02 Ақпан, 2011

Тағы да... төрт алтын!

364 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
МӘРЕДЕН ӨТКЕН КӨКБАЙРАҚ Шығысқазақстандық шаң­ғы­шылар Оксана Яцкая мен Елена Коломина тағы да Сол­датсайдағы стадионда Азиа­да­ның кешегі күні­нің қаһар­ман­да­рына айналды. Сөй­тіп, еркін мә­нер­дегі командалық спринт эста­фе­тасының жеңім­паз­да­ры атанды. Біздің бұл екі қы­зымыз іс жүзінде жарыстың өне бойында көш бастап, қорытын­ды­сында 20 минөт 39,9 секөнт уақыт көрсетті. Қазақ елінің мерейін асырған жеңім­паз­дар екінші орын алған Қытай құрама­сы­ның өкілдері Мань Даньдань мен Ли Хонсюдан мәреге 36,5 секөнт бұрын жетті. Жүлде­гер­лер үшті­гін жапондық қыз­дар Омори Наоко мен Кобаяси Юки түйіндеді. Олар қазақстандық шаңғы шеберлерінен 54,5 секөнтке қалып қойған еді. Осылайша кеше таңертең Ок­сана мен Елена Қазақстан коман­дасының қоржынына өтіп жатқан ойындардың 7-ші алтын медалін салды. Азиаданың шыт­тай жаңа чемпио­ны О.Яцкая мәре сызығын қиған­нан кейін қуаныш үстінде өз әсерін бөлісіп: «Біз бүгін құрмет тұғы­ры­ның ең биік сатысына көтерілуге құл­шынып шыққанбыз. Өйткені, бұл алтын бізге өте қажет бол­ды. Алтын медальдардың кө­бірек болғаны жалпы­коман­да­лық есепте елімізді алдыңғы шеп­ке шығарады емес пе? Біз үшін ең зор абырой да сол. Жа­рыс жолының өне бойында «Оксана, Оксана!» деп айғай­лаған жанкүйерлердің дауыс­та­ры маған дем беріп, жеңіске жетелегендей болды», – деді. Ал ерлер арасындағы коман­далық спринтте шығысқазақ­стандық Алексей Полторанин мен ақмолалық Николай Чеботько ерледі. Олар алты айналымды бір-бірімен алмаса, 22 минөт 46,2 секөнт уақытта еркін мәнерде екпіндей жүріп өтіп, айқын ба­сымд­ылықпен жеңіске жетті. Тіпті, қазақстандықтардың басым­ды­ғы айтарлықтай болғандығы сон­шалық, ақырғы алтыншы ай­налымды аяқтаған кезде Чеботько қолына алған көкбайрақты жел­бірете жүгіріп мәре қиды. Мұ­ның өзі осынау Азиаданың ұмытылмас жарқын сәті болып жадымызда сақталары анық. Күміс медаль күншығыстан келген Жапония өкілдері Кимура Масая мен Нарусэ Нобудың еншілеріне тиді. Олар жеңім­паз­дардан 13 секөнт кейін қалды. Жеңіс тұғырының үшінші саты­сына оңтүстіккореялық шаңғы спорты шеберлері Пак Бюн Джу және Юн Еу Мюн  көтерілді. Алтыннан алқа таққан жігіттеріміз өз қуаныштарын жасыра алмады. Олар әр айналымға бар күш-жігерлерін салып, шаңғы жолының өрі мен еңісінде, қиын бұрылыстарында шеберліктерінен жазбай, өздерінің шын жүй­рік шаңғышы екендерін дәлел­деді. Сөйтіп, алғашқы бірер айна­лымда бұ­лар­мен тала­сып, тайта­ла­сып бақ­қан жапон­дық­тарды екі­нші орын­ды қанағат тұтуға мәж­бүр етті. Өйткені, шеберлік пен тәжірибе, күш-қайрат пен жыл­дам­дық, жалын-жігер мен отаншылдық сезім біздің Алексей мен Ни­колайдың бойында мо­лырақ болып шықты. * * * Қазақстан биатлон­шысы Александр Червя­ковтың 10 шақырымдық спринтерлік біріншіліктегі ойда жоқ жердегі ғажап жеңісін спорт жұртшылығы «Фантастика!» деп бағалауға пейіл білдірді. Оның себебіне келер болсақ, біздің спорт­шымыз екінші нысана көздеу шебінде екі рет мүлт кетті. Содан кейін уақытша жарыс көшін бастап келе жатқан қытайлық Рен Лоннан 12,1 секөнт уақыт кемдігімен үшінші болып жолға шық­ты. Міне, нақ осы кезде Александр табанды­лық пен қай­сар­лықтың, шымырлық мен шынық­қан­дықтың үлгісін көрсете білді. Сәтсіздікке мойымай, қайта жігерленіп ширыға түскен ол жарыс жолында бар күш-қайратын сарқа жұмсап, жеңіс үшін соңғы сәтке дейін аянбай күресті. Жұрт екі айып айналымын мойнына бай­ла­ған А.Червяковтың жалпы жүл­делі орын алатындығынан бұл кез­де күдер­лерін әбден үзіп қой­ған болатын. Бірақ мәреге жақын­даған шақта найзағайдай жарқыл­даған Александр Червяков алтын медаль алудан дәмелі болып тұрған қытай спортшысын 6,3 секөнтке артта қалдырды. Сөй­тіп, жоқтан бар жа­са­ған, бол­маст­ы болдырған, уыстан шығып кетіп бара жатқан жеңісті өзімізге қайтарып алған жеңім­паз­дың нә­т­и­жесі 29 минөт 1,6 секөнт бол­ды. Мәре сызығын қиып өткен соң қалжырап бар күшінен айы­рыл­ған Александр құлап жығыл­са да, жанкүйерлер соншалықты күткен жеңісті өз еліне сыйлап үлгерді. Бір айта кетерлігі, күміс медальді олжалаған қытайлық Рен Лон биатлондық жарыстың екі атыс шебінде бір де рет мүлт кетпеген бірден-бір спортшы болды. Атыс шебінде бір ғана рет мүдір­ген жапон биатлоншысы Нагаи Джунджи қола медальді олжала­ды. Биатлон жарысына қатысқан қазақстандық тағы бір спортшы Диас Кенешев жүйрік жүгіретін тәуір шаңғышы бол­ғанымен, әсі­ре­се, екінші атыс шебінде өкі­нішті қателіктерге жол беріп ал­ды. Қорғанбек АМАНЖОЛ. Алматы. _______ Суреттерді түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.