АТА ЗАҢҒА АДАЛДЫҚТЫҢ АЙҒАҒЫ
Ғұмыр бойы партия, кеңес органдарында басшылық қызмет жасадым. Кеңестік қоғамда талай құбылыстардың куәсі болдық. Қай кезде де ардың туын биік ұстап, хал-қадерімізше елдің игілігіне күш-жігер жұмсадық. Соның бәрінен де еліміз тәуелсіздік алғандағы қуанышымызда шек болмады. Бар мақсат-мұратымыз осы жолға жұмылдырылды. Тәуелсіз еліміздің іргесі беки түсуіне атсалыстық. Сол бір кезде ата-баба армандаған ұлы көштің көшбасшысын халық дәл таба білді. Ол Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев еді. Тәуелсіздігіміздің елең-алаң шағынан бүгінге дейін қаншама қыруар істер атқарылды. Қаншама биік белестерге шығып, абыройымыз асқақтады. Ол күллі әлемнің көз алдында. Дана халқымыз болса асыл азамат, төрткүл дүние таныған біртуар тұлғаға деген алғыс сезімдері мен ақ ниеттерін айтып келеді. Оның бәрін санамалап шығудың өзі қиын. Соның бірі бастамашы топтың Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту жөніндегі республикалық референдум өткізу туралы Қазақстан халқына үндеу қабылдауы еді. Ол Елбасының халқымыздың бейбіт өмірі мен бақытты тұрмысына кепіл болатындығына сенгендіктің анық белгісі, жарқын болашаққа деген арман-тілектен туындаған-ды. Сондықтан ол үндеуге бәріміз де қосылдық, қуаттадық, қолдадық. Осы тұста менің бір байқағаным, Елбасына деген жас толқынның ықыласы бөлектігі. Өткен жылы Нұрсұлтан Әбішұлы Маңғыстауға жұмыс сапары кезінде біздің Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде болып, студенттер мен емен-жарқын әңгімелесті. Ал олар Елбасына тікелей тапсырмасымен Ақтауда халықаралық деңгейдегі жаңа заманғы технологиялар университетінің негізін қалағаны үшін алғыс сезімдерін білдірді. Бұл күндері университет бүкіл Каспий аймағының халықаралық білім беру базасына орай жұмыс жасауда. Білім ордасы жаңа заманға сай студенттік корпусына көшті. Студенттер қалашығының құрылысы жалғаса түсуде. Ал күні кеше теледидар арқылы Мемлекет басшысы, тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа үндеуін тыңдадық. Онда бес миллионнан астам қазақстандықтардың жүрек қалауы мен талап-тілегіне орай Парламент депутаттарының референдумды қолдау жөніндегі шешімді қабылдамай тастағанын жеткізді. Және де бастамашы топқа, депутаттарға, барша қолдау білдірушілерге алғыс айтып, бүкілхалықтық бастаманы аяқсыз қалдырмай, Президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу туралы ұсыныс енгізетіндігін айтты. Бұл дегеніміз елдіктің жолында ерліктің де, кеңдіктің де, Ата Заңымыздың алдындағы теңдіктің де тамаша үлгісі. Талайларға тағылым болатын оқиға. Біз Елбасын қашанда, қайда да қолдаймыз, сенім артамыз. Осындай асыл азаматымыз барда арқамызды асқар тауға сүйегендей алаңсызбыз. Бірлігіміз берік болып, татулығымыздың тамыры тереңдей берсін.Шабаз ИМАНАЛЫҰЛЫ, еңбек ардагері, Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті ректорының кеңесшісі.
Ақтау.* * *
ЕЛБАСЫНЫҢ ХАЛҚЫНА СЕНГЕНІ БҰЛ!
