Кеше Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Діндер терроризмге қарсы» деген тақырыпта халықаралық конференция өтті. Оның жұмысына халықаралық ұйымдардың басшылары, шетел Парламенттерінің депутаттары, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының мүшелері, елімізде тіркелген дипломатиялық корпустың жетекшілері мен сарапшылары, еліміздің Парламентінің депутаттары және бірқатар министрліктің өкілдері қатысты.
Конференцияны Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ашты және жүргізіп отырды. Жиынға Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев қатысты.
Түсінікті түбегейлі өзгерткен терроризм
Жиынға төрағалық етуші
Қасым-Жомарт Тоқаев терроризм қазіргі заманғы өркениетке аса үлкен қауіп төндіріп отырған қатер екеніне қысқаша тоқталып өтті. «Осыған орай, терроризмге қарсы күрестегі күш-жігерімізді талқылау мақсатында тұңғыш рет осындай бірегей құрамда жиналған маңызды форумға қатысып отырғандарыңыз үшін біз сіздерге шынайы алғысымызды білдіреміз, – деді Сенат спикері конференцияны ашардағы сөйлеген сөзінде. – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі жиынға айрықша маңыз бере отырып, форумға қатысушыларға өзінің Үндеуін жолдады».
Осыдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасының «Діндер терроризмге қарсы» халықаралық конференциясына қатысушыларға жолдаған Үндеуін оқып берді. «Бүгінде терроризм қатері халықаралық қауіпсіздік туралы түсінігімізді түбегейлі өзгертті. Терроризм шекара талғамайды, бай және кедей ел деп бөлмейді. Осынау қауіпке тойтарыс беретін бірегей әрі жалпыға ортақ шешім әзірге жоқ. Сондықтан бұл жаһандық індетке лайықты қарсы тұру жолында бірлескен күш-жігерімізді еселей түсуіміз қажет, – делінген Мемлекет басшысының Үндеуінде. – Терроризм идеяларын жою үшін бір кісідей жұмылу, саяси қайраткерлердің, діни жетекшілердің, қоғамдық пікір көшбасшылары мен бұқаралық ақпарат құралдарының ағартушылық бағыттағы кең ауқымды жұмысын жүргізу аса маңызды».
Бұдан соң Президент өзінің «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесіне тоқталды. «Мен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының отырысында терроризм мен экстремизмге қарсы тұра алатын бірыңғай әлемдік желі құруды, сондай-ақ, осы саладағы халықаралық құқықтық базаны жетілдіруді ұсындым. «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесімде барша адамзатты жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты̀ сақтауға шақырдым. Бұл ретте түрлі конфессиялар, діндер, мәдениеттер мен өркениеттер өкілдері арасындағы өзара түсіністіктің маңызы айрықша».
Елбасымыз өз Үндеуінде қатысушылар назарын осы жиынның маңыздылығына аударады. «Діндер терроризмге қарсы» атты халықаралық конференция Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі аясында сәтті өтіп жүрген саяси және діни қайраткерлер үнқатысуының бірегей форматын дамытуға айрықша серпін береді, – деп атап өтеді Президент. – Осы форумның Астанада өтуінің өзіндік мәні бар. Жүзден астам этнос өкілдері тұратын Қазақстан халқы
«әралуандық арқылы бірлік
» қағидатын ұстанады. Бұл біздің халқымызға сан түрлі қиындықтарды еңсеру, әлеуметтік-экономикалық даму жолында зор жетістіктерге жету үшін күш-қуат берді».
Мемлекет басшысы конференцияға нәтижелі жұмыс тілей келіп, жиында тың идеялар ұсынылатынына сенім білдіреді. «Бүгінгі басқосу мәдениеттер мен діндер үнқатысуы тәжірибесін байыта түсетініне және сіздердің тараптарыңыздан терроризмге қарсы іс-қимыл барысындағы діннің рөлін арттыруға бағытталған тың идеялар ұсынылатынына сенімдімін».
