02 Маусым, 2016

Cөз сойыл №28

370 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Соз-телСен не,  айтқаныма сенбеймісің!?

Әзіл-оспақ, сын-сықақ ҒҰМЫРНАМА Кеше: – Туған жерің? – Баласымын ауылдың. – Туған жылың? – 1917 жыл, құрдасымын октябрьдің, дауылдың. – Шыққан тегің? – Бай болыпты атамыз, Несін оның бүгін айтып жатамыз... Бас тартқанмын атамнан да, әкемнен, Бай-құлақты жеті ата ғып не етем мен? Пана болған партия мен үкімет, Коммунизм жолымен тек кетем мен. – Аты-жөнің? – Иманқұл ем, Иванқұлды қаладым, Фамилиям Интернатов, қарағым. Қытай асқан опасызды қайтемін, Неге сонша таңырқап сен қарадың? – Партияда барсың ба? – Бармын, Бар болғанда нармын... Партиядан басқа әкені білмеймін, Және дағы басқа жолмен жүрмеймін, Көйлегім көк, тамағым тоқ, Қалай ғана партияға кірмеймін. – Желтоқсанға көзқарасың? – Көзім ашық, бәрін де байыптаймын, Маскүнем, нашақорларды айыптаймын. – Арасында балаң болса біреуі? – Жо-жоқ, мүмкін емес жүруі. Партия үшін буындырам қолыммен, Тиісті емес оның өмір сүруі... Бүгін: – Туған жерің? – Кең қазақтың бір қыры. – Туған жылың? – 1917 жыл ғой, Қызылдардың қырғыны... – Шыққан тегің? – Бай болыпты атамыз, Кедейлерге жұмыс берген, мал берген, Қайсыбірін оның айтып жатамыз. Текті тұқым, тексіз болса егер де Маңыраған мал бітер ме еді, Жылқысына жал бітер ме еді! Бай-құлақ боп аласапыран жылдары Әкем де бар, талай қазақ ұлдары Қызылдардың қолыменен атылған. Ал тірісі Қытай асып, Тарыдай боп шашылған. – Аты-жөнің? – Азан шақырып қойған атым – Иманқұл, Амалсыздан болдым кейін Иванқұл, Фамилиям Малдыбаев, қарағым, Неге сонша таңырқап сен қарадың, Неге сонша таң қалдың?.. Білемісің, Интернатов болғаннан соң жан қалды. – Партияда барсың ба? – Коммунистер қатарында жүргенмін, Сол кезде-ақ «Америка дауысына» құлағымды түргенмін, Антисовет қанымда бар болғасын, Советтердің күйрейтінін білгенмін... – Желтоқсанға көзқарасың? – Кеше емес пе – жастар қаны аққаны, Ұлтшылдар деп күйе жаққаны. Мұз құрсанып, қарсы тұрып қаймықпай, Ашқан солар егемендік қақпаны... Бердібай КЕМАЛ АҚТӨБЕ Біз кім болдық? Зомбылық-зорлық Бастан өткеріп, Қуғын-сүргінде болдық. Заман түзеліп еді, Сарқып ішіп, Тартып жеп тойдық. Теледидарға телміріп, Газет оқуды қойдық. Рухани азығымыз – Кітап дүкенін жойдық, Оның орнына Зәулім тойхана тұрғызып қойдық. Өз тілімізді ұмытып, Өзгенің тілінде сайрайтын болдық. Ағайынның аты озса, Қуанудың орнына қызғанып, Тісімізді қайрайтын болдық. Дипломды таңдап жүріп, Сатып алатын болдық. Алтын балықты аквариумға қамап, Арман құсын атып алатын болдық. Әншілеріміз өлең айтуға ерініп, Сахнада жатып айтатын болдық. Тойға барсақ жегенімізді жеп, Жемегенімізді пакетке салып, Алып қайтатын болдық. Өзбек байыса там салады, Қазақтар байыса Екі қатын алатын болдық. Қалтамыз қалыңдаса, «Мерседесті» менсінбей Джип алатын болдық. Жер үйде жатқымыз келмей, Коттедж салатын болдық. Адамгершілігіміз азайып, Жағадан алатын болдық. Тұрмысы нашар туысты, Танымай қалатын болдық. Қайда барсаң да Бармақ басты, көз қысты, Сыбайлас жемқорлық – Сонда біз кім болдық?! Айтатынымыз көп еді Әзірге осымен болдық. Марат КӨПТІЛЕУОВ Қызылорда облысы Сұрақ-жауап – Өте бай адам болған жақсы шығар? – Жақсысы жақсы-ау, бірақ, оның қайыры болмаса біреуді құлға, тұла бойын тұлға немесе жынға айналдырып жіберуі мүмкін. *** – Құрдас, мені біреулер өтірік мақтайтын сияқты. – Негізі шын мақтағанды қазір күтпеңіз. – Неге? – Шынайы мақтау өлгендерге ғана айтылады. *** – Көріпкел мықты ма, сиқыршы мықты ма? – Ақшаның сиқыршылығына жететін ештеңе жоқ. «Мен мықтымын» деп төсін ұрып жүргендердің көзін байлап, кеудесін қараңғылап ақылынан алжастырып жібереді. *** – Осы өмірді жалған дүние деп неге айтты екен? – Мақтағаны да, жақтағаны да, даттағаны да, соттағаны да, жақтағаны да жалған. Сол үшін жалған дүние дейтін шығар. Жүніс ҚОҚЫШҰЛЫ Алматы облысы Жасасын жоқшылық! Әзиз НЕСИН, түрік жазушысы Банктің қолы береген. Үй, пәтер, ақша. Байлығың баянды. Сыйақы, жалақы. Жер-дүниені шарлау. Қысқасы, жаныңа не керек, бәрін береді. Не бермейді десеңші одан да. Қашанғы былай жүресің? Жүз лира тап та, банкке апарып сал. Жолың тар, түк шықпады делік. Ештеңе жоғалтпайсың. Ақшаң сол ақша. Құрығанда үстемесі бар. Қу дүние-ай. Қанша жыл өтсе де сол жүз лираны түгендеп, банкке апара алмадым. Тістеніп, тірнектеп жинаймын. Сексенге жетеді, тоқ­санға толады. Жүзге жақындап қал­ғанда, әйтеуір бір қырсық шалады. Әп-сәтте желге ұшып кетеді... Бұл пәлелер «Мына бейбақтың қалтасына бармайық, жүз лираны желкесінің шұқыры көрсін» деп өз­ара келісіп алғандай. Олар да ере­­гесті, мен де қоймадым. Өйтіп-бүй­тіп жүз лираны жинадым-ау! Жан­-жаққа шашырап кете ме деп та­ғы қор­қам. Дереу банкке салып тас­та­йын дегем. Бірақ сол күні үл­гер­медім, ақшаның үйі жабылып қапты. Көңілім нілдей бұзылды. Ақша саусақтарымның арасынан сусып кететіндей. Түк көрмегендік қой. Қолым дірілдеп жастықтың астына тықтым. Төсекке қисайдым. Ал енді ұйықтасамшы. Жүз лирам бар... Өзімді қамшылап қоям. Бұйырған кетпейді. Адам бірдеңеге ұмтылса дегеніне жетеді. Кері кеткенге сылтау көп. «Жаппай қымбатшылық, күнкөріс қиын» деп күңкілдейміз. Бәрі бекер. Қарашы, жүз лираны жинадым ғой. Қаласам, мың лираға да жеткізем, он мыңға да... Одан кейін лағып кеттім. Мың он мыңға айналады. Он мың жүз мың болады. Жүз мың – жүз миллион! Нөлдерді көгендеп