Көне тарихтың ежелден бері келе жатқан бір ақиқатына сүйенер болсақ, әрдайым өзінің қасиетті елі мен киелі халқының және жалпы адамзаттың мүддесі үшін адал қызмет еткен әмірші мен билеушінің ғана есімдері мен істері ұмытылмай ғасырдан ғасырға көшіп, ұрпақтан ұрпаққа аңыз болып ауысып отырары бар. Әріге бармай-ақ, қазақ елінің тәуелсіздігінің жиырма жылғы кезеңіндегі қилы-қилы оқиғаларды тізбелеп ойға алар болсақ, кешегі кеңестік жүйенің ыдырауына байланысты «Енді не істейміз, ендігі күніміз не болар екен?» деп абдырап қалған халықтың бірі едік біз. Мәскеудің айдағанына жүріп, айтқанына көніп жұмыс істеп үйренген дағды бойынша көшіміздің көлігін қай жаққа, қай арнаға бұрарымызды біле алмай дал болып отырып қалған жағдайымызды да, өзіміздің тәуелсіздігімізді жариялағанымызбен, өз бетімізше ел болып, мемлекет болып кетерімізге әуелі өзіміз сене алмай, жалтаңдап күй кешкен күнімізді де ұмытқан жоқпыз. Міне, осы бір ой мен істің дағдарысты шағында қазақ тарихының сахнасына сол қазақтың бір перзенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев шығып: «Туған елім, екі тізгін, бір шылбырды қолыма берген екенсіздер, сеніңіздер маған!» деген өр дауысымен үн қатты. Міне, сонан бері қазақ елінің тәуелсіздігінің бар тағдырын, соның бар ауыртпашылығы мен ұлы жауапкершілігін өз мойнына ала білген Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз халқының көңілінен шығып келеді. Тіпті, көңілден шықты деудің өзі аздау болар, Елбасы өз елі мен өз халқының жағдайын ойлауға келгенде ешкімнің ойына келмеген, ойына келсе де, бастауға да, атқаруға да батылдығы мен ерік-жігері жете бермейтін істерді бастап кеткендігін қайтерсіз! Аз жылдың ауқымында-ақ түрлі әлемдік қауымдастықтың дәл ортасынан ойып тұрып орын ала білген Қазақстанның әлемдік аренадағы бүгінгі абыройы мен бүгінгі беделін бір ғана адамның, Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен ғана байланыстырарымыз тағы да ақиқат. Жарылыстан көз ашпаған қазақ даласының соры мен жан азабы болып келген Семей атом полигонын жабу арқылы Елбасы адамзаттың да әлемдік мүддесіне адал екендігін сол айдай әлемге мәлімдеген еді. Сарыарқаның төсіне Алатаудың бөктерінен ел астанасын көшірудің өзін Елбасының көрегендігі және көзсіз батырлығы деп санағанымыз абзал. Әйтпесе, тоқсаныншы жылдардың тоқырауынан әлі де шыға алмай, жұмыссыздық белең алып, әркім тапқан айлығын, қарттар зейнетақысын уақытында ала алмай жүрген сол бір өлара тұста жаңа Қазақстанның жаңа астанасын салуға кірісуге Назарбаевтан басқа өзге ешкімнің де батылы жетпес еді. Мұны астананы Ақмолаға көшіру кезінде болған түрлі көзқарастар мен түрлі ой-пікірлер дәлелдей түседі. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінен бастап Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің туған халқын кесек сөйлеуге, ірі істер атқаруға жетелеп келеді. Кешегі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Саммитінің өткізілуі және Астана Декларациясының қабылдануы әлемдік тарих беттеріне алтын әріптермен жазылатын елеулі әрі айтулы оқиғалардың бірі. Ақиқатын айтар болсақ, Астана Саммитін өткізу арқылы тәуелсіз Қазақстанның әлемдік өркениетті елдермен иығы теңесті, абыройы аспандап, тағы бір биіктерге көтерілдік. Кеңестік жүйеде бір болған мемлекеттерді, одан қалды Орталық Азияны қойып, барлық түркі әлемінде тұңғыш рет Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық