03 Маусым, 2016

Біз қашан қағазға қарамай сөйлейміз?

469 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Былтырғы күзде облыс ор­талығында «Омбы облы­сының мәдени күндері» өтті. Жарты жұртымыздың ата­ме­кенін тастамай сол жақта тұрып жатқаны бар, омбылық ағай­ындарымызды көріп, тілдесіп қалу бар дегендей, бұл шаралардан қалмай барып жүрдік. Соңғы қайтар күні ом­былықтар Естай ақын атын­дағы мәдениет сарайында концерт бермек болып, көруге тағы да бардық. Концерт бас­талмас бұрын Омбының мэрі Вячеслав Двораковскийге сөз берілді. «Біздің екі облыс арасындағы қарым-қаты­на­сымыз 300 шақырым шекарадан әлдеқайда кең...», деп бастаған мэрдің эконо­мика, әлеуметтік сала, өнер, ғылым саласы бойынша сөйлеген сөздеріне риза бола­сың. Қолында қағаз жоқ. Двора­ковский сөйлеген кезде көп оқитындығы, көп білетіндігі, зиялылығы, парасаттылығы, саясаткерлігі көрініп тұрды. Сөйлеген сөзімен, жайдары да қарапайым кескін-келбетімен, ойлылығымен жұртты бірден өзіне қаратты. Зал да риза болып сүйсініп тыңдап отырды. Дүркіретіп қол соқты. Үнсіз ойға қаласың. Біз­­дікі­лер болса, қағазға жазыл­ғанды оқып береді. Жасанды, жаттан­ды сөздерден жұрт та жалық­ты. Жаһандану әкелген спичрайтер деген көп айтыла бермейтін бір сөз бар. Спичрайтер – көпшілік ал­дында сөйлейтін мәтінді жазып, дайындап беретін маман. Осы спичрайтер қызметі қазір біздің ұсақ-түйек шенеуніктерге жақсы болды, ақшасы төлеулі,  қағаздан бас көтермей-ақ оқи береді. Былтыр біздің облыста сондай бір жай орын алды, әлгі спичрайтер дегеніңіз әр жер-әр жер­де сөйленген сөздерді жинастырып шенеунікке жазып берген ғой, ол қай­дан білсін, әдеттегідей қа­ғазға жазғанды зуыл­датып оқып шығады да, ой жоқ, ойлану жоқ кете береді. Салыстырып қарап көрсе, Астанада ма, Алматыда ма, әйтеуір бір  жақ­та сөй­ленген сөз екен. Ойды ой қозғайды. Жуырда облыстық мәс­лихатта денсаулық сақ­тау саласына қа­тыс­ты отырыс өтті. Об­лыс орталығындағы он­ко­логиялық диспан­сердің бас дәрігері Мұрат Сү­лей­менов мінбеде тұрып, қағазға қарамай, бүкіл мәселені жарты сағат жатқа соққанда, бұрын мұн­дайды көрмеген де­путаттарыңның ауыздары ашылып қал­ды. Мінбеде тұрған Сү­лейменовтің сөйлегенін көріп, қит етсе  дайындап жазып берген қағазға қарап зуылдататын әкім­дер, басқарма басшылары, шенеуніктер  ойланса, үйренсе ғой дейсің. Әлгі Жер кодексі туралы түсіндіреміз деп шалғай ауылдарға барған депутаттарды көрдік. Қа­ғазға жазып алғандарын  ауыл­дықтардың алдында, көзіл­діріктерін киіп алып, оқып отырған соң не сұрайсың. Қазақ тілінде, өз тіліңде өтетін жиындарды  сағынасың. Жиналыстарда  қазақы дауыс, үн қосу деген оларға таңсық. Айтпақшы, өткен аптада облысқа германиялық «AWS Schаfer Technologie GmbH» компаниясының өкілдері келді. Неміс компаниясы машина жасау, құбырлар жасап шығару бағытында жұмыс жасайды екен. Биыл Германиядағы еліміздің экономика саласына арналған күндері аясында Павлодар облысы әкімдігі мен «AWS Schаfer Technologie GmbH» компаниясы ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестік туралы меморандумға қол қойып қайтты. Мақсат –біз­дің өндіріс орындарын ин­новациялық технология­лармен қамтамасыз ету. Облыс әкімдігінде болған екіжақты кездесу барысында неміс ком­паниясының бас директоры Хубертус Энгельс өзінің бүкіл жұмыс барысын, сапарының мә­нін, мақсатын  қағазға қарамай аудармашы арқылы  айтты да берді. Елу елдің бір үлгісі. Үй­ренейік. Олар елдеріне бар­ғанда біздің қағаз қарап оқитын шенеуніктер туралы не ойлайды екен дейсің.  Жалпы, біздің әкімдікке шетелден кім келсе де солай, кәдімгі іскерлік барысы, жұмысбасты әңгімеге шақырып бетпе-бет сөй­лескенді жөн көреді. Біз­дің шенеуніктер сияқты сықырлап киіну, шірену, мен бастықпын деген пиғыл оларда жоқ, киген киімдері де, жүріс-тұ­рыстары да, сөйлеген сөздері де қарапайым, өр­кениеттілік мәдениет, білімділік деген осы. Біз қашан оларға жақындайды екенбіз?..  Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан» ПАВЛОДАР