Астанадағы «Көрме» кешенінде «Мәдени Азиада» аясында 29 қаңтар мен 4 ақпан аралығында күн сайын сағат 11.00-ден 18.00-ге дейін «Көшпенділер әлемі» атты этно-мәдени ландшафтық шоу өтуде.
Азия ойындары тек қана халықаралық жарыстар ғана емес, елдер арасындағы мәдени байланыстар дәнекері ретінде де кеңінен танымал. Ойынды өткізу құрметіне ие болған ел Азиада алауын қабылдап алған күннен бастап, спорттық жарыстар аяқталғанша шетелдік қонақтарға мәдени-тарихи қазынасын таныстырады. Осы дәстүр бойынша Азия ойындары аясында ұйымдастырылған кең көлемді «Мәдени Азиаданың» ең маңызды жобаларының бірі – «Көшпенділер әлемі» этно-мәдени шоуы.
Көшпенділер әлемін көрген де көрмеге келушілерге ата-бабалар өмірінің осыдан мыңдаған жылдар бұрынғы ұлы дала бейнесі көрініс береді. Жоба қонақтары сахара соқпақтарымен таңғажайып әлемге саяхат жасап, көшпенділер мәдениетінің қайталанбас ерекшелігіне куә болады. Саяхатшылар жол-жөнекей кезбе музыканттар өнеріне, түбі бір түркі халықтары – Қырғызстан, Якутия, Татарстан, Өзбекстаннан арнайы шақырылған айтулы өнерпаздардың және Қазақстандағы әртүрлі дәстүрлі музыка мектептерінің дарынды өкілдерінің концертін тамашалайды. Сондай-ақ, шет елдерден елімізге игі ниетпен келген қонақтар көз алдында өтіп жатқан көшпенді өмір кереметтеріне өзі араласып, тікелей қатыса да алады. Мысалы, дәстүрлі музыка аспаптарын қолына ұстап, тартып көруіне немесе үй тігу, киіз басу жұмыстарына араласуына болады. Шоуға арнайы дайындалған жолсеріктер оларды есіктен кіргеннен сый-құрметпен күтіп алып, қазақ, ағылшын тілдерінде қазақтың тарихы, мәдениеті жөнінде мәліметтер береді.
«Көшпенділер әлеміне» одан әрі қарай сапар шеккен жолаушыны ат құлағында ойнаған шабандоз жігіттердің тамашасы күтеді. Қонақтар өздеріне қақпасын айқара ашатын ежелгі қалада ғажайып қолөнер туындыларымен таныса алады. Қазақтың ежелден келе жатқан қыз ұзату, беташар, тұсаукесер, шашу, бесікке салу сияқты салт-дәстүрлерінен хабар беретін театрландырылған көріністер де «Көшпенділер әлемінің» әрін кіргізе түсуде.
Дастан КЕНЖАЛИН.