Елбасының Үндеуі ықыласпен тыңдалған соң, Қ.Тоқаев сөз сөйледі. Қазақстан Президентінің Үндеуі бүгінгі іс-шараның аса жоғары мән-маңызын көрсетіп отыр, деп бастады ол сөзін. Осыдан он үш жыл бұрын Н.Назарбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу туралы бастама көтерді, содан бері бұл бірегей форум Астанада тұрақты түрде өткізіліп келеді. Осыған дейін өткізілген бес съезд осы үнқатысу алаңының XXI ғасырда айрықша қажет екенін көрсетіп отыр. Осы жылдар ішінде съездің ауқымды құжаттамалық негізі қалыптасты, онда әлемдегі діни қайраткерлердің қазіргі заманның барлық өзекті мәселелері бойынша ортақ ұстанымдары мен көзқарастары көрсетілген. Олардың қатарында дінаралық үнқатысу қағидаттары, жаһандану жағдайындағы мәдениеттердің ықпалдастығы, жалпы адами құндылықтарды сақтау, өскелең ұрпақты тәрбиелеу, терроризмге қарсы іс-қимыл және басқа да мәселелер бар. Астана съездерінің құжаттары консенсус бойынша қабылданған, бірлескен іс-әрекеттердің нәтижесі болып табылады.
Бұдан кейін жиынға төрағалық етуші өткен жылы Астанада өткен съезге тоқталды. Оның тоқталып өткеніндей, 2015 жылы маусымда өткен форум съезді жетекші діни және саяси лидерлер үнқатысуының деңгейіне көтерді. Съезд жұмысына алғаш рет БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун, Иордания Королі Абдалла II, Финляндия Президенті Саули Ниинистё және барша діни көшбасшылар қатысты. Ал бүгінгі форум осы үнқатысуға жаңа серпін беретін болады. Осы жылдың басында әлемнің әр түкпірінде террористік актілердің кезекті толқыны орын алды. Біз террористердің іс-қимылдарының әдістері мен түрлері кеңейе түскендігін көріп отырмыз. Радикалды топтар тұрақты қаржыландыруға ие болып, қазіргі заманғы технологияларды тиімді пайдалануда әрі олар «квазимемлекеттік құрылым» мәртебесіне ашық түрде талаптанып отыр, деп жалғастырды сөзін спикер. Мұндай жаһандық қауіп-қатерге күш-жігерімізді біріктіру арқылы ғана қарсы тұруға болады. Қазақстан Президенті конференция қатысушыларына жолдаған Үндеуінде терроризмді оқшаулау тәжірибесінен оны жоюдың жалпыға бірдей стратегиясына көшуге табанды түрде шақырып отыр. Мемлекет басшысының ұсыныстары форумның қорытынды құжатында көрініс табады деп сенемін.
Сөзінің соңында Қ.Тоқаев дінге сенетін адамдардың сенімін қорлайтын жайларға да тоқталды. Біз дінге сенетін адамдардың сезімін қорлайтын экстремистердің дінге қарсы әрекетін айыптайтын ортақ позицияны ұстанғанымыз жөн, деді ол осы жөнінде. Бұл орайда, тағы бір міндет алға шығады: халықаралық-құқықтық деңгейде сөз бостандығы мен Құдайға тіл тигізудің аражігін ажыратып алған орынды. Бұл тұрақты түрде назар аударуды, үнқатысуды және өзара іс-қимылды талап ететін күрделі де жауапты жұмыс. Сондықтан біздің конференциямыз осы жұмысқа оң ықпал етуі қажет. Бүгінгі жиында терроризмге қарсы іс-қимылға лайықты үлес қосатын сындарлы да жемісті талқылау болады деп сенеміз.
Діндер әртүрлі, Құдай бір, адамдар тең
Алдымен сөз кезегін Біріккен Араб Әмірліктері Федералдық Ұлттық Кеңесінің төрайымы доктор
Әмәл Абдалла Әл-Кубейси алды. Сөзін осындай тамаша шараны ұйымдастырғаны үшін Қазақстан басшылығына алғыс айтудан бастаған ол одан әрі ойын терроризм мәселесіне аударумен сабақтады. Терроризм кедейшілік пен білімсіздіктен, басқа діндегілердің көзқарасын білмеуден және оларға толеранттылық жасай алмаудан басталады, деді шешен. Сондықтан бұл күресте зұлматтың алдын алу үлкен рөл атқарады. Террористік ұйымдар белең алған кедейшілік шегі шарықтаған өңірлерде діни төзімділікке үндейтін шаралар жиі өткізілуі керек. Олар мектепте ғана емес, үйде де, түзде де, телеарналарда да, интернетте де қатар беріліп жатқаны жөн. Қай күнде барлық халықтар ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде дейді ғой. Бұл күресте де осындай әдістерді қолдану керек. Діни ағартушылық фанатизмге беріліп кеткен өңірлерде халықтың көзін ашып, саналарға білім нұрын құяды. Сондықтан біз дінді ағартушылық арқылы түсіндіретін кең ауқымды білім кешеніне кірісуге тиіспіз, деді Ә.Әл-Кубейси.
