02 Ақпан, 2011

Халықтың ұлы Қаратай

1180 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Бірде, 54-ші жылғы мамыр­дың соңғы күндері болар, жаңа келген облыс басшысы (бұған дейін рес­публиканы сегіз жыл бас­қарған) Ж.Шаяхметовтің тікелей тапсыр­ма­сы, партия активі жи­налысы­ның шешімімен ішкі істер сала­сын қазақ кадрларымен то­лық­ты­ру­ға (облыстық басқар­ма­да­ғы 72 офицер арасында не­бәрі 7 қазақ бар екенбіз) аудан­дар­ға іссапармен суыт аттанатын болдық. Үлесімізге тиген Шаян, Со­зақ, Арыс – үш ауданда іс тын­дырып қай­туға сапарлас серігім Назаров екеу­міз жол бойындағы Шаянға келдік. Осындағы үшкүндік жұмы­сы­мыздың екінші күні болар, ертеңгілікте аудандық бөлімнің бастығы Ерхожаев Бабахан аға маған көз қиығымен күлімдей қарап отырды да: «Кеше біздің жігіттер осында бұзақылық жасап ұсталған, Мәскеудегі оқу ор­нынан Байжансайда өндірістік практикада жүрген екі студентті алып келіпті. Біреуінің фамилия­сы Тұрысов. Қасындағы серігі сіздің осында екеніңізді естіген болар, «бұл бала Шымкенттен келген Тұрысов Ерекеңнің туған інісі» депті. Соларды осында келтірейік, көріңізші», дегені. Мен мынадай тосын жайға бір жағы толқып, екіншіден таң­дана аңтарылып сұрағандағы іс­тің жайы: Мәскеудегі түсті металлургия институтының соңғы курсы­нан осында, Байжансай кенішіне өндірістік практикаға келген өрімдей екі жас жігіт Сәр­сенбаев Әбді-Әзім (осы аудан­ның Кеңес­төбе ауылының бала­сы) мен оның серігі Тұрысов Қаратай ал­дағы демалыс күнінде Шымкентке қыдырып қайтқалы тау жолына шы­ғып, жол үстін­дегі «Қарабас­тау» бұлағы сая­сын­да кідіріп, қала мен кеніш ара­сында тауар жүгін тасып жүр­ген жүк машинасына қол кө­те­ріпті. Тоқтаған шофер жол ақы­сын сұрайды. Бұлар студентпіз ғой деп жағдай айтады. Жанын­да сауда дүкенінің сатушысы, қызыл ерінді сұлу бикеші бар Богамазов дейтін шофер жігіт: «Тегін жолаушыны алмаймын», деп мә­шинесін от алдырып, жөнеле береді. Екі жігіт мәшинеге қуа жарма­сып, мініп алады. Осыны көрген шофер мәшинесін тоқта­тып, өзі қорабқа қарғып шығып бұларды күштеп түсірмек бола­ды. Осы жерде алыс-керісте екі жақтан жұмыл­ған жұдырықтар іске қосылады, жаға жыртылады. Ашу, ыза қыс­қан жарақатсыз, дені сау шофер мәшинесін зулата айдап, Шаян-Шымкент жолы ай­ры­ғындағы Глин­ково селосына тоқ­тап, осында көше үсті, МТС мекемесінде кездесе кеткен ауданнан келген милиция өкілдері­не болған жайды хабарлап, табан асты актілеп, «екі жауапкерді» қарулы өкілдер қолы­на беріп, өз жөніне кете барады. Бар жағдай осы. Қысқа әңгімеден соң біз отыр­ған бастықтың бөлмесіне екі бозым жігіт келіп кірді. Қатарлай орын­дық­қа жайғасты. Оның бірі маған бұрыннан көзтаныс, соғыстан соң бірер жыл Шаянда аудандық сотта хатшы болған Әбді-Әзім. Көз қиы­ғын­да қуақы күлкі. Маған ұрлана жымиып қарайды. Қасындағы Қа­ра­тай атты серігі жазғы дала жолы­на бейім қарасұр кенеп шалбар, жол жейдесін жеңін түре киінген, мы­ғым денелі, шағын тұлғалы қара­торы балаң жігіт. Асау тар­паңның жалындай бұйра толқынды қою шашы өз бойына жарасып, ұя­сы кең, әлдеқалай мұң басқандай ойлы жанарын төмен салып, том­сарып