жасауы бұл ең әуелі әлем мойындай білген біздің Ұлт Көшбасшымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ақылы мен ойының, кемел кемеңгерлігінің және дүниежүзілік оқиғаларға байланысты ой айта алар, ширыққан мәселелерді ебімен шеше білер білікті саясаткерлігінің абыройы. Күні кеше Астана қаласында ашылған VІІ Қысқы Азия ойындарының салтанатты шеруі тағы да Қазақстанның, оның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың даналығы мен даралығын, кезінде «Елім-айлап» өз жерінен тұрақ таппай, шапқыншылыққа ұшырап, жөңкіле көшкен, онан кейін ашаршылық пен небір замана нәубеттерінің зардабын тартып, сүйегі ақ сөңке болып шашылып қалған, жан сақтау үшін әлемнің төрт бұрышына тарыдай шашырап кеткен менің ұлтым да, менің халқым да енді тезірек есейсе екен, тезірек әлемдік өркениетке барып қосылса екен, өзге жұртпен қатар тұрып, тең сөйлесіп, еркін жүрсе екен деп ойының қармағын әріге салған Елбасы өз елінің бүгінгі ұлдары мен қыздарын, біздің бәрімізді қыран болса екен деп соған баулып, тұлпар болса екен деп жаратып жатқандығын ұғына білейік. Егер біз әлі де жас мемлекетпіз деп бүгінгі өркениеттің жалынына жармаспасақ, келешекке көз тікпесек, болашаққа ұмтылмасақ, ойымыз да тоқырап, ісімізден береке кетіп, бүгінгідей биікке шыға алмас та едік, уақыттың өзімізге тартқан сый-сыбағасынан да құралақан қалып та қоймас па едік?!. «Біз осылайша аз жылда абырой артқан айбынды елге, қуатты ұлтқа айналдық, осының бәрі жұртымызды жаһандық ауқымда ойлауға баулу мақсатында жасалуда», деп Елбасы өзінің биылғы Жолдауында анық әрі нақты айтып отыр. Рас, біз айбынды елге, қуатты ұлтқа айналдық! Ең әуелі Елбасы бастап, өзі қолға алған айбынды істерді жүзеге асыру арқылы айбынды ел бола алдық. Сол арқылы өзіміз де ой мен тәжірибе жинақтап, қуатты ұлтқа айнала білдік. Туған халқы Елбасына әрдайым сеніп келгендігі хақ. Сол сенім арқылы барлық қазақстандықтар «Біз қуатты Қазақстан үшін Елбасымен біргеміз» атты ұран көтеріп, Президенттің өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту бастамасын көтеріп, өздерінің адал ниеттері мен шынайы көңілдерін білдірген болатын. Әрине, барлық қазақстандықтар референдум өткізуді қолдаймыз деу арқылы өз Елбасына әрдайым сенгендіктерін әлі де сенетіндіктерін қуаттаған еді. Бұл сенім Елбасының өзін де толғандырғаны анық. Күні кешегі Үндеуінде: «Мен үшін өз халқымның қалтқысыз қолдауынан артық биік баға болмайды», деп айтуы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өз халқына деген тағы да бір адал көңілі мен қалтқысыз сыйы мен құрметін айғақтайды. Елбасының референдум өткізуден бас тартып, Президент сайлауын өткізу туралы ұсыныс енгіземін деуі Ұлт Көшбасшысының шынайы демократтық қасиетін тағы да танытты. Бәрінен де, кез-келген мүддеден бұрын Конституцияның биік тұратындығын Елбасы осы шешімімен тағы да бір айғақтап, көрсетіп беріп отыр. Ал енді осы Үндеуден біз Елбасының өз халқына қалтқысыз сенетіндігін аңғардық. Шынын айтқанда Президенттің өкілеттігін ұзарту жолында референдум бола ма, жоқ әлде Президент сайлауы өткізіле ме, соның бәрінде де қазақстандықтар Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты қолдап, тағы да сенім білдіретіндіктеріне өз басым кәміл сенімдімін. Елбасы өз халқына сенсе, туған халқы да Елбасына сенеді! Ажырамас осы бір қос ұғым – Сенім арқылы біз өзіміздің бүгініміз бен болашағымызды Елбасымен байланыстырарымыз анық. Назарбаевы бар Қазақстан тұрақты дамитын ел! Назарбаевы бар қоғам алаңсыз өмір сүретін қоғам!Жабал ЕРҒАЛИЕВ, жазушы, облыстық мәслихат депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Көкшетау.* * *
