Егемен еліміздің алдыңғы қатарлы ғылыми мекемелерінің бірі, отандық биология ғылымының айтулы көшбасшысы – Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігіне қарасты Микробиология және вирусология институтының құрылғанына 60 жыл толып отыр. Бүгінде Институт микробиология және вирусология саласында іргелі және қолданбалы зерттеулерді жүргізетін Қазақстандағы бірден-бір бірегей һәм маңдайалды ғылыми мекеме болып табылады. Оның жетістіктері, әсіресе, соңғы бес-алты жыл бедерінде тек біздің елде ғана емес, сондай-ақ алыс-жақын шетелдерде де кеңінен танымал. Институттың қазіргі таңдағы жетістіктері мен қарқынды дамуға бетбұрысы – оның бас директоры, еліміздегі белгілі ғалым-микробиолог, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, биология ғылымдарының докторы, профессор А.Қ.Садановтың ғылыми қайраткерлік, іскерлік басшылығымен жүзеге асырылуда. Мерейлі белесі қарсаңында біз мекеме басшысын әңгімеге тартуды жөн санап едік.
– Аманкелді Құрбанұлы, ең әуелі мерейтой құтты болсын. Екіншіден, Елбасы алға қойған орасан зор міндет – әлемнің дамыған озық 30 елінің қатарына тезірек кіруге септігін тигізер ғылыми әлеуеттің құрамдас бөлігі ретінде микробиология мен вирусологияның мән-маңызы, алар орны қандай?
– Рахмет. Дұрыс айтасыз. Маңызды міндеттерді мереке үстінде де қаперден шығармаған жөн. Микробиология және вирусология салалары әлемдегі қарыштап дамып келе жатқан заманауи ғылымдардың қатарына кіреді. Себебі, молекулалық биология мен генетикадағы көптеген тың жаңалықтар (ДНК кодын ашу, нуклеин қышқылдары мен белок молекулаларының құрылымын анықтау және т.с.с.) микроағзалар мен вирустарды зерттеу кезінде ашылған болатын. Сондықтан да ғалымдардың бұл салаларға, яғни микродүние мәйегіне деген қызығушылығы айрықша. Одан басқа, микроағзалар табиғи бірлестіктердің (биоценоз) бірден-бір ажырамас бөлігі. Демек, экожүйелер мен табиғаттағы биологиялық алуан түрліліктің тұрақтылығы, сондай-ақ топырақ құнарының сақталуы да микроағзаларға тікелей тәуелді. Ал вирустар болса, популяцияның санын шектеу мен түрлі ағзалар арасындағы генетикалық материалдардың тасымалы тақылеттес, табиғатта болып жатқан эволюциялық үдерістердің негізгі қозғаушы күші.
Олай болса, микробиология мен вирусология жетістіктерінің өндірістік маңызы орасан зор. Тарқатып айтар болсақ, ол – жаңа вакциналар, дәрілік және диагностикалық препараттар жасау, қоршаған ортаны техногенді ластанудан тазартатын микробиологиялық әдістермен қатар, микроағзалардың көмегімен органикалық, бейорганикалық қосылыстарды бөліп алу және оларды қайта өңдеу, биологиялық белсенді заттарды микробиологиялық жолмен синтездеу бағытындағы жетістіктермен сипатталады. Бұлар қолданбалы микробиологиялық және вирусологиялық зерттеулердің тек бір парасы ғана. Бұған қоса, аталған ғылым салаларының, әсіресе, жұқпалы аурулармен күрестегі рөлін ерекше атап айтқан жөн. Себебі, кейінгі уақытта жұқпалы аурулардың саны мен олардан келетін зардаптар күрт артып келеді емес пе.
– Ендеше, әңгіме бетін сіздер айналысатын ғылым саласының өмір мен өндірістегі нақты қолданбалылық сипатына аударсақ қайтеді?
– Бірнеше миллиардтаған пайда түсіретін Батыстың биотехнологиялық және фармацевтикалық өнеркәсібінің 80 пайызы микроағзалық және вирустық нысандармен байланысты. Сондықтан да отандық биотехнологияға негіз болуы және өз фармакологиялық өндірісі үшін микробиология мен вирусология салалары бойынша жұмыстарды қарқынды түрде дамыту – кезек күттірмес міндет. Сонымен қатар, Қазақстанның басқа да көптеген экологиялық проблемалары осы заманауи микробиологиялық жаңа технологиялардың көмегіне сүйене отырып шешімін табатындығына ешкім де шүбә келтірмейді.