үнсіз отыр. – Иә, оқуларың қалай, Қара­тай? – дедім мен, оны ішке тарта­ үн қатып. Ол бәсең жүзін кө­те­ріп қарады да, жайқоңыр, жайлы дауысымен: – Оқып жүрміз, аға. Алдағы жылы бітіреміз, – деді. – Е-е, солай де. Түсті метал­лургия маманы біздегі тау-кен өн­дірісіне ауадай қажет екені ес­те­рің­де шығар. Ұмытпаңдар осыны. – Иә, солай, аға. Осылай деп, Қаратай әлде­қалай намыс оты қысқан кінәлі жандай томсырған қалыңдау ернін қымти-жымырып, ойлы жүзін тағы да төмен салды. – Жарайды, ендеше. Аман көргенше қайыр-сау болыңдар. Дүниеде адам жанынан сезімтал, көңіл пердесінен жұқа нәрсе жоқ. Бұлармен қайырласу сәтінде ұшқыр ой талай күн, талай жыл­дарды шарлап кетті. Көз алдыма ағадан айырылған жыл соңында он алтыға жаңа толған жас жеткіншек шағында төтен келген іштегі дертке жасалған операция үстінде шетінеген жалғыз інім, Мекембегім елестеді. Аман жүргенде ол да институтта жүрер еді-ау, осылай... – Иә, Бабахан аға, анау Қара­тайды маған іні деп теліген екен жігіттер. Солай-ақ болсын. Жастар ғой, бұлар. Көңілдері кірлемесін. Аман жүрсе, бұлар да адам боп, азамат боп, мына кең дүниенің бір жерінен шығар. Тәңірі жолын ашса, адам за­тына деген өмірдің өрісі шексіз. Арада жылдар өткенде қа­сиетті Қа­ратау, Тәңіртаудың аясында ұлан­­дар ұясынан алысқа қанат қаққан бала қыран, қиырдағы қазақ ауылы­ның кішкене қара  тайы топшысы бекіп, қабырғасы қатая азаматтық ұлы сапар жолының кең айдыны­нан көрінер деп кім ойлапты. Жаңа заманғы жаңалықтың жаршысы – саналуан ақпарат құралдары мемлекеттік басқару жүйесінде Қара­тай Тұ­рысов атты көрнекті бір қай­рат­кер азаматтың бар екенін, ол өзі жай бір қатардағы көптің бірі емес, аса парасатты ірі тұлға, жаңа кезеңдегі тәуелсіз қазақ елінің ға­рыш­тап өрлеуінің басы-қасындағы ерен азаматтың бірі екенін жарыса көрсетіп жатты. Бұл өзге емес, соно-оу бір жас­тық дәуренде сапар жолда туған іні, жан бауыр боп жолыққан Қаратайдың өзі екенін көріп те, біліп те, іштей Тәңірге тәубе етіп сүйсініп те жүрдік. Сонау алыста қалған жетпісінші жылдардың соңы болар, қара күз – қарашаның қалың ортасында кезекті демалыстың кезі – Кавказ­дың әйгілі «Нарзан» шипалы суын­да (Кисловодск) емделіп, қай­тар мезгіл жеткенде осында бірге келіп, бір жүрген темір тегеурінді, аңқылда­ған ағайын Төкең Назарбеков: – Әй, писатель, анау Мәскеу­де, кәсіподақ кеңесінің басында отыр­ған ақ басты Қаратай сенің бауы­рың екені рас па? – деп күркіреді. – Бірге тумаса да бір туғандай екені рас. – Қалайша? – О, ол ұзақ хикая, Төке. – Ал сен осында екеніңді айтпадың ба, оған? – He деп айтам. Қажеті не, әлденеге әурелеп. – Оу, қызықсың сен. Мәскеу арқылы қайтқалы отыр­мыз. Хабарласу, сәлемдесу деген бар емес пе? – Дұрыс қой, сол үшін дабыра қағу керек пе? – Ендеше, тыңда. Қаратай менің де көптен сыйлас, жақсы көретін інім. Хабарласпай кеткеніміз тіптен жараспайды бізге. Сөйткен Төкең үлкен есіктерді іркілмей ашып, шалқая басып, өмір додасының қалыңында жү­ретін ер көңілді Төкең сол күн­нің кешінде санаторий бастығының «тікелей» телефонымен Мәс­кеуде, Бү­кіл­одақ­­тық Кәсіподақ­тар