқы Азия ойындарының жарыстары өтіп жатыр
БАСТАЛДЫ!
Жексенбі күні бірнеше жылдан бері тағатсыздана күткен күніміз де келіп жетті. Осы күні Астанадағы «Астана-Арена» жабық стадионында Қысқы Азия ойындары салтанатты жағдайда ашылып, Әл-Кувейт қаласынан бастау алған Азиаданың алауы алып аренада орнатылған Ойындардың бас қазандығында тұтанды. Бұл еліміз тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойының беташары іспеттес болған іс-шараға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, салтанатты рәсімге арнайы шақыртумен келген Қырғыз Республикасының президенті Роза Отунбаева, Әбу-Дабидың мұрагер ханзадасы Шейх Мұхаммед бен Заид әл-Нахаян, Азия Олимпиадалық кеңесінің президенті шейх Ахмад әл-Фахад әл-Сабах, Халықаралық Олимпиада комитетінің төрағасы Жак Рогге зайыбымен және Қысқы ойындарға қатысушы елдердің ресми делегациялары мен спортшылар, еліміздің жер-жерінен осы салтанатты шараны тамашалауға келген отандастарымыз бен шет ел туристері қатысты. Алдын-ала атап өтетін нәрсе, Азиаданың ашылу салтанаты өте орасан, отандастарымыздың өз елінде бұрын-соңды көрмеген зор ауқыммен ұйымдастырылды. Мұнда 10 мың шаршы метрді құрайтын экранның кеңістігінде 27 мың адамды 2 сағат 40 минөт бойы бейжай қалдырған жоқ. Ал Азиаданың ашылу салтанаты тура 10 минөт қалғанда кері уақыт санаумен басталды. Сөйтіп, алып таблодағы кері уақыт санау 19.00-ге келгенде ашылу рәсіміндегі мәтінгерлік хабарламалар тәртіпке сәйкес, Ойындарды қарсы алған елдің мемлекеттік тілі – қазақ тілінде және ағылшын тілінде жүргізілген соң, екі ақ боз ат мінген азамат мемлекеттік туды ұстап, алаңның жиегімен жүріп өтті. Осыдан кейін мемлекеттік туды Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов, әнші-композитор Ескендір Хасанғалиев, атақты спортшылар Әмин Тұяқов пен Жәнібек Сауранбаев алаңның солтүстік трибунасы жағында орнатылған сахнаға қарай алып шығып, Құрмет қарауылының капитаны Қанат Түзеұлы бастаған сарбаздарға табыс етті. Одан әрі мемлекеттік әнұран шырқалып, Азиадаға қатысушы елдер рет-ретімен көрермендер алдынан көрінді. Біздің ел жарысты алаңға қабылдаушы ел ретінде ең соңынан шықты. Жердің киесі мен елдің иесін танытқан дәстүрлі фольклорлық қойылымдар бірінен соң бірі 27 мыңға жуық көрерменнің көзайымына айналды. Төл тарихымыз бен ұлт мәдениетінің терең тамырынан сыр шерте білген барлық әуен мен ырғақ, көрініс пен қойылым айызымызды қандырғандай болды. Әсіресе, қанатты пырақ аттардың символикалық мәні айрықша әсер қалдырғаны сөзсіз. Өйткені, ол жай ғана қанатты ат емес, ол әлем өркениетіне көсіле шабатын нағыз пырақ болатын. Тұлпарлармен бірге дархан даналықты дарытатын аспан, жер, су, ауаның қадір-қасиетін білдіретін бейнесюжеттер экраннан көрсетіліп отырды. Ұлттық атрибуттардың үйлесім тапқан тұсы көк аспанға самғап ұшқан қыранмен сәйкес астасып жатты. Болашаққа көз жүгірте білетін, елдің ертеңін елден бұрын ойлай алатын көк бөрінің ұрпақтары өздерінің ешкімнен де кем еместігін тағы да бір дәлелдегендей. Әрбір театрландырылған музыкалық қойылымның өзіндік мән-мағынасы да болды. Нұржамал Үсенбаеваның орындауындағы ән аясында күннің ыстық шуағы мен нұрының астынан дүниеге сәби келді. Ананың жылы әрі пәк жүрегі мен ыстық ықыласына бөленіп өсіп, жүрегіне ұялаған махаббат Жер-Ана төсі – жазираға жетелей берді, жетелей берді... Содан барып сахналас көк айдынның ортасында қазақ жерінде дүниеге келген ғұламалар мен көсемдердің есімдері, туған жерлері жазылған үлкен кітап парақтала бастады. Жер-Ананың қадір-қасиетінен осындай әлемге әйгілі болған ұлт перзенттерінің халыққа мақтаныш болатынын әлемге жар салғандай әсер қалдырды. Шынымен де бұл айтылғандардың бәрі мақтануға тұрарлық құдіретті құндылықтар ғой! Сахна төріне