02 Ақпан, 2011

Сәкенге арналған энциклопедия

547 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қарағандыдағы «Болашақ» уни­верситеті, Орталық  Қазақстан гу­манитарлық ғылыми-зерттеу инс­титутының шығармашылық тобы әзірлеген бұл бірегей басылым жақында оқырман қауым қолына тиді. Оның басты арқауы – қайсар қаламгердің, көрнекті қайраткер­дің әдебиеттегі, қоғамдық-саяси өмірдегі күрескерлік іс-қызметіне тығыз байланысты дерек-мәлі­мет­терді толық топтастыруға, барлық туы­ндыларының туу, жазылу т­а­рихын жан-жақты таныстыруға арналған. Сонымен қатар жұрт­шылыққа жақсы танымал «Абай, «Шәкәрім» энциклопедия­ларын­дағыдай өмір сүрген ортасындағы әріптестері, туған-туыстары, дос-жарандары, аялаған арулары, өзін­дік ізденісте, ұстанымда, идеялық ой-мақсатта пікірі үйлескен-үй­лес­пеген тұлғалар, шығарма­ларын­да бейнеленген кейіпкерлер, ондағы суреттелген жер-су атау­лары тура­лы мұқият баяндалады. Бұл ретте кітаптың бас редакторы,  заң ғы­лым­дарының докторы, профессор Нұрлан Дулатбеков ұйыт­қылық еткен жергілікті әде­биетші, тарихшы, өлкетанушы ға­лым­дар тобының ыждағатты зерт­теу­лері­нің елеулі еңбекке қосыл­ған бір үлесі ретінде бағалауға болар еді. Сәбит Мұқанов, Есмағамбет, Ысмайылов, Серік Қирабаев, Тұр­сынбек Кәкішев сынды сәкен­тану­шылардың әр жылдарда жа­рия­лан­ған мақалаларымен ашы­лып, одан әрі тақырып ауқымы жо­ғарыда аталған жайларға қа­тыс­­ты­рылып өрілген энциклопе­дия­ның атына заты сайлылығына қай оқырман да көз жеткізе алады. Ұлтымыздың аяулы арысы жөнін­де жазылған, зерттелген ең­бектер аз еместігін білеміз. Со­лардың шо­ғырлы ортасында осы­нау туындының жөні де, мәні де бөлек боларына сенім бар. Сөз орайында айта кетсек, Сә­кен­ге арнап  энциклопедиялық ба­сы­лым шығару жөнінде ой тас­таған Парламент Се­натының де­путаты Оралбай Әбді­кәрімовтің өзі де редакциялық алқаның мү­шесі ретінде көлемді де күрделі еңбектің са­палы дайындалуына үлес қосыпты. Осындай үлкен бір еңбекті бітіріп, қанаттанған  «Болашақ» университеті жанындағы шығар­машылық топ алға жаңа мақ­саттар қойып отыр десек, кезекті ізденіс Бұқар жырау, Қаз дауысты Қазыбек би туралы энциклопедия әзірлеуге бағытталған. Қазір сол ниеттегі іс басталып та кетті. Айқын НЕСІПБАЙ. Қарағанды.
Соңғы жаңалықтар

Ғарыштағы қызанақ

Қоғам • Кеше