тізіп тас­тадым. Тас қараңғыда оларды үш-үштен бөліп санаймын. Жүз миллион, бір миллиард, он миллиард... Иә, пенденің құрығынан ешнәрсе құтылмайды. Газет-жорнал миллионерлердің өмірін бұрыннан жазатын. Небір миллионер шығып, миллионың уақ ақша боп қалды. Мен әуелі миллио­нер болам. Сосын миллиардер. Со­сын триллионер... Бұған дейін мына жалғанда триллионер болған ба? Жоқ! Ендеше, мен триллионер болам. Миллионер, миллиардер болу әркімнің қолынан да келеді. Гәп триллионер болуда. Түһ, триллион! Бірдің қасында... Есебіне жете алмай жатырмын. Саусағыммен қараңғыда «бірді» жаздым. Содан кейін жанына нөлдерді әкеп тізе бастадым. Бір нөл, екі нөл, үш нөл... бес нөл... он нөл, он бір... он екі, тура он екі нөл. Ал екінің қасын­да болсашы? Екі триллион... Астыңғы жағы нөл. Қолымды көрпе­нің астынан шығарып, сауса­ғыммен қараңғыда тағы бір дөңге­лек сыздым. Сонымен, үш жүз триллион болды. Нөлдер жарнама шамы сияқты қараңғыда ілініп тұр. Қайсыбірі тайып түсіп, қашып барады. Оңбағандарды ұстап, орнына қайта әкелемін. Тағы да қашады. Қайырып алам. Бізге айтпаушы ма еді, «Ақша табу оңай, ұстап тұру қиын» деп. Шынымен солай екен. Нөлдер бір түрлі ұстатпайды. Ұсақталып жоқ боп кетеді. Жарайды, не істесе оны істесін?! Менен құтыла алмас. «Бай боламын» деп өзіме сөз берген жоқпын ба?! Төсектен тұрып темекі тарттым. Масаттанып нөлдеріме қараймын. Жарайсыңдар! Бәрі піскен жаңғақ сияқты. Жас сұлулардың ерніне, тө­сіне, иығына, беліне де ұқсап кетеді. Бай болу деген рақат екен ғой... Күн шығып келеді. Жалма-жан қолымды жастықтың астына сүңгіттім. Жүз лирам аман-есен. Жанұшырып банкке жөнелдім. Банк түгілі, базар да ашылмаған мезгіл. Есіктің алдында тұрмын. Бір таныс кездесті. – Әй, неғып тұрсың? Саған не болған? – Жай, әшейін. Ештеме. – Көзің қызарып, өңің қашып кетіпті ғой. – Түнде ұйықтамадым. Жұмыс істедім. Банкке ақша салғанымды көрмесін деп танысымды үйтіп-бүйтіп шығарып салдым. Банк ашылды. Имене ішке кірдім. Құдай сақтасын, қандай керемет! Не деген салтанат! Жайнаған гүл, қыпша бел құмыралар. Әдемі қыз-келіншек, шыттай киінген еркектер. Төбеде жарқ-жұрқ еткен аспалы шам. Сарайға кірдім деп ойладым. Шамамен жиырмашақты қызметкері бар. Сәнді жиһаз. Жү­регім су ете қалды. Сонда мұн­да­ғылар менің салған ақшаммен күн көретін болғаны ғой. Мынау заңғар ғимарат менің ақшаммен, мынау қымбат бұйымдар менің ақшаммен, жазу мәшинкесі, ақша есептегіш, бәрі менің ақшаммен... Олай болмайды... Ақшаны мен берейін, игілігін басқалар көрсін... – Хош келдіңіз, мырза. Не бұ­йым­тайыңыз бар? Неткен сыпайы жандар еді, бұл банкирлер. Мынадай қошеметтен кейін кері бұрылып кете алмадым. Ақшамды бердім. Жүзі жайдары