жайғасқан оркестрлер назды әуендермен, күмбірлеген күй әуезімен қойылымдарға жарасымды өрмек тоқыды. Стадионға жиналған отандастармен бірге шетелдік меймандардың да көңіл аспандары күлімсірегендері жүздеріндегі жымиған келбеттерінен-ақ білуге әбден болады. Содан барып Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әуенінің сүйемелдеуімен айдын ортасына шаңырақ бейнелес көрініс кештің сән-салтанатын еселей түсті. Әлемдегі бейбітшілік пен еліміздегі ұлт бірлігінің терең мағыналық сипатын дәріптеген шаңырақ өз бейнесімен үлкен мағынаны меңзегенін отырған әрбір көрерменнің санасына саялағандай болды. Ұлттық саз-әуеніміз жайлы композитор Ринат Гайсин: «Біздің ұлттық әуендеріміз ешқандай мемлекетке, ешбір ұлтқа ұқсамайды. Әр мемлекеттің дәстүрі бар. Әр мемлекеттің әуендері бар. Мен ойлаймын, жалпы қазақтың музыкасы, мәдениеті ерекше. Осының бәрі ашылу салтанатында көрініс тапқанына қатты қуаныштымын», – деп ағынан жарылды. Үш сағатқа созылған ашылу жасампаз шараның ұйымдастырылу жұмысына ресейлік режиссерлік топтың белсене қатысқандарын арнайы атап өткіміз келеді. Адам жанын жадырататын талғамы жоғары кештің өз деңгейінде өткізілуі үшін бұл шығармашылық топтың да терең әрі байсалды ізденгендері көрініп-ақ тұр. Халықаралық талапқа сай, 30 мың адамға арналған стадион қонақтары сахнада беріліп жатқан қандай қойылым болмасын, ерекше ықыласпен қошеметтерін білдіріп жатса, әсіресе қазақстандықтар жағынан нағыз патриоттық сезімді аңғардық. Көрініс экрандағы найзағайға кезек берді. Осы кезде, тасқа қашалып салынған кісі бейнесі мен бұғылар көрсетілді. Жауынгерлердің би композициясы барысында биіктен түскен алтын адамның мүсіні мен көптеген ұлт өкілдерін өзінің бейбіт аспанының астына шоғырландырған қазақтың шаңырағын көрермендер ерекше ықыласпен тамашалады. Оркестрдің сүйемелдеуімен өтіп жатқан тұнып тұрған өнерді шетел қонақтары қызуқанды тамашаласа, жер-жерден жиналған өз отандастарымыздың қойылымды көру кезіндегі белсенділіктері үздіксіз соғылған қошеметтерден-ақ сезіліп тұрды. Алаң төріне жезтаңдай әншілер де келіп жетті. Дәл осы мезетте сахнаға Батырхан Шүкенов пен Роза Рымбаева ұлттық рухымызды одан әрі жігерлендіретін, Отан-Анаға деген сүйіспеншілігімізді арттыратын тамаша әндерін тарту етті. Бұл кезде ұлттық нақышта, ою-өрнектермен көмкерілген, шаңырағы барынша кең, босағасы берік киіз үй стадион алаңының қақ ортасынан жарқырай түсіп, босағаның рөлі мен маңызын адам баласы үшін игілігі мол екендігін аңғартты. Жалпы, Жер-Ананың сәнін келтіріп, ажарын ашатын табиғи заңдылықтың бірі – жаңбыр екендігі даусыз. Оны мұсылман елдері Алла тағаланың бізге жіберген нұры деп жатады. Сөйтіп, экранда «шелектеп» жауып жатқан нөсер көрінісі мен кадрдан тыс Жаратушының шапағаты мен нұры жайлы кең мағлұмат беріліп жатты. Көз алдымызға жаңбыр елестеп, табиғат біткеннің бәрі тазарып жатқандай әсер қалдырды. Сөйтсек, экрандағы жаңбыр дегеніміз сол-ақ екен, стадион ішінде шын мәніндегі жаңбыр жауып кетті. Бірақ, әрине жасанды жаңбыр. Тұнып тұрған логика, терең мағыналы сценарий... Алаң ішін көк пен жасыл түс аралас теңізді суреттейтін бейнекөрініс жаулап алғандай. Бір кезде, теңіздің бетінде бір қозғалыс байқалады. Өзі үлкендеу келген. Анықтап қарасақ кеме. Теңіз толқынынан әрі-бері шайқалып келеді. Жаңбыр болса әлі жауып тұр. Стадион іші 30 мыңдық адамнан ауасы тарылып жатқанда жаңбырдың жауғаны бүкіл Азиада қонақтарына жаңаша серпін бергендігін айтпай кетуге болмас. Жалпылама түрде айтқанда, бұл композициялар мен қысқаша эпизодтар мағынасы түркі тілдес елдерге таңсық негізде ұйымдастырылған болса, ұлттық нақышқа барынша көңіл бөлінгендігін көкірек керіп мақтанышпен айта аламыз. Азиаданың ашылу салтанатына келген