Институттың ғылыми зерттеулерінің ауқымы кең және ол ең алдымен Қазақстан экономикасының дамуына бағытталған, яғни қоғамның әлеуметтік сұраныстарына жауап бере алатын заманауи ғылыми технологияларды пайдалана отырып, медицина, ауыл шаруашылығы мен қоршаған ортаның өзекті мәселелерін шешуге арналған жаңа отандық биопрепараттар жасауды көздейді. Жоғарыда аталған салалар бойынша институт ғалымдарының әзірлеген, тиімділігі өте жоғары биопрепараттары бүгінгі таңда республика өңірлерінде кең сұранысқа ие.
– Қазір қандай жобаларды іске асырып жатырсыздар?
– Мәселен, экологиялық проблемаларды шешу үшін институтта микроағзалардың қасиет-сапаларына негізделген жаңа биопрепараттар көмегімен қоршаған ортаны тазарту, нақтырақ айтар болсақ, әртүрлі себептермен құнары төмендеген топырақ пен ластанған суды қайта қалпына келтіретін бірқатар кешенді іс-шаралар атқарылуда. Оның үстіне, медицина мен ветеринария үшін адам мен малдың ішек ауруларының алдын алуға және оларды емдеуге арналған, сондай-ақ көп тараған дисбактериоз ауруына қарсы пробиотиктер жасалынып, оларды өндіріске енгізіп те үлгердік. Жаңа антибиотиктерді зерттеумен қатар, белгілі антибиотиктер продуценттерінің белсенділігін одан әрі арттыру бағытындағы ғылыми ізденістер де жүйелі түрде іске асырылуда.
Институт ғалымдары жүргізген зерттеулердің ішіндегі топ жарған жаңалықтардың бірі тері аурулары (зең) мен вирусқа қарсы кең ауқымды жаңа отандық розеофунгин антибиотигін әзірлеп шығару болып отыр. Осы антибиотик тері ауруларына ұшыраған адамдарды емдеуге арналған, тиімділігі өте жоғары отандық «Розеофунгин-АС» медициналық дәрілік препараты әзірленді. Бұл арада ескере кететін жайт, тері аурулары тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар, бүкіл әлемдегі денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелердің бірі болып табылатындығы баршаға мәлім. Соңғы уақытта бұл жұқпалы аурудың көбейіп, қарқын алып бара жатқандығы байқалады. Осыған жауап ретінде институтта бұл дәрілік биопрепаратты жоғары сапалы жақпа май түрінде шығаратын, бүгінгі күннің талап-сұранысына толық жауап беретін өндірістік желі де сақадай-сай дайын тұр. «Розеофунгин-АС» – республикада медициналық мақсатта қолданылатын алғашқы әрі әзірше отандық жалғыз антибиотик.
Микробиологиялық зерттеу бағытындағы жұмыста өнеркәсіптік тұрғыдан өте құнды микроағзалар штамдарын ұзақ уақыт сақтау, олардың белсенділігі мен сапасын арттыру және де тұрақты түрде коллекциялық қорды толықтырып отыру ерекше орын алады. Бүгінгі таңда институттың коллекциялық қорында микроағзалардың әртүрлі таксономиялық топтарының (бактериялар, актиномицеттер, мицелилі саңырауқұлақтар, ашытқылар) 300-ден астам штамдары бар. Сондай-ақ, елдің Ұлттық патенттік мекемесімен бірлесе отырып, «Өнертабысқа өтінім беру үшін микроағзалар штамдарын тіркеу ережесі» әзірленді. Оған қоса, өнеркәсіптік-құнды штамдар туралы мәліметтер енгізілген микроағзалар каталогы шығарылды.
– Ал енді ғылым ордасындағы микробиологияның қанаттасы – вирусология саласында жүргізіліп жатқан зерттеулер туралы не айтасыз?
– Институттың вирусолог ғалымдары Қазақстандағы адам мен жануарлардың және құс тұмауы вирусы ауруларының таралуына ұдайы мониторинг жүргізіп отырады. Осыған байланысты вирустардың генетикасы мен түрлерінің үнемі эволюциялық өзгерістерге ұшырап отыратындығына, жаңа штамдардың пайда болуына және оларға қарсы вакциналық, диагностикалық препараттар жасап шығару үшін штамдарды іріктеп алуға арналған ғылыми-зерттеу жұмыстары жүйелі де жоспарлы түрде атқарылады. Көп жылғы зерттеулер нәтижесінде, адам мен жануарлардан, үй мен түз құстарынан тұмау вирусының 200-ден астам жаңа штамдары бөлініп алынып, зерттелінді. Жаңадан бөлініп алынған тұмау вирусының штамдарына жүргізілген молекулалық-генетикалық зерттеулердің нәтижелері арқасында олар тіркеуге алынып, халықаралық деректер қорына енгізілді.