ПАРАСАТТЫ ТҰЖЫРЫМ ЖАСАЛДЫ
Қазақстанға әлем жұртшылығы елеңдеп, көз тігіп отыр. Оның себебі өткен жыл мен биылғы жыл тәуелсіз ел төрінде есте қаларлық дүбірлі оқиғалардың орын алуымен жалғасқаны дер едім. Күні кеше демократия салтанат құрып, Елбасы халыққа Үндеу жариялады. Туған Отанымдағы қандай да бір жаңалық болмасын мені бей-жай қалдырмайтындықтан оны теледидардан тыңдадым. Конституция берген құқықтар мен бостандықтар қоғамдағы кімге болсын ортақ екенін Президент бұл жолы тағы бір дәлелдеді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің өкілеттігін референдум арқылы 2020 жылға дейін ұзартуды ұсынған ынталы топ бастап, бес миллион халықтың қолдауына байланысты Конституциялық Кеңестің шешіміне орай Елбасы соңғы тұжырымын жасады. Қазақстан – ерікті де еркін ел. Осы бағытта барша халықты адастырмай, көш бастаған Нұрсұлтан Назарбаев елінің де, өзінің де абыройын асқақтатты. Мерзімінен бұрын Президент сайлауын өткізу туралы Үндеуінде «Жұртшылықты бөлетін «референдум әлде сайлау» деген таңдаудың орнына мен халқымыздың еркі мен демократиялық қағидаттарға адалдығын ескеретін және бізді біріктіретін жолды ұсынамын» деген сөзі мені терең толғандырды. Бұл дер кезінде жасалған батыл шешім. Елбасы өзіне, туған халқына сенеді. Кеңес дәуірінде ел басқарып, талай сайлауды бастан өткердік. Сайлауда халықтың жеке пікірі, Конституциялық құқығы жүзеге асырылады. Қандай кезде де қазақстандықтар Президенттің жанкешті еңбегін жоғары бағалайды, құсұйқылы күн кешетінінен де толық хабардар. «Елі сүйген Елбасы» деген баға бекер емес. Бүгінгі бақытқа кенелткен Тәуелсіздік пен Елбасын бөле-жара қарай алмаймыз. Ол Құдіреттің «Азды құрап, ел ет, сазды құрап жер ет» деген киелі сөзін жанына жалау еткен біртуар азамат. Біз үшін ол Тәңірдің сыйы, халқына адал қызмет етудің үлгісін танытқан тұлға. Қоғам болған соң кейде бәрі де тең түсе бермейтін сәттер болатыны заңдылық. Бірақ, қай кезде қазақтың асығы дәл бүгінгідей алшысынан түсіп еді? Оған шүкір етейік. Үндеу ақпараттың күшімен дүние жүзіне тарайтыны анық. Бұл жаһанды тағы бір жалт қаратады. Шекарамызды таспен емес, доспен бекіткен Көшбасшының бұл байламы талайларды таңдандырар. Өйткені Нұрсұлтан Әбішұлы Ата Заңның талаптарына орай сайлау арқылы өзінің өкілеттігін ұзартуға батыл қадам жасады ғой. Ал, билікті білектің күшімен алып жатқандар аз ба?! Өзгелерге үлгі болатын қадамды қазақтың баласы жасағаны қандай қуаныш. Мұсылманның басты байлығы мен мақсаты – бейбітшілік. Елбасы тәуелсіздіктің алғашқы кезінде: «Тегіміз – түрік, дініміз – ислам екенін ұғынуымыз керек» дегенін де жадымнан шығарған емеспін. Адами қасиеттің биігіндегі Нұрсұлтан Әбішұлына деген қазақстандықтардың ыстық ықыласы шексіз. Демек, Президенттік сайлау өткізу арқылы халық алдындағы жауапкершілігіне парасатты тұжырым жасаған Елбасының Үндеуін жетісулықтар да бір кісідей қолдап отыр. Әрдайым біз Елбасымен біргеміз. Аға ұрпақ өзіміздің де, ұрпағымыздың да тағдырын өзіне ғана тапсырып, өркениет көшіндегі дана басшылықпен алға адымдайтынымызға бек сенімдіміз.Төленді САРЫБАЕВ, Алматы облысының құрметті азаматы.