қонақтардың басым көпшілігі де осы пікірде. Сан түрлі отшашулармен қатар арнайы экраннан көрсетілген бейне- көріністен жіті қараған жанға ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрлерімізден едәуір мағлұматтар береді. Мұндағы қыран бүркіт баптаған саятшы мен күмбірлеген домбыра үні де қай қазақтың да қанын қыздырмай қоймайтыны анық. Мың бұралған арулар билері мен зергерлік әшекейлер жасап жатқан бармағынан бал тамған шеберлер әрекеті де оны қараған өзге жұрттың да таңдайын еріксіз қақтырары сөзсіз. Қызылды-жасылды көмкерілген көріністер әсем билермен жалғасын тауып, ел намысын ту етіп жиналған жұрттың көңілін көтере берді. Сырға толы қобыз үні мен шаңқобыздың сазын да оны сағынған жұрт ынтыға тыңдады. Шаңқобызбен сазды әуенді Еділ Құсайынов нақышына келтіре орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Енді бір сәт Самұрық құс ұшты сахнада. Халық әні «Ақбақай» әуенімен қалықтаған қыран көрінісі де ерекше сезім ұялатты. Бельгиядан арнайы келген әнші Лара Фабианның шырқаған әнін стадиондағы халық ерекше ілтипатпен тыңдады. Әсіресе, жастар жағының оған деген құрметінің шексіз болғанын айрықша атаған жөн. Осыдан соң жасанды қар түсіру мен көрермендер жағынан салтанатты шараның көркін қыздыра түсу мақсатында арнайы ұйымдастырылған қар лақтыру шарасымен шоу өз жалғасын тауып жатты. Қорытынды сәт басы. Сахна төріне Азия Олимпиадалық кеңесінің туын Серік Қонақбаев, Владимир Смирнов, Людмила Прокашева, Әлия Жүсіпова, Кенже Сәрсекенова, Май Хван сынды елімізге белгілі спорт қайраткерлері көтеріп шықты. Осыдан кейін АОК-тің ресми әнұраны орындалып, оның жалауы биікте желбіреген Қазақстан туының жанынан бой түзеді. Дүбірлі доданың маңызы саналатын ашылу салтанаты мерекесі Астанада өтіп отырғанын ескерсек, қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов Ақ Азиадаға қатысушы спортшылар мен шараны арнайы тамашалауға келген қала қонақтарына, сондай-ақ барша қазақстандықтарға жүрекжарды тілектерін жеткізуді де назардан тыс қалдырмады. Жарысқа қатысушылар мен қонақтар алдында сөз сөйлеген Азия Олимпиадалық кеңесінің президенті Ахмад әл- Фахад әл- Сабах Қысқы Азия ойындарын жоғары деңгейде ұйымдастырған Қазақстан Президенті мен Үкіметіне, ұйымдастыру комитетіне, сонымен қатар Астана мен Алматы қалаларының тұрғындарына алғыс сезімін білдірді. Сондай-ақ, ол Азиада өтіп жатқан қос қаладағы еріктілерге, баспасөз өкілдері мен демеушілерге де өз ризашылығын жеткізе келе, қысқы спорт қуанышын бөлісуге шақыратынын да айтып өтті. Осыдан кейін мінбеге Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев көтеріліп, сөз сөйледі де Қысқы Азия ойындарын салтанатты түрде ашық деп жариялады. Азиада алауы салтанатты рәсім барысында бас қазандықта тұтанып, жанкүйер жұртты желпіндіріп жіберді. Әбілсейіт Айханов, Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлыханов, Ермахан Ыбырайымов, Бақтияр Артаев, Жәнібек Қандыбаев, Тимур Тұрсынбаев сынды саңлақтар күмбірлеген төкпе күй сүйемелдеуімен алауды салтанатты түрде жақты. Осы тұс шараны тамашалаушы халық рухты үнмен «Қазақстан!, Қазақстан!» деп ұрандап, отандастарымыздың тек жеңіс биігінен көрінулеріне деген тілектерін осылай жеткізіп жатты. Бұл олардың елімізге және отандас спортшыларға деген риясыз ақ пейілден туған жүрекжарды ықыластары еді. Иә, еліміздің абыройын асқақтатар осынау байрақты сында жерлестерімізге сәттіліктер серік болғай. Артында арқаланып дүйім жұрты тұрғанда отандастарымыз олжаны көптеп салады деген үміттеміз. Аталған шарадағы жанкүйерлер белсенділігі бізді осындай үлкен үмітті ойға жетелейді. «Егемен Қазақстанның» тілшілер тобы. ----------------------------------------- Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ, Б.СӘРСЕНОВ.