Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінің қарсаңында Шет ауданының орталығы Ақсу-Аюлы кентіне жол түсті. Сол сапар барысында өлке тарихының жоқшысы, тұнып тұрған шежіре қарт Кәмел қажы Жүністегімен емін-еркін отырып әңгімелесудің сәті түскен еді.
Зады, жазушы Кәмел Жүністегін ғұмыр бойы мазалап келе жатқан тақырыптың бірі – сонау зұлмат заманда нақақтан оққа ұшқан жазықсыз жандардың талайлы тағдыры. Жасы сексенге таяп қалған Кәмекең қарғыс атқыр кезеңнің құрбандары топ-тобымен жерленген тұстарды бес саусағындай біледі. Солардың басына белгітас қойып, бүгінгі мамыражай тірліктің тыныштығы мен тоқтығы тербеген пенде балаларының есіне салып отыру – ол кісінің өз мойнына саналы түрде алған борышы.
Осыдан оншақты жыл бұрын-ау деймін, Шет ауданының орталығы Ақсу-Аюлы кентінде саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналып ескерткіш орнатылған болатын. Ол кезде бұл ескерткіш еңселі һәм әсем-ақ тұғын. Қара гранитпен қапталған тұғырдың үстіне шаншылған уықтар шаңырақты көтеріп тұрған.
Бұл күнде сол ескерткіштен жоба жоқ, жұрнақ қана қалған. Даланың долы желі ескерткіштің уықтарын қиратып, шаңырағын ортасына түсіріп кеткен. Тұғырдың тысы гранитпен қапталған деп жүрсек, онысы қытайдың арзанқол плиткасы болып шықты. Сол шіркіндер әр-әр жерден шытынай сынып, жерге қирап түсіп жатыр...
«Бұл қалай өзі?» деп аудандық әкімдікке барғанымызда, ауданның тағайындалғанына бір айдың ғана жүзі болған әкімі Марат Жандәулетов жиналыс өткізіп жатыр екен. Түске дейін де, одан кейін де әкім мырзаға, ол кісінің Азамат Әбілдин деген орынбасарына жолығудың мүмкіндігі түспей-ақ қойғаны.
Әлбетте, әкімнің әлгі жиналыста ескерткішті қалпына келтіру жөнінде мәселе қозғап жатпағаны белгілі еді. Өйткені, сол күннің ертеңі, яғни 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні-тұғын. Әкім түнде ай жарығымен бірдеңені амалдамаса, үлгермейтіні анық еді...
Айтпақшы, тоз-тоз болған тұғырдың үстінде жатқан жалғыз азагүлді көрдік. Аза тұтып, тағзым еткен әкімнің ісі шығар деп топшыладық...
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы,
Шет ауданы