Алматы облысы.* * *
КЕМЕЛДІЛІКТІҢ КЕСІМДІ ШЕШІМІ
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ел халқына үндеуі ұлағатты ұстаным ғана емес, өркениетті елдер қатарына қосылуға бағыт ұстаған тәуелсіз мемлекетіміздегі демократиялықтың қаншалықты дамығанының жемісі де. Тұңғыш Президенттің өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзартуға байланысты осындай жолды таңдауы қашанда қара басының бедел-биігін елінің намысы мен табысына арнайтын Нұрсұлтан Әбішұлының кесек шешім қабылдайтын келбетін көрсетсе керек. Елімізді экономикалық-әлеуметтік және саяси жағынан нығайтып, әлемге танытуда, орталықты Астанаға көшіруде, ЕҚЫҰ-ның Саммитін өткізуде батыл қадамдарға барған Тұңғыш Президентіміз референдум өткізу жөнінде де салмақтылық пен салиқалылық танытты. Бұл бастаманы 5 миллионнан астам қазақстандықтар қолдағанына қарамастан Конституциялық Кеңеске жүгініп, оның Ата Заңымызбен қаншалықты қабысатынын зерделетуінің өзі оның сарабдал саясатшылығына, тұлғалы мемлекет қайраткерлігіне жатады. Ал референдум өткізуден бас тартуы және Президенттік өкілеттігін екі жылға қысқарта отырып, мерзімінен бұрын өткізілетін Президенттік сайлауға қатысуға әзірлігін баяндауы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының демократиялық қағидаттарға адалдығын және өзіне деген сенімділігінің дәлелі дер едім. Халыққа да осындай басшы керек, сайлауға қатысатын қазақстандықтардың 5 миллионнан астамының референдумды өткізуді қолдауы да сондықтан. Мейлі сайлау болса да Елбасы осындай қолдауға ие болады, оған кәміл сенімдіміз. Президенттің қарапайым халықтың арасындағы беделі өте жоғары. Еліміздегі бақуатты тұрмыс, ұлтаралық және конфессияаралық татулық пен саяси тұрақтылық Елбасы есімімен тығыз байланысты екенін халық түсінеді. Елімізді мекендеген барша ұлттың арасында сүттей ұйыған татулықтың дем берушісі және ұйтқысы да Елбасы. Президенттің осындай сара саясатының жемісін мен де көріп келемін. Өзімнің ұлтым ұйғыр, осы өңірде еңбек жолымды бастадым, елдің құрметіне бөлендім, тамаша достар таптым. Ешкім кеудемнен итерген жоқ. «Қазақстан ұйғырлары «Назигум» республикалық мәдени орталығы» Ақтөбе облыстық филиалын басқарамын. Бұдан артық не керек адамға. Конституция талаптарын қастерлейтін, демократиялық дамуды ұстанатын қасиетінен Нұрсұлтан Әбішұлы бұл жолы да жаңылған жоқ. Қайта осы қадамы арқылы күні кеше ғана еліміздегі ынтымақ пен бірлікке аузын ашып, көзін жұмып кеткен әлем елдерінің қатарын көбейте түсті деп ойлаймын. Мен әр түрлі деңгейдегі жиындарда Елбасының көсемдігі мен шешендігіне, елдің ілгерілеуіне қатысты істерді қолға алғандағы көрегендігіне тәнтімін. Елбасының Қазақстан халқына биылғы Жолдауы елдегі әлеуметтік мәселелерді шешуімен жұртшылық көңілінен шығып, оған деген ел сенімін бұрынғыдан да нығайта түсті. Қазір халықтың аузында осы Жолдауда белгіленген міндеттердің жүзеге асуының өмір сүру деңгейін бұрынғыдан гөрі де арттыратындығына деген сенім. Себебі, жұрт бәрін көріп, бәрін өз бастарынан өткеріп сезініп отыр. Мемлекет басшысына деген ыстық ықылас алда да артпаса кемімейтініне кәміл сенемін. Елбасы мұндай қолдауға мерзімінен бұрын өтетін Президент сайлауында да ие болатыны сөзсіз. Нұрсұлтан Әбішұлы демократиялық жолмен сайлау өткізуді таңдап, тарихи тағылымды шешім жасады. Мұның өзі кейбір бізге қызғана қарайтын мемлекеттердің өзіне еліміздегі демократияның деңгейін мойындататын шешім болды расында. Елбасының өркениеттің мүддесімен үйлесімді бұл шешімі өзге елдерге де үлгі-өнеге болары сөзсіз.Тілепжан ИБРАГИМОВ, «Қазақстанның 30 жылдығы» ЖШС директоры.
