03 Маусым, 2016

Әзербайжанда орыс тілін оқыту тоқтатылуы мүмкін

442 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

03-06-16-azer-dil

АСТАНА. 3 маусым. Әзербайжанда таяу аралықта мектептерде орыс тілінде оқыту жүйесінің тоқтатылуы мүмкін. Бұл туралы Oxu.Az порталына ақпарына сүйенген egemen.kz тілшісі хабарлады. Насими атындағы Әзербайжан тіл білімі институтының ғылыми қызметкері Джахид Исмайылоглу орыс тілінің империядан қалған қалдық болып табылатынын айтады. Оның пікіріше, жағдай бұлай болып кете берсе, әзербайжан тілінің дамуына едәуір кедергі келтіріледі. Сондықтан орыс тілінде оқыту жүйесінен қысқа мерзім ішінде құтылу керек. «Біз, әзербайжандар, ұзақ жылдар бойы екі тіл жағдайында өмір сүріп келдік те, орыс тіліне айрықша маңыз бердік, кей жағдайларда ол ана тілімізден де асып түсіп тұрды», – дейді ол. Маманның айтуынша, қазіргі таңда Әзербайжанда орыс тілін дамытудың үлкен негізі бар, енді білім жүйесінде орыс секторының бола беруі әзербайжан тілінің, соның ішінде балалар әдебиетінің дамуына көп кедергі келтіреді. «Сондықтан біздің елімізде туған тілімізде білім алу ешбір баламасыз міндетті нәрсе болуға тиіс, орыс секторын жоюымыз керек, ал орыс тілін шетел тілдері қатарында оқытуға көшкен жөн. Олай болмаған жағдайда туған тілді дамытуға деген сұраныс болмай қалып, әзербайжан тілін дамыту тежеле береді», – деді ғылыми қызметкер сосын. «Бір мысал келтірейін. Бүгінде ата-аналардың көпшілігі өздерінің балаларын орыс секторында оқытып жүргендерін әзербайжан тіліндегі мектептерді оқу құралдыры мен әдебиеттің жетімсіздігімен байланыстырады. Рас, бізде мұндай жетімсіздік бар. Бірақ дәл қазіргідей альтернативті тілде білім алу жалғасып тұрған кезде бұл жетімсіздіктің болғаны – болған, өз тілімізде оқуға деген ынта әзір туа қоймайды», – деп атап өтті Исмайылоглу. Талғат Райымбек. Дерек, фото: Oxu.Az.