қызметкер шаруамды екі минутта бітірді. Банк кітапшасына қоса сыйлыққа қойын дәптерін берді. Жұмыстағылар мені көріп: – Ұйықтап тұрсың ғой, – деп қоймайды. Ешқайсына қарамадым. Түс кезінде бір жолдасым «Ал кеттік асханаға» деді. «Қарным тоқ» деп құтылдым. Таңертең оразамды ашпағам. Кешқұрым тіске басар бірдеме таптым, әйтеуір. Түнімен ұйықтамағам, төсекке жата кеттім. Басым жас­тыққа тиер-тимес те әлгі нөлдер қай­тып келді. Түндегі санақты қайта жалғастырдым. Әуеде жанған көбе­лек секілді бір нөл ұшып жүр. Айналып келіп жүздің қасына қонды. Мың болды, он мың, жүз мың, миллион... Нөлдер, нөлдер... Саусағымды қимылдатып жіберіп, тағы бір нөл жаздым. Сосын оларға «Тоқтаңдар!» деп әмір берем. Мынадай бейберекетсіздік маған ұнамайды. Өмірде бәрі ретімен тұруы тиіс. Әр нөл өзінің орнына барсын. Марш, марш! Нөлдер қорыққаннан дірілдеп орнына жүгіреді. Қолбасшы сияқты нөлдеріме әмір беремін. – Сап түзе! Нөлдер тізіле қалады. – Алға бас! Марш! Бір, екі! Бір, екі! – Бір, екі, үш, төрт, мың, жүз мың, миллион!.. Нөлдерге он минуттық үзіліс жариялаймын. – Рақмет! – деп жамырайды. Нөлдерге әмір берумен таңды атырдым. Тәлтіректеп үйден шық­тым. Аяғым банкке қарай тартып тұр. Құдды банк банкротқа ұшы­райтын сияқты. Біреулер ақшамды иемденіп алатындай... Кешқұрым нан мен ірімшікті талғажау еттім. Ұйқы қысып барады. Ерте жаттым. Көзімді жұмсам да, ашсам да болмайды. Нөлдер қараңғыда ойнақ салып жүр. Банк сыйақысына бір үй алдым. Ол үйдің ақшасын алдын ала алдым да, бес жылға жалға бердім. Өзім арзандау бір жерде тұрамын. Ойыма сарт ете түсті. Мен неге бұл үйге 120 лира беремін? Обал емес пе?! Таңертең дереу арзандау жерге көшем. Қаланың шетінде 20 лираға бір бөлме табылады. Сонда айына 100 лира жанымда қалады. Оны банкке салам. Жылына 1200 лира. Он жылда 12 000! Жүз жылда – 120 мың. Ақшаны ауадан осылай жасайды... Сөйтіп таңды атырдым. Банктің қасынан өттім. Жұмыстағылар ме­німен бұрынғыдай шүйір­ке­лес­пей­ді. Өздері білсін. Оларға шай, ко­фе әперуден құтылдым. Тіпті жақ­сы. Сүйіктім телефон соқты. Да­уы­сым­ды өзгертіп: «Бүгін келген жоқ» дедім. Өзіне үйленейін деп жүр­гем. Енді одан айныдым. Банкке ақша салғалы оны көргім келмейді. Үй­лену қып-қызыл шығын емес пе?! Кірпігім кірпігіме жабысып әзер шыдап отырмын. Басымды қағаздың үстіне қойып ұйықтауға кірісіп едім, нөлдер варьете қыздары секілді көлбеңдеп тұра қалды. Енді ұйықтау қайда?! Ұйықтататын дәрі алғым келген. Жолдастарымның бірінде бар екен. Маған жаны ашып берді. Құрғыр дәрі де дәрменсіз. ...