Екінші сөз ЕҚЫҰ ПА Бас хатшысы
Роберто Монтеллаға берілді. Сөзін бүкіләлемдік тыныштық пен татулыққа қызмет ететін осындай шараны ұйымдастырып отырған Қазақстан басшылығына алғыс айтудан бастаған ол көтеріліп отырған тақырып төңірегіндегі біршама ойларын өзі қызмет ететін ұйымның шеңберіндегі шаралар негізінде әңгімелеп берді. Біз үшін осы аймақ елдерімен парламенттік үнқатысулар орнатудың маңызы зор. Біздің ұйымға Ванкуверден Владивостокқа дейінгі 57 мемлекет мүше екенін білесіздер. Олардың экономикалық дамуы, саяси ұстанымдары әртүрлі болғанымен, әлемдегі бейбітшілікті сақтауға олар кедергі бола алмайды. Керісінше, экономикалық жағдайдың әртүрлі деңгейде болуы бір-бірінің ұстанымдарын сыйлап, өзара төзімділік танытқанда дамудың даңғыл жолына бірлесіп түсіріп, жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жатқан елдерді де көріп жүрміз. Біздің ұйым да осыны қалап, барлық мемлекетке жақсы экономикалық жағдай туғызуды көздейді. Толеранттылық, төзімділік және өзара сыйластық, міне, осы қасиеттер ЕҚЫҰ-ның өз мүшелеріне таратып отырған дәндері. Барлық кикілжіңдердің тек қана келіссөздер арқылы шешілуі қажеттігін де біз үнемі насихаттап отырамыз. Соның ішінде дінаралық келіссөздер де біздің ұйымның басты ұстанымдарының жүзеге асуына өзінің игілікті ықпалын тигізе алады. Сондықтан біз діни төзімділік мәселесіне қатты көңіл бөліп, арнаулы мамандар ұстап отырмыз. Ұйымның Парламенттік Ассамблеясы да тамырын тереңге жіберген көптеген діни кикілжіңдер бойынша үнқатысуларды алға жылжытуда өзіндік алаңға айналып келеді, деді ол.
Одан кейін сөз Сауд Арабиясы Корольдігі Консультативтік кеңесінің мүшесі
Ахмад бен Мұхаммад әл-Гамдиге берілді. Ол өзінің сөзінде Саудия Корольдігінің терроризмнің кез келген түрін қолдамайтын бейбіт, толерантты ел екенін атап өтті. Біздің мемлекетіміз терроризмнің алдын алатын шараларды тиянақтылықпен жүргізіп отырады. Біз лаңкестіктің діні де, азаматтығы да жоқ деп санаймыз. Сондықтан, оны қай діннің атынан жасалса да құртып отырамыз. Саудия Корольдігі 2005 жылы терроризмге қарсы өткізілген конференцияның бастамашысы болды. Оның қорытындысы бойынша БҰҰ шеңберіндегі терроризмге қарсы орталық құрылды. Корольдік сол орталықтың 10 млн. доллар болатын бюджетін қалыптастыруды өз мойнына алды. Сөйтіп, терроризмге қарсы күрес орталығының күшеюі мен іс-әрекетінің тиімді болуына біздің еліміз өзінің қомақты үлесін қосты, деді шешен.
Одан әрі орталықтың жұмысына тереңірек тоқталып өтті. Оның халықаралық деңгейде жұмыс істейтіндігі де аталды. Одан әрі шешен Корольдікте терроризмге қарсы әрекет ететін қарулы топтың құрылып, қазір тиімді әрекет етіп жүргенін тілге тиек етті. Сөзінің соңында ол Сауд Арабиясы Корольдігі Ислам дінінің атынан жасалатын террористік әрекеттерді қатты айыптайтынын жеткізді.