Кеңесі­нің (ВЦСПС) бір бас­шысы болып отыр­­­ған Қаратай­мен хабарлас­ыпты. – Бар проблема шешілді, писатель. «Ленинград» қонақ үйін­де люкс номер, Бүкілодақтық көр­ме­ге жолдама, оның қаражат шығыны түгелдей профсоюз есебінен, – деп шалқыды Төкең. Расында, Мәскеуде, Төкең айт­қан­дай, Қаратайдың қамқорлы­ғы­на кенелдік. Қонақжайдағы жайма төсек, жайлы орын, үш күнге со­зыл­ған астананы аралау, көрме, тарихи мұражайлар мен Останкино, Кремльге саяхат... Қашан аттанып кеткенше әр күніміз бен түніміз бір тәңірі берген сыпайы қамқорлық­тың аясында өтті. Бірақ қалың мемлекет ісіндегі Қаратаймен жүздесе алмадық. «Сүтпен біткен сүйекпен бірге кетеді» дейтін халықтың сөзі әсте шын өмірдің өзінен туған өз қағидасы. Оны тезге салып өзгер­те алмайсың. Ішің езіліп, қан­шалық жақсы көрсең де, қайсы­біреулердей елбіреп, желбірей ал­майт­ын құдайдың берген мінезі. Арада қаншама өмір кезеңі өтсе де «Қаратай-ау, қайдасың?» деп ал­дына іздеп бармаппын. Жата қап хаттар жазбаппын. Тек жол орта­сы әлдеқашан ойысқан тоқ­сан төртінші жыл жазында Қаратай­дың бала жастан бірге өскен досы Шерханмен бірге Сарыағаштың шипалы суында екенін естіп, сонда тарттым. Бірақ сол күні қоналқаға Ташкент асып, дариядан арғы елге кеткен Қаратаймен кездесудің реті келмеді. Арнайы алып бар­ған сәлем-сауқат қатарында «Жазу­шы» баспасынан жарыққа шыққан тарихи роман «Темірланның» бір томдығын кезекші медбикеге аманат етіп қалдырып, қайттық. Сол аптаның соңында аудан әкімі, ізетшіл іні Амангелді Мә­ліков арқылы Қаратайдың хабары да жетті. Үйге көлігін жіберіп, алдына шақырып алған әкім іні: «О, Ер-аға, Қаратай ініңіз жора-жолдас­тары Мырза­тай мен Мәрия, әйгілі өнер қай­раткері Оразбаев Сәбитті, Света келініңізді бастап сізге, елге сә­лем бергелі келе жа­тыр. Таудағы ұлы атамыздың ме­кен-жайына Қос­мола, Теректі әу­лие­ге бастап барып, бірер күнді бір­ге өткізетін болдық», – деп кең кеудесі биіктей түсіп, жарқырап отыр. Сол күні айтқан хабармен ау­данның белді азаматтары Тал­ғат, Әбілдабектер бастаған таудағы ауыл жігіттері мезетті жер – жо­ға­ры Балабөгеннің саялы алма бауы, ақ теректер аясына сегіз қанатты ақбоз үйлерін қатар тігіп үлгерген екен. Келесі күннің үлкен сәскесі кезінде Қаратай бас­таған іні, дос, келіндерді Нұ­рила апа (Домалақ ене) ғи­мара­тына қараған Бала­бө­ген көпірі алаңында қарсы алдық. Жол басы – әулие ана, таудағы ұлы Бәй­ді­бек, Қос ананың мекен жайын­да ұлылар рухына тағзым ету рә­сімі­нен соң – ұзақ жылдар ада­сып табысқандай күй кешкен Қаратай­мен қасиетті Қаратау қой­­нында, сылаңдай аққан сыр­лы бұлақ жаға­сы, алып бәй­теректер саясында бар өмірде естен кетпейтін жайсаң жаз­дың жақсы күндерін өткіздік. – Ұлы бабаның тереңде қалған тарихын қайта тербетіп, ұлыққа ұлағат етер іс жасап жатқан­дары­ңыз тіптен орынды болған. Біз алыста жүріп сырттай сүйсінеміз. Жаңа бас­талатын атаның ғимараты құры­лы­сына қосқан аз ғана үлесі­міз бол­сын, қабыл алыңыз, – деп, Қаратай қойын қалтасынан шыға­рып көгіл­дір конвертін ұсынды. Бұл күндерге дейін «көк қағаз» деп, ол кезде атын естігеніміз болмаса, қолға