Сол түні шылқыған бай боп шыға келдім. Содан кейін тақырға отырдым ғой. Бүкіл миллиардтар бір жаққа ұшып кетті. Жұтқа ұшыраған миллионерлердің дәстүрімен өзіме қол жұмсай жаздадым. Абырой болғанда банктегі жүз лирам есіме түсіп, райымнан қайттым. Қайтадан байыдым. Байығаным сонша, жер бетіндегі бүкіл ақшаны жинадым. Жасамаған жақсылық қалмады. Тілшілер келіп, менен сұхбат алуда. – Қалай байыдыңыз? Жетістіктің құпиясы неде? Мұндайда шындықты айта ма? – Еңбек етуде. Бес тиынсыз бастағам. Баспасөз мәслихатындамын. Сосын мүсәпір-міскінді жарыл­қаймын. Өзім еңбегін қанап, езіп-жаншыған байғұстың балаларына мейрамда шұлық таратып жатыр екем. Дімкәс жұмысшыға күніне бір бума пияз беремін. Жері маған бұйырған ауылдағы бишараға уыс-уыс топырақ таратам. Не керек, жасамаған жақсылығым қалмады. Мені көрген жұрт «неткен жомарт жан» деп жамырап береді. Бұл түнді қайырымдылық жасаумен өткіздім. Аштықтан, ұйқы азабынан тәлтіректеп тұрмын. Банкке тарттым. Кітапшаны қызметкердің алдына тастадым. – Жүз лирамды бер! – дедім. – Түгел аласыз ба? – деп сұрады. – Бәрін, бәрін, – деп айқайладым. – Жетер енді! Сүйіктімнен, досымнан айырылдым. Адамгершіліктен жұрдай болдым. Денсаулығымнан, бақытымнан айырылдым. Құдай ұрсын! Қайдан ғана сол ақшаға... Жүйкем әбден жұқарған, өзімді ұстай алар емеспін. Банктің бүкіл қыз­меткері мені қаумалап, жұбатуға ты­рысты. «Берейік, мырза, берейік» десті. Ақшамды алдым. Қалтамда тағы 80 лирам бар. Мейрамханаға жүгірдім. – Ананы бер, мынаны бер! Әпкел бермен оны да... Тамақтан соң ең қымбат қонақ­үйге... Үш күн, үш түн ұйықтаппын. О-о, жарық дүние, бар екенсің ғой! Ақшамды түгел шаштым. Байдың тартқан азабын ойлаймын да, өз халіме шүкірлік етемін. Пәтшағарлар ұйқысы қашып, аш­тық­тан, талан-тараж қаупінен, ұры-қарыдан қорқып, қандай күйзеліске түсетінін мен жақсы білемін. Жа­сасын жоқшылық! Түрік тілінен аударған Срайыл СМАЙЫЛ АЛМАТЫ Жұмыстағы "жұмыр" сөз Екі мекеме басшысы кездесіп қалады: – Сенің қызметкерлерің жұмысқа ерте келеді. Тәртіпті қалай орнатып жүрсің? – Бізде 30 қызметкер жұмыс істейді де, ал кеңсе алдында 20 көлікке ғана орын бар... *  *  * Мереке қарсаңында кеңсе басшысы таңертең қарама­ғындағыларды жинап алып, арнайы марапат қағаздарын табыс етеді. Бір кезде бастық «Жұмысқа үнемі кешігіп келетін қызметкер» деген жазуы бар дипломды хатшы қызға беріп тұрып: «Мынаны ие­­сіне түстен кейін өзі келгенде табыстарсың» дейді. *  *  * Бір жігіт ит атқыш досына: – Сендер неге қаңғыбас иттерді түгелдей қырып тастамайсыңдар? – Бәрін бірден қырып тастасақ, жұмысымыз тоқтап қалмай ма?! *  *  * Хатшы қыз бастығына имене тіл қатады: – Сіздің әйеліңіз неге келген сайын маған біртүрлі қарайды осы? – Өйткені, бір кездері ол да менің хатшым болған...

Мүйісті жүргізетін Берік САДЫР

Сурет «Вокруг смеха» журналынан алынды