Келесі сөз ЕҚЫҰ ПА вице-президенті, Грузия Парламентінің депутаты
Георги Церетелиге берілді. Өзінің сөзін шешен діннің адамзат қоғамындағы орны мен пайдасын көрсетуден бастады. Ал діни терроризм халықаралық тұрақсыздықтың көрінісі, ол саяси текетірестің түлегі, деді ол. Терроризмді құрықтау үшін оның алғышартын анықтау керек. Сонымен қатар, оны құрықтауды әскери қимылдармен ғана емес, керісінше, үнқатысулар арқылы адам қырғынына жол бермей жасаған дұрыс. Сондай-ақ, экономикалық, идеологиялық, тіпті, мәдени шараларды да қолдануға болады. Адамды сыйлау, оның құқы мен бостандығын аяққа баспау – терроризмнің алдын алудың ең басты алғышарты. Тек осылардың бірінің бұзылуы ғана террористік әрекеттердің өрістеуіне жол ашады. Одан әрі шешен өзі қызмет ететін ЕҚЫҰ ПА осы бағыттарда үлкен жұмыстар істейтінін тілге тиек етті. Сөзінің соңында шешен өзінің отаны Грузияда діни төзімділіктің берік қалыптасқандығы мақтан етуге тұрарлық екенін атап өтті.
Осыдан әрі сөйлегендердің арасында Латвия Республикасы Сеймінің депутаты
Ингунда Судрабаның сөздері де әсерлі шықты. Оның айтуына қарағанда, Латвия конфессияаралық және этносаралық үнқатысудың үлгісі болуға лайықты елдердің бірі екен. Бізде түрлі конфессиялар кикілжіңнен қашып, бір-бірімен достық қатынас орнатуға асығады. Бізде адамгершілікті қорғайтын арнайы қоғам бар. Ол басқа қызметтерімен қатар, діни бірлестіктердің де мүдделерін қорғап, оларға заңгерлік тұрғыда қызметтер де көрсетеді. Осының өзі діндер арасында өзара сенім тудырып, оларды дін атын жамылатын терроризмге қарсы күресте біріктіреді. Сонымен қатар, әлеуметтік сауалдамаларға қарағанда, Латвия тұрғындарының 40 пайызы өздерінің ешқандай дінге кірмейтіндігін айтқан.
Одан әрі шешен әлемдік қайшылықтар туралы айтып, ғалымдардың зерттеулерінше, 2016 жылы Жер тұрғындарының 1 пайызына барлық әлемдік байлықтың жартысы тиесілі болатынын жеткізді. Осыдан кейін қандай теңдік туралы айтуға болады? Біз күн сайын өзін ғана ойлап, барлық ырыздықты жеке-дара қалтасына басқысы келетін адамдар туралы естіп, біліп отырамыз. Олар үшін ең үлкен қазына тек ақша, пайда, әлеуметтік мәртебе. Адамгершілік және рухани құндылықтарды олар білмегенімен қоймай, қолдарынан келген жерде аяққа басуға тырысады. Екінші жақтан аштық, жетіспеушілік ұлғайып барады. Осының бәрі адамзаттың азуына соқтырары сөзсіз. Білім беру жүйесі де адамгершілік құндылықтарды таратуға емес, ақпарат алу бағытында ғана жұмыс істеп кетті. Осының бәрі адамдарды террористік актілер жасауға итермелейді. Олар терроризм арқылы армандаған дүниелеріне қол жеткізетіндей көреді, деп шешен лаңкестіктің төркіні кедейшілікте, соның ішінде рухани және адамгершілік қасиеттердің жоғалғандығында екендігін айтты.
Дін – бітімгершілік құралы
Әзербайжан Милли Меджлисі төрағасының орынбасары
Бахар Мұрадова өз сөзінде күн тәртібіндегі мәселенің өзектілігіне кеңінен тоқталды. Терроризм нақты бір өңірмен шектелмейтіндігін, экстремистердің діни ұранды өз мақсаттарына, қылмыс жолына пайдалануы қазіргі замандағы өзекті мәселе болып отырғандығын тілге тиек етті. Сол себепті оған қарсы күресте бүкіл тетіктерді пайдалануымыз қажет, деп бір қайырды сөзінің орайын. Әзербайжан да көп конфессиялы ел. Соған қарамастан, түрлі дін өкілдерінің ынтымағы жарасым тауып отыр. Елде жылына бір мәрте мәдениетаралық диалог өткізіліп тұрады. Оның негізгі мақсаты түрлі дін өкілдерінің басын біріктіру және өзара түсіністіктің маңызын арттыру болып табылады, деді Қазақстанның терроризмге қатысты ұйымдастырған жиынын тілге тиек ете отырып.
