Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Халықаралық балаларды қорғау күнін мерекелеуге арналған іс-шараларға қатысты, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі
Г.Әбдіқалықова Астана қаласының «Астаналық» саябағында өткен «Қош келдің, жаз!» атты балалар ойын-сауық бағдарламасын тамашалады. Мемлекеттік хатшы балаларымыздың бақытты балалық шағы, жақсы білім алуы, денсаулықтарының мықты болуы, үлкендердің ықыласы мен қамқорлығына бөленуі үшін Қазақстан Президенті тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап барлық жағдайды жасап келе жатқандығын айтты.
Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде Қазақстан елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Заманауи мектептер, балабақшалар, ауруханалар, спорттық ғимараттар, балалар алаңдары салынуда, қайырымдылық қорлары мен өзге де ұйымдар қызмет атқаруда. Мысалы, бүгінде Астанада 40 мыңға жуық бүлдіршін балабақшаға барып, 117 мыңнан астам оқушы білім алуда.
Бұдан кейін Мемлекеттік хатшы шығармашылық үйірмелерінің жұмысымен танысып, «Біз үздікті таңдаймыз!» атты балалар суреттерінің көрмесінде, «Шебер қолдар» шеберханасында, сонымен қатар зияткерлік және спорттық ойындар алаңдарында болды.
Сол күні Г.Әбдіқалықова «Қазақстан» Орталық концерт залында балаларға арналған «Bi Жұлдызай», «Таң Шолпан» және «Бала дауысы» республикалық конкурстар жеңімпаздарының қатысуымен өткен «Біз – Ұлы Дала елінің ұрпақтарымыз!» атты гала-концертке қатысты.
Мемлекеттік хатшы егемен Қазақстанның алғашқы қадамдарының бірі балалардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етумен байланысты екендігін атап өтті. 1994 жылы Қазақстан БҰҰ-ның «Баланың құқықтары туралы» конвенциясын ратификациялады. Бұл конвенцияға қосылу мемлекеттің әлем қауымдастығының өскелең ұрпақтың құқықтарын қорғау саласындағы негізгі құжаттары талаптарына адалдығын паш етті. Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде Қазақстан адам құқықтарына қатысты 60-қа жуық халықаралық құжатты ратификациялады, олардың 15-тен астамы мақсатты түрде балалар құқықтарын қорғайды.
Қазақстанда халықаралық стандарттарға сай институционалды және заңнамалық деңгейде балалар құқықтарын қорғаудың ұлттық моделі қалыптасты. Ел басшылығының саяси ерік-жігері мен балалар құқықтарын қорғау және қамтамасыз ету ісіндегі мемлекеттік сындарлы саясаттың айшықты белгісі болып табылатын Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институты құрылды.
Г.Әбдіқалықова балалардың әсемдік, шығармашылық және жасампаздық әлемінде өмір сүруіне барлық жағдай жасалуы қажет екенін атап өтті. Мемлекеттік хатшы: «Балаларымызды тәрбиелей отырып, біз мемлекетіміздің болашақ әлеуетін қалыптастырамыз, олар елдің дамуына атсалысып, Отанымыздың табыстары мен жетістіктерін арттыратын болады», – деді.
Сөзінің соңында Мемлекеттік хатшы балалардың құқықтарын қорғау мәселелерінде биліктің барлық тармақтарын, азаматтық қоғам мен үкіметтік емес және халықаралық ұйымдарды өзара тығыз байланыста болуға шақырды.
Астанадағы Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған негізгі мерекелік іс-шаралар «Астаналық» және Студентер саябақтарында, Қаржы министрлігі мен Оқушылар сарайы алдындағы алаңдарда өтті.
Мереке күні еліміздің барлық өңірлеріндегі орталық алаңдар, стадиондар, саябақтар, сарайлар мен ойын-сауық кешендері балаларға және олардың ата-аналарына есіктерін айқара ашты.