03 Маусым, 2016

Энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізді

287 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Батыс пауэр 3Еліміздің бірыңғай энер­гети­калық жүйесінен аулақ жатқан аумақтардың бірі – Орал өңірі. Бұған дейін қалыптасып қалған мұндай жағдай батысқазақстандықтардың белгілі бір деңгейде Ресей энер­ге­тиктеріне кіріптар болып қалуына әкеліп соқтырды. Ал кісіде­гінің кілті қай кезде де оңай ашы­ла қой­маған. Халқымыздың «кісіде­гінің кілті – аспанда» деуінің арғы астарында да осындай сыр жатса керек. Дегенмен, биылғы жылдың сәуір айында Батыс Қазақстан облысы энергетикалық тәуелсіздікке ие болды. Бұған қалай қол жетті? Бұл сауал төңірегінде ойымызды сәл тарқатыңқырап айтқанымыз жөн секілді. Ендеше, мәселенің мәнісі төмендегіше деуге болады.­ Облыс аумағында бұған дейін екі газ-турбиналы электр стансасы жұмыс істеп келді. Оның бірі Қа­­рашығанақ газ конденсат­ты кен­ орны аумағында орналас­са, екін­шісі Орал жылу электр орта­лы­ғы жа­нындағы газ-турбиналы қондырғы. Дұрыс делік. Алайда, бұған дейін өздерінен ауысқан электр қуатын тұтастай облыс аумағына да ауыстырып келген кеніштегі станса апаттық-техникалық себептермен біраз уақыт тұрып қалуына байланысты өңірде электр энергиясын тұтыну жөнінде күрделі жағдай қалыптаса бастады. Осылайша көршілерге тәуелділік деңгейі өсе түсті. Енді бүгінгі күні орын алған осы келеңсіз көрініс рет­теліп, аталған станса қайтадан бұ­рын­ғы қуатында жұмыс істеуге көшті. Екіншіден, 2016 жылдың 31 наурызында облыс көлеміндегі үшін­ші газ-турбиналы ірі нысанды мемлекеттік комиссия қабыл­дап алды. Бұл «Батыс Пауэр» ЖШС «ОРАЛ ГТЭС-200» газ-тур­биналы электр стансасы деп ата­лады. Осы күннен кейін көп ке­шікпей, яғни 2016 жылдың 15 сәуі­рінен бастап аталған станса облысқа қажетті электр энергиясын өндіре бастады. Қалпына келген Қарашығанақтағы алдыңғы ГТЭС пен Зеленов ауданының Новенький ауылы аумағында іске қосылған соңғы ГТЭС-тің күшін қоса алғанда өңірдің толықтай энергетикалық дербестікке қол жеткізгені мәлім болды. Стансаның аталған ауылда орналасуының басты бір себебі, дәл осы жерден газ-турбиналы кешен «КЕГОК» АҚ-тың магистральды электр желісіне қосыла алады. Өндірілген қуат осы желі арқылы пайдаланушыларға берілмек. Табиғи газбен жұмыс жасайтын стансада турбинадан шығатын ыстық газды пайдалану есебінен осы маңайда жылыжайлар салу жобалары да қоса қарастырылған. Ендеше, Жайықтың бойын жай­лаған қалың елдің энерге­ти­калық тәуелсіздікке ие болуына септігін тигізген соңғы стан­саның жай-күйіне сәл кеңірек тоқталғанымыз артықтық етпесе керек. Бұл ірі кешеннің құрылысы екі кезеңнен тұрады. Жоғарыда айтылғандай, оның біріншісі бүгінгі күні электр энергиясын өндіруге кірісті. Оның қуаты – 100 мегаватт. Екінші кезең бойынша тағы да осындай көлемде электр қуаты алынбақ. Оны толық жүзеге асыру алдағы 2017-2019 жылдарға есептелген, деді газет тілшісіне Батыс Қазақстан об­лыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мұрат Байменов. Сала жетекшісінің сөзінен тағы бір түсінгеніміз, жалпы мөл­шері 200 мегаваттық екі тур­би­на орна­тылған кезде облыс өзін электр қуа­тымен толық қамтып қана қоймай, өзінен артыл­ғанын экспорт­тауға мүмкін­дік алмақ. Маман­дар­дың тұжырым­дауын­ша, әлемге таны­мал амери­калық «Дже­нерал Электрик» компания­сы­ның газ турбиналары осындай өндіріс­тегі жоғары техникалық кешен болып табылады екен. Оның сал­мағы 198 тоннаны құрайды. Бұған Фран­цияның «Aisthom» компания­сында шы­ғарылған салмағы 145 тонна тартатын генераторды қосы­ңыз. Сон­дай-ақ, қосалқы қон­дыр­ғы­­лар мен материалдар да әлем­нің же­­тек­ші компанияларында шыға­рыл­ған. Міне, мықты, сенімді және қауіп­сіздік деңгейі жоғары газ-тур­биналы электр стансасы деп осыны айтыңыз. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» Батыс Қазақстан облысы Суретте: «Батыс Паэур» газ-тур­­­би­­налы стансасынан көрініс