Әзербайжан Милли Меджлисі төрағасы орынбасарының пікірінше, экстремистік идеологияға қарсы пәрменді жұмыс жүргізу, сонымен қатар, ғалымдар саясаткерлермен бірлесе отырып, террористердің тұғырнамасына қарсы күресті жандандыруы қажет. Зорлықшыл идеяны озық идея ғана жеңіліске ұшыратады. Сол себепті діни құндылықтардың маңыздылығын күшейте отырып, діни ағартушылыққа басымдық бергенде ғана жұмыс нәтижелі болады.
Мәскеу Патриархатының дінаралық қатынастар бойынша сыртқы шіркеулік байланыстар бөлімінің хатшысы, Ресей Дінаралық кеңесінің атқарушы хатшысы
Дмитрий Сафонов өз сөзінде экстремистер діннің атын жамылып, өздерінің арам пиғылдарын жүзеге асырып жатқандығын жеткізді. Экстремистердің Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы жауыздықпен жүргізген қанды оқиғаларын сынға аламыз. Қасиетті діннің атын жамылып, олар өздерінің әрекеттерін іске асыруда. Геноцидтің кесірінен жергілікті тұрғындар елін тастауға мәжбүр болып, босқынға айналды, деді ресейлік мейман.
Дмитрий Сафонов экстремистерден зардап шеккен христиандар мәселесіне кеңінен тоқталды. Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуі, соңғы жылдар ішінде Мысырдан жүз мыңдаған христианның босқынға айналғаны әңгіме арқауына айналды. Алайда, әлемдік қоғамдастықтың бұл мәселеге жеткілікті көңіл бөлмей отырғанын, сол себепті халықаралық экстремизмге қарсы белсенді күрес жүргізу керектігін қаперге салды. Бұл өзекті мәселеде саясаткерлер мен дінбасылар бірлесіп әрекет жасағанда ғана тиімді нәтижеге қол жеткізуге болатынын, олардың бейбітшілікті орнықтыруда үлкен рөл атқаратынын жеткізді.
Иран Ислам Республикасы Ислам Консультативтік Кеңесі төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары
Саид Мұхаммад Хассан Абутораби-Фард өз сөзінде осындай алқалы жиынның бейбіт өмір сүруге ұйытқы болатындығын жеткізді. Иранның тәжірибесінде дін жақсы үрдістерге, ізгіліктерге жол салды, халықтардың бірігуіне жол ашты. Иран қазір Таяу Шығыстағы қауіпсіз елдің бірі болып табылады, деді Саид Мұхаммад. Ол террористердің түпкі мақсаты тереңде жатқандығын айтты. «Экстремизге қарсы күресте жеңіске жету шектеулі уақытта мүмкін емес. Экстремистер әлемнің барлық бөлігінде бір тілде сөйлейді – қоғамдағы ынтымақты бұзғысы келеді. Еуропадағы мешіттерді жару, Ирак пен Сириядағыдай шіркеулерді бұзу сондай ниеттен туындаған. Олар өздерін дұрыс жолдамыз деп есептейді, басқа діндермен диалогқа келе алмайды. Ең бастысы, террористер қауіп-қатерлерді пайдалана отырып, билікке жеткісі келеді», – деді ол.
Бүкіләлемдік буддистер қауымдастығының бас хатшысы
Фаллоп Тайиари болса, террористік әрекеттердің бүгінгі таңда бүкіл әлемге үрей туғызып отырғанын айта келіп, бірде-бір дін терроризмді қолдамайды деген пікірін шегелей жеткізді. Сондай-ақ, ол зорлық-зомбылыққа қарсы әрекеттерді еңсеру үшін діндер дұрыс білім таратуы қажеттігін, терең білім алмаған адам лаңкестердің қармағына оңай түсетіндігі туралы ұсынысы жиынға қатысушылардың ойынан шыққандай болды. Отбасында, елде ғана емес, жаһандық деңгейде бейбітшілік орнығуы керек. Шын мәнінде әрбір дін бейбітшілікті қолдайды және адамзат үшін ең маңызды мәселе – бейбітшілікті қамтамасыз ету. Әрбір діннің қағидаттары ақылды болуға, сонымен қатар, бейбіт қатар өмір сүруге шақырады. Дін зорлық-зомбылықтың емес, бітімгершіліктің үлкен құралы болып табылады, деді шешен.