Институтта вирустық аурулармен күресу орайындағы иммунитетті көтеретін және де вирусқа қарсы жаңа препараттар әзірлеу мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Әсіресе, еліміздің өте бай жасыл әлемі ескеріле отырып, препараттардың құрамына өсімдік тектес, зиянсыз биологиялық қосылыстарды пайдалануға ерекше мән беріледі. Әрине, мұндай препараттардың құндылығы жоғары болатындығы сөзсіз, ол ағза үшін де қауіпсіз әрі вирустардың оларға мүлдем бейімделе алмайтындығы ғылыми дәлелденген.
– Зерттеулердің қолмен ұстап, көзбен көретін нақты нәтижелері бар ма?
– Институт ғалымдары химиялық құрылымы әртүрлі 250-ден астам өсімдік тектес қосындылардың вирустарды тежейтін және ағзаның иммунитетін көтеретін қабілетін зерттеді. Нәтижесінде, полифенолдар мен үштерпендер негізінде вирустардың өніп-өсуін тежеп қана қоймай, иммунитетті де көтеретін, вирусқа қарсы бірқатар препараттар жасалынды. Қазақстан өсімдіктерінен вирусты бейтараптандырушы белсенділігі жоғары «Иммувир»®, «Вироспан» және «Флавовир» препараттары алынып, патенттелінді. Олардың вирусқа қарсы белсенділігі шетелдік танымал дәрілік препараттардан да жоғары. Вакциналардың тиімділігін едәуір жоғарылататын өсімдіктерден дайындалған және де иммунитетті көтеретін «Асгипан-иммуно+»®, «Глабилокс-иммуно+»®, «Сапанокс-иммуно+»® препараттары дайындалып, олар да тиісті патенттерге ие болды. Қазіргі кезде осы препараттарға жүргізіліп жатқан клиникаға дейінгі сынақтар да аяқталуға таяу.
Осыған байланысты жақын арада Институт ғалымдары әзірлемелерінің арқасында еліміздің нарығында импорттық препараттардан кем түспейтін, тіпті, тиімділігі жағынан олардан озық, вирустық аурулармен күресуге арналған жаңа отандық вакциналар мен дәрілік препараттар пайда болады деп күтілуде.
– Осы игі істердің бәрін атқарып жатқан ғылыми кадрлардың біліктілігін арттыруға да баса назар аударатын шығарсыздар?
– Әлбетте, онсыз бола ма? Қазіргі таңда институт қызметкерлерінің жартысынан астамы 35 жасқа дейінгі жас мамандар. Келешегі зор жастар магистратура, PhD докторантурасында білімдерін ұштап жатыр. Онымен қоса, жас ғалымдарға жыл сайын әлемдік деңгейдегі ғылыми орталықтарда өз кәсіби біліктіліктерін арттыру мүмкіндіктері де қарастырылған. Институт қабырғасындағы талантты жас ғалымдарға арналып бюджеттен тыс қаражат есебінен академиктер А.Н.Илялетдинов пен Х.Ж.Жұматов атындағы атаулы стипендиялар тағайындалған.
Ерекше назар аударатын жайт, институттың халықаралық байланыстары да артуда. Айтар болсақ, Ресей Ғылым академиясының Микробиология институтымен (Мәскеу), Мәскеу мемлекеттік университетімен, Ресей Ғылым академиясының Скрябин атындағы микроорганизмдер биохимиясы және физиологиясы институтымен (Пущино, Ресей Федерациясы), Ресей Медицина ғылымдары академиясының Гаузе атындағы жаңа антибиотиктерді талғау жөніндегі институтымен (Мәскеу), Беларусь Ұлттық академиясының микробиология институтымен, Әзербайжан Микробиология институтымен, Ресей Медицина ғылымдары академиясының Д.И. Ивановский атындағы вирусология институтымен (Мәскеу), Ресей Медицина ғылымдары академиясының Тұмау институтымен (Санкт-Петербург), АҚШ Ауылшаруашылық департаментіне қарасты Ауылшаруашылық зерттеулер орталығымен, АҚШ Ауылшаруашылық департаментінің Оңтүстік-Шығыс құс аурулары зертханасымен, АҚШ Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі агенттігімен, АҚШ Оңтүстік Флорида университетімен бірлесіп ғылыми зерттеулер жүргізіп келеміз.
Қазіргі таңда Микробиология және вирусология институты Қазақстанның микробиологиялық және вирусологиялық ғылымдарының орталығына айналды. Институттың барлық жетістіктері еліміздің экономикалық, технологиялық және әлеуметтік игіліктерін нығайтуға қосқан салмақты үлесі мен нақты қайтарымы екендігі анық.
Әңгімелескен
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан»