01 Маусым, 2016

«REPOS» – «жылдам жеңіске» жасалған алғашқы қадам

247 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Фото REPOSСоңғы бір-екі жылдың көлемінде елдің экономикалық өміріне елеулі өзгеріс енгізген жаңалықтың бірі – Бизнесті трансформациялау бағдарламасын яғни, Қайта жаңарту бағдарламасын ең алдымен ұлттық компания­лар іске асыра бастағаны белгілі. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының Қайта жаңарту бағдарламасының негізгі бағыты ретінде «Барлау және өндіру» бизнесі бойынша тиімділікті арттыруды айтуға болады. Әлемдегі мұнай бағасының құлдырауы бұл сегментке кері әсерін тигізбей қоймайды. Сондықтан ең алдымен осы фактіні есепке ала отырып, ұлттық компания «Барлау және өндіруді» трансформациялауда «жылдам жеңіске жету» жобаларын іске асыруды бастап кетті. Оның мәні – жекелеген кәсіпорындарда капиталды қажет ететін жобаларды емес, жеңіл іске асырылатын жобаларды бір компаниядан екіншісіне табысты тәжірибе жолымен енгізу. 2016-2017 жылдары «ҚазМұнайГаздың» сервистік және өндіру компанияларына 30 шақты жобаны іске асыру жоспарланған. «Жылдам жеңіске жету» жобаларының бірі Маңғыстау облысындағы «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамына енгізілгенін айтқан жөн. «REPOS» ақпараттық жүйесіне жуырда ғана тағы бір қосымша сынақ жүргізілген соң, өнеркәсіпке пайдалану туралы шешім шы­ғарылды. Бұл жобаны жасауға «ҚМГ Глобал Солюшнс Б.В.» жауапкершілігі шектеулі компаниясы филиалы мен ұлттық компанияның ен­шілес ұйымы – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өнді­ру» акционерлік қоғамының сарапшылары қатыс­т­ы. Жоба «Өзенмұнайгаз» АҚ базасында жасалды. «Мамандандырылған ақпараттық технология жүйесі – «REPOS» өндіруді оңтайландыруға талдау жасауға, ұңғымалардың өнімділігін, геологиялық және техникалық іс-шаралардың тиімділігін арттыруға және кен орындарын жедел басқару үрдістерін жақсартуға мүм­кін­дік береді. «Өзенмұнайгазда» тәжірибе сына­ғынан өткен соң «REPOS» ақпараттық жүйесі «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобының стан­дарты ретінде қабылдану керек», дейді «Қаз­МұнайГаз» ұлттық компаниясының перспек­тивалық даму жөніндегі басқарушы дирек­торы, «Барлау және өндіру» қайта жаңарту бағ­дарламасының жетекшісі Әлихан Байдүсенов. Оның айтуынша, бұл секілді жобаларды іске асыру қазіргі жұмыс істеп тұрған бірегей ақпараттық жүйені жаңғырту үшін қажет. Мұның ішінде мұнай өндіруді оңтайландыруда және су жіберу жүйесіне жедел мониторинг жүргізу, сондай-ақ жедел шешім қабылдау осы жобаның арқасында мүмкін болмақ. Сондай-ақ, «REPOS» ақпараттық жүйесі «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-тың қазіргі қызмет етіп тұрған мәліметтер базасымен біріктірілген. Бұл ұңғымаларға уақытында жауап қайтару бойынша өзекті ақпараттарды қадағалауға мүмкіндік береді. Бұған қоса Ә.Байдүсенов Қайта жаңарту бағдарламасының компания үшін өте маңызды екенін, соның бір көрінісі ретіндегі аталмыш ақпараттық жүйе бизнес-үрдісті жетілдіруді, ақпараттардың бірегей көзі негізінде шешім шығаруды, компанияның барлық деңгейде ашықтығын қамтамасыз ететінін атап өтті. «Ақпараттық жүйе өткен жылдың соңында орнатылды және бапталды. Сосын біздің компанияның жұмысшылары жүйені игеру мақсатында қажетті оқу оқып, кешенді тест тапсырды. Ағымдағы жылдың ақпан айында «REPOS» жобасының арқасында өндіру­ді оңтайландыру үдерісіне үш негізгі сипат­тама берілді: ұңғыма әлеуетін бағалау, су жіберуге талдау жасау, ұңғымаға гидродинами­калық зерттеуді енгізу. Қазіргі уақытта жүйе­ні «Өзен­мұнайгаздың» үш кен орнына пайда­лануға беруге қосымша тәжірибелер аяқталды», дейді «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директорының орынбасары Шолпан Пангереева. Маманның сөзіне сүйенсек, ақпараттық жүйенің бірқатар айқын тиімділіктері бар. Біріншіден, енгізілген жүйе өндірудің көлемін арттырады, сондай-ақ, өндіретін және айдама ұңғымалардың жұмыс режімін оңтай­ландырудың есебінен пайдалану шығындары қысқарады. Сондай-ақ, геологиялық-техни­­калық іс-шаралар үшін кандидат-ұң­ғымаларға басымдық беріледі, бұл да өндірудің көлемін арттырады. Екіншіден, пайдалану шығындарын азайту тиімділігі төмен іс-шараларды қысқар­туға, сорғы құрал-жабдықтарын дұрыс таңдауға әсер етеді. «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-тың еншілес ұйымдарында «REPOS» ақпараттық жүйесін кеңейту, және де ақпараттық жүйемен жұмыс барысында қызметтердің әрекеттестігі бойынша регламент енгізу жоспарлануда», дейді «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бас директоры Құрманғазы Есқазиев. Ол «REPOS» жобасының интеллектуалды кен орындары тұжырымдамасының құрамдас бөлігі болып табылатынын мәлімдеді. Интеллектуалды кен орындары тұжырымдамасы негізінде бола­шақта кемеліне жеткен кен орындарында мұнай өндіру 1-3 пайызға дейін артып, опе­рациялық шығындар 10 пайызға дейін кемиді. «Ембімұнайгаз» АҚ-қа тиесілі Уаз кен орнында тұжырымдаманың алғашқы нәтижесі тіркелгені де белгілі болды. «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ құрамындағы «Ембімұнайгазда» да мате­риал­дық-техникалық үрдістерді оңтайландыру, техникалық қызмет көрсету және мұнай кәсіп­шілігі құрал-жабдықтарын жөндеу бойынша жобалар іске асуда. Олар бір уақытта тиімділікті арттыру арқылы үрдістің шығынын кемітуге бағытталған. Алдын ала мәлімет бойынша материалдық-техникалық қамтамасыз етуді оңтайландыру үрдісі 2017 жылдың соңына қарай «Ембімұнайгаздағы» материалдық-тауарлы қорды қазіргі көлеміне қарағанда 60 пайызға дейін қысқартады. Бұл компанияның 2015-2017 жылдар аралығында 3 миллиард теңге үнемдеуіне алып келмек. «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бас директоры Қ.Есқазиев «жылдам жеңіске жету» тәжірибелерін акционерлік қоғамның барлық кәсіпорындарына енгізуге мүдделі екендіктерін жеткізді. Заманауи жағдайда өндірісті жаңғырту, құрылымдық трансформация, бизнес-үде­рістерді жақсарту, корпоративтік мәдениетті арттыру – бұл кез-келген компанияның бәсекеге қабілеттілігінің алғышарттары. Ал қазіргі таңда мұнай-газ саласында қалыптасып отырған қиын жағдайда бәсекеге қабілеттілік мәселесі тіпті алдыңғы орында тұрады. Сол үшін «жылдам жеңіске жетуді» барлық басшының қолдайтыны дау­сыз. Марат АҚҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»