Сөзінің соңында Фаллоп Тайиари: «Үйлесімділікпен бейбіт қатар өмір сүру үшін өзің де үйлесімділікті насихаттауың керек», деген Будданың қанатты сөзі бар екендігін айта келіп, жиынға қатысушыларды терроризмге қарсы күресті үйлесімділікпен жүргізуге шақырды.
ГФР Бундестагының депутаты
Аксель Фишер: «Осы лаңкестік әрекеттерге жауапкершілікті өздерін «исламдық» деп атайтын топтар алып отыр. Алайда, біз осы лаңкестік топтарды исламдық ұйымдар деп сипаттаудан бас тартуымыз қажет. Атап айтқанда, бұл ұйымдарда ислам атын жамылып, өздерінің талаптарын қоюға құқы жоқ», – деді. Осы орайда А.Фишер барша әлемді діни қауымдастықтарды қорғау керектігін, құндылықтарды лаңкестерге қарсы қолдану қажеттігін атап өтті. Ұлттық биліктер діни қоғамдастықтардың әлеуетін көбірек назарға алуы тиіс, диалог құру бағытында белсенді жұмыс атқаруы тиіс. Өз кезегінде бұл қоғамдастықтар бейбітшілікте өмір сүрудің ортақ құндылықтарын насихаттауға ерекше мән беруі керек. Біз білім беру мен әлеуметтік саясат арқылы лаңкестік ортаның құрылуына тосқауыл қоя аламыз, деді Бундестаг депутаты.
Король Абдалла атындағы Халықаралық дінаралық және мәдениетаралық орталықтың бас директоры
Фахад Абулнаср өзі басқаратын ұйымның мақсаты конференцияның мақсатымен астасатындығын жеткізді. Әртүрлі діндер арасында көпір орнатуға ұмтылыс. Түпкі мақсаты әлеуметтік теңдікке қол жеткізу. Бірде-бір дін оның атымен зорлық-зомбылық жасауға жол бермейді. Керісінше, дін терроризм мен экстремизмге қатысты мәселені шешудің жолы болып табылады, деді Фахад Абулнаср.
Халықаралық конференциядағы шешендердің сөзінің «бісмілләсі» Қазақстан Президентіне алғыс айтудан, ризашылығын білдіруден басталды. Әлемдік деңгейдегі өзекті мәселе төңірегіндегі жиынға бастамашылық танытқаны үшін. Не дейміз, елордада өткен конференцияның сауабы мол болсын дейміз-дағы.
Сауабы мол болсын демекші, конференцияның соңында «Діндер терроризмге қарсы» конференциясына қатысушылар мәлімдеме қабылдады. Ізгіліктің, бейбітшіліктің белгісіндей болған сол мәлімдеме дүниенің түкпір-түкпіріне таралатын болады. Ал оның қысқаша мазмұны төмендегідей.
Мәлімдеме – мән-жайды нақтылайтын құжат
Яғни, онда қатысушылар бірыңғай діни руханиятқа, халықаралық қауіпсіздікке және адамзаттың өркендеуіне төнген аса қауіпті және күрделі қатерлердің бірі ретінде барлық түрдегі және көріністегі терроризм мен зорлықшыл экстремизмді үзілді-кесілді айыптайтындықтарын айтады. Сандаған жазықсыз адамдардың өмірін қиып, адам құқықтары мен еркіндіктерін бұзып, тұтас ұлттар мен мемлекеттердің қасіретіне айналған, әлемнің түрлі аймақтарында орын алып жатқан қатыгез террористік актілер біздің жанымызды түршіктірді. Әлемнің кейбір аймақтарындағы діни қауымдардың қасіреттерін қайғыра қабыл аламыз. Жүз мыңдаған бейбіт тұрғын өз үйлерін тастап, террористер ғиззатты діни көшбасшыларға шабуыл жасауға ұмтылуда. Ежелгі діни ескерткіштер мен қасиетті орындарға үлкен зиян келтірілді, дейді конференцияға қатысушылар.