ұстап көр­меген Америка долларының «100» таңбалы алты қағазы екен. Ол кезде әжептәуір ақша – Бәрекелді, ниет қабыл бол­сын. Бұл қосқан үлестерің жа­қын­да ортамызға келіп, ата аруа­ғына арнап ел мінгізген қаракөк арғымағын байлап аттанған Аса­бай ағадан кейін екінші бо­лып тіркелді. Ұлы бабаға арналған ұлағат ұмытылмайды, – деп азамат інілерге ізгі тілекті алғысы­мызды айттық. Сол бір тоқсаныншы жылдар­дың орта тұсы тәуелсіздік таңы­мен бірге туған рухани өрлеудің естен кетпес шуақты бір кезеңі болды. Сол жылдары қазақтың бір­туар ерен азамат ұлы Нұрсұл­тан бабалар мен қасиетті аналар алдын­да­ғы перзенттік парызы­мен жарқы­рап екі дүркін орта­мыз­ға келді. Оның келуі ұлы дәуірдің шапа­ғатын ұзақ жылдар күткен қалың елдің шаттық мерекесіне айналды. Осындай ұлағат­ты кездесу, қауы­шу, табысудың салтанатты жиын­дары қатар жатқан Жуалы, Таласта, Меркі мен Қордайда қазақ елі­нің азаттығы жолында жо­рық, жосынды өмір кешкен батыр бабалар – Рысбек пен Қойгелді, Саңы­рық пен Өтеген, Бөлтірік шешен мен Сыпатайдың мерейлі-мерекелі жиындарына ұласты. Толассыз өмір ағынында тоқ­там жоқ. Бірде шуақты күні жар­қыраған көктемнің күніндей, енді бірде қара бұлты қаптаған қара­шаның күзіндей сан құбылған дүние ойда-жоқта теледидар ар­қы­лы халықтың ұлы Қаратайдың маңдайалды перзенті Нұрлан­ның өмір өрін өрлеген ғарышты шағында қапылыста қаза тапқан қаралы хабарын жеткізді. Ол кез емдеу орнында жатқандықтан азамат інім алдына біршама кешігіп жеттім. Жүзі сынық, сабырлы-сабаз Қаратай нар мен ер көтерер тағ­дырдың зілмауыр жүгін сезбейтіндей бәз баяғы биязы, сыпайы қалпы: – Қалайсыз, аға, ауыл-елдері­ңіз аман ба, жеделхатыңызды ал­дық, рахмет, – дейді жайбарақат, сабырлы даусы бәсең тартып. – Әне бір жылы өзің барып көрген ел бәрі-бәрі орнында ғой, Қаратай. Қыс ызғары кетер, алдымыз жаз, жақсы бір күні іні, дос, келіндерді қатарға алып елге келіп, ортамызда болсаң көңіл-күйіміз бір көтеріліп қалар еді-ау. Ол ойлы жүзін төмен салып, көз жанары жасаурап үндемеді. Жай қозғалып, жұмыс үстелінің ішкі текшесінен қызылқоңыр мұқабалы қалың кітабын алып, ішкі беташар бетіне қолтаңбасын жазып: «Естелік болсын, аға», деп алдыма қойды. Бұл кітап оның сан ғасырлар асуын асып, Тәуелсіздіктің таңына аман жеткен қазақ елін ғаламдық дамудың биігіне бастаған халық­тың арманшыл азаматы Нұрсұл­тан­ның оң қолы, ең жақын кеңес­шісі ретіндегі зерделі зерттеулері мен ұшан-теңіз жоба-жос­парлар­дың жиы­ны. «Қырық жыл инемен құдық қазған» ғылым докторының ересен еңбегінің жиыны. Аты жөні: «Казахстан: Становление ры­ноч­­ной экономики» («Қазақ­стан: На­рық­тық экономиканың қа­лыпта­суы»). Астанада, «Елордада» алтындатқан әріптермен апта­лып басылған кітап, барша саналы өмірін туған ел, халқына берген азамат еңбегінің жиыны. Бұл біздің соңғы дидар­ласу-жүздесу сәті еді. Мен оның шаршаулы, мұңды жанарына әлдеқалай қимастық сезімде қиялай, барлап қарадым. Ақыл мен парасат шуағына толы бәз баяғы тұңғиық-тұнық жанар... Оны қайта бір көруге жаз­бапты тәңір. Еркінбек Тұрысов, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты.