02 Маусым, 2016

Төлемде іркіліс болмасын

258 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
02.jpg-02-09Кеше Мәжіліс Төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетовтің төрағалығымен палатаның кезекті жалпы отырысы болды. Қаралуға тиісті заң жобалары сиреп қалған ба, әйтеуір, қазір жалпы отырыстардың күн тәртібіне тек 1-2 заң жобасы ғана енгізілетін болып жүр, оның да жартысы қорытынды әзірлеуге арналған. Кешегі отырыста да күн тәртібіне үш-ақ мәселе енгізіліпті. Оның біріншісі «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» заң жобасы, екіншісі осы заңға байланысты кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ілеспе заң жобасы. Үшінші мәселе ТМД елдерінің арасында бірлескен жедел-тергеу топтарын құру тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы болды. Алғашқы екі мәселе бо­йынша Ұлттық Банк төрағасы Данияр Ақышев баяндама жасады. Төлемдер мен төлем жүйелері бізде баяғыдан бері қалыптасқан, осы уақытқа дейін бұл әрекеттерді құқықтық тұрғыдан «Ақша төлемі мен аударымы туралы» Заң реттеп келген. Жаңа заң жобасы соны жетілдіріп, аталған заңның күшін жоюды көздейді екен. Бұл туралы Ұлттық Банк төрағасы: «Төлем рыногы жұмыс істеу са­ласында құқықтық негізді құру және қарым-қатынастарды ке­шенді реттеу, сондай-ақ, төлем­дер мен ақша аударымын жүзеге асыру рәсімдері бойынша нормаларды жетілдіру мақсатында жаңа заң жобасын әзірлеу қа­жеттілігі туындады», деді. Жаңа заң жобасының негізгі бағыттары қатарына: 1. Төлем жүйе­лерінің жұмысын регламенттеу. 2. Төлем қызметтерінің нарығын реттеу. 3. Төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру тәртібін айқындау жатқызылған. Оны әзірлеу барысында Еуропалық одақ елдерінің, Сингапурдың, Англияның және т.б. елдердің тәжірибелері үлгі ретінде ескеріліпті. Бәрі де түсінікті қарапайым заң жобасы болғанымен, депутаттар оған қатты шүйлігіп, біршама сұрақ қойды. Бірақ көптеген сұрақ аталған заң жобасы шеңберінен шығып, жалпы банктік операция­лар, оның мониторинг қызметі, агробанк қызметін қалпына кел­тіру сияқты мәселелерге де ауысып жатты. Соның ішінде депутат Мұхтар Тінікеевтің Ұлттық Банк­ті негізсіз айыптап, «екінші дең­гейдегі банктерге «крышевать» етеді» деген секілді криминогендік жүйенің сөздерін қолданып, парла­ментарийлік лексиконның әдебі­нен аттап сөйлегені құлаққа жағымсыздау тигенін айта кетуіміз керек. Өзінің сұрағында ол Ұлттық банкті негізінен халыққа қарсы заңдар әкеледі деп те айыптап, соның мысалына сақтандыруды исламдық қаржыландыру, кол­лек­торлық іс-әрекеттер туралы заң жобаларын атады. Осылайша өзіне еріксіз назар аудартқан де­путаттың сондағы сұрамағы: транзакция үшін алынатын пайыздық мөлшерлемені жаңа заң жобасы төмендете ме деген қарапайым ғана дүние екен. Ұлттық банк төрағасы оған жаңа заң жобасының қолданыс­тағы­дан артықшылығы туралы айтып кетті де, нақты жауап бер­меді. Алайда, М.Тінікеев осы сұ­рақты екінші рет қойғанда ғана Д.Ақышев транзакция үшін алына­тын ақының пайызын бан­ко­маттың иелері болып табыла­тын екінші деңгейдегі банк­тер өздері анықтайтынын айтты. Бұл бәсекелестік ортаның өздері бел­гілейтін мәселесі, біздің оған ара­­ласымыз жоқ, деді төраға. Заң жо­басы мақұлданып, екінші оқы­лымға әзірленуге жіберілді. Басқа заң жобалары да толықтай мақұл­данды. Күн тәртібіндегі мәселелер қаралып болған соң депу­таттар орталық атқару орган­дарына ар­наған өздерінің депу­тат­тық сауал­дарын жариялады. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»