Сондай-ақ, олар өздерінің толеранттылық, бейбіт қатар өмір сүру және дінаралық диалог қағидаттарына қайта назар аудара отырып, діндер мен олардың символдарын қаралауға (диффамация) тыйым салу туралы БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарын қабылдаудың маңыздылығына ерекше назар аударады. Халықаралық терроризм діни ұрандарды жамылу арқылы адамның құқықтары мен еркіндіктерін таптап, адамзат өркениетінің мәдени және рухани мұрасына елеулі залал келтіріп, конфессияаралық үйлесімділіктің беделін түсіріп, оған қауіп төндіріп отырғанына зор алаңдаушылықпен қараймыз. Экстремизм мен терроризм идеологиясы діндердің гуманистік табиғатына қайшы келеді деп санаймыз және дінге сенушілердің конфессиялық-доктриналық көзқарастарын радикалдандыруға бағытталған террористердің ұмтылыстарын үзілді-кесілді айыптаймыз, өйткені бұл халықтардың рухани бірыңғайлануына және олардың өзара кемелденуіне, тұрақтылықты қамтамасыз етуге және халықаралық қауіпсіздікке орны толмас зиян келтіреді, дейді өздерінің мәлімдемелерінде қатысушылар.
Осы орайда олар мемлекеттер өз юрисдикциясындағы барлық азаматтарды террористік актілерден қорғау үшін шаралар қабылдауы тиіс екендігін мойындай отырып, терроризмге және зорлықшыл экстремизмге қарсы күрес тұрғысынан адамдардың құқықтары мен негізгі еркіндіктерін көтермелеу және қорғаудың аса маңызды екеніне айрықша назар аударады, сонымен бірге, экстремистік идеология алдында жастардың мейлінше әлсіз болып бара жатқанына қатысты ерекше алаңдаушылық білдіре отырып, барлық елдерді радикализацияның, терроризмнің және зорлықшыл экстремизмнің алдын алу үшін жастарды тартып, олардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған күш-жігерді еселей түсуге шақырады. Экстремистік идеологиямен күрес тұрғысынан жастарды тәрбиелеудегі әйелдер мен отбасының рөлін ерекше атап көрсетіп, экстремистік және террористік идеологияға ұтымды түрде қарсы тұру үшін халықты сәйкес діни біліммен және діни көшбасшыларды арнайы дайындықпен қамтамасыз етудің маңыздылығына назар аударады.
Түрлі саяси деңгейлерде шешімдер қабылдауға әйелдер мен жастарды қатыстырудың мән-маңызын баса көрсететін Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің 2250 және 1325 қарарларын қолдайтындарын айта келе, қатысушылар терроризм мен зорлықшыл экстремизмді бірде-бір нәсілге, этностық текке, ұлтқа немесе дінге балауға болмайтыны мен балануға тиіс емес деп сенетіндіктерін білдіреді.
Сонымен қатар, шараға қатысушылар БҰҰ-ның Жаһандық контртеррористік стратегиясын одан әрі ілгерілетуді қолдайтындықтарын айта келіп, мемлекеттерді осы стратегияны іс жүзінде іске асыруға күш салуға және терроризмнің халықаралық анықтамасын әзірлеу бойынша мәмілеге келуге шақырады. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жаһандық контртеррористік стратегия ережелері мен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарына сәйкес, БҰҰ-ның аясында жаһандық антитеррористік коалиция құру және БҰҰ-ның терроризммен күрес жөніндегі мәселенің бәрін қамтитын құжатын қабылдау туралы бастамасына қолдау білдіреді. Әлем қауымдастығын Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың соғыстар мен жанжалдар вирусын жою бойынша үйлесімді және жауапты іс-қимылдар ұсынатын «Әлем. ХХІ ғасыр» атты Манифесін қолдауға шақырамыз. Ядролық терроризм қаупіне байланысты ерекше алаңдаушылық білдіреміз. Әлем қауымдастығын ауқымы бойынша жаһандағы төртінші ядролық арсеналдан бас тартқан, осыдан 25 жыл бұрын Семей ядролық сынақ полигонын жауып, барша планетаның қауіпсіз болашағына теңдессіз үлес қосқан Қазақстанның жолын үлгі тұтуға шақырамыз, дейді халықаралық конференцияға қатысушылар өздерінің мәлімдемелерінде.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
Жақсыбай САМРАТ,
Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»