Ақтөбе облысы, Қобда ауданы.* * *
ХАЛЫҚ ОҢ ШЕШІМ ЖАҒЫНДА
Елбасы референдумның өтпейтіні жөнінде халыққа үндеуін жариялады. Тәуелсіздік алған жиырма жылға жуық уақыттың ішінде еліміздің экономикасы серпінді дамыды. Дағдарыстардан сүрінбей, жығылмай өттік. Қазір мамыражай уақытта өмір сүріп отырмыз. Ауылдағы ағайынның жағдайы да жаман емес, көңілі де, көшуі де тоқтаған. Өзім ауыл шаруашылығын ұйымдастырушы, кәсіпкер болғандықтан, бұл саланың кейінгі кезде инновациялық жолмен дами бастағанына қуаныштымын. Техниканың барлығын жаңарту үстіндеміз, құрғақшылық жылдары да бидай егудің жаңа технологиясын пайдаланғандықтан қамба құр болмайды. Өткен жылы беделді халықаралық ұйым – ЕҚЫҰ-ға басшылық жасадық. Бұл еліміздің беделін арттырып ғана қойған жоқ, Қазақстан ұйымдағы 56 елге бейбіт өмір сүруді, демократиялық құндылықтарды құрметтеуді өз үлгісінде көрсетті. Мұны тізбелеп айтып отырғаным, осының барлығы да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген идеялары мен саясатының арқасында болатын. Ал оның ішкі, сыртқы саясатының дұрыстығынан Қазақстан осындай әлем танитын дәрежеге жетті. Рас, референдумды жақтадық. Бұл халықтың Нұрсұлтан Әбішұлы бастаған идеяларын аяғына дейін жеткізсін деген тілегінен туған еді. Енді Елбасы бұл жолы да өзінің ешкім дау айта алмас, көптің көңілін тағы да тапқан дұрыс шешімін жасап отыр. Ол осы шешімі арқылы Конституциямызды сыйлайтындығын, демократиялық құндылықтарға құрметпен қарайтынын білдірді. Халқымыз «ұлық болсаң – кішік бол» демейтін бе еді? Өзін ешқашан халқынан бөле-жарып көрмеген ірі саясаткер осы ұстанымда қалды деп ойлаймын. Әйтпесе, референдум арқылы өкілеттігін созып алса, оған қарсылық болмайтындығын бастамашы топтың ісі көрсетті емес пе? Сайлаудың да сәтті өтеріне дауымыз жоқ. Әлемдік деңгейге көтерілген сардар саясаткер сайлауға түсер, оған демократиялық бағытта дамып отырған ел болғандықтан баламалар да табылар. Бірақ бүгінде бір атаның балаларындай ұйып, аштықтың, жоқшылықтың не екенін білмейтін ұрпақ өсіріп отырған қазақстандықтар үшін Нұрсұлтан Назарбаевтың орны бір бөлек деп білемін. Мен мұны жергілікті жерде, халықтың арасында біте қайнасып жүргендіктен, білгендіктен айтып отырмын. Халық қашанда дұрыс шешім жағында. Оны дауыс беру кезінде уақыт өзі дәлелдей жатар.Амангелді ЖАЛҒАСОВ, «Ақкиік» ЖШС директоры, облыстық мәслихат депутаты.
Қостанай облысы, Сарыкөл ауданы.* * *
ДҰРЫСТЫ ДҰРЫС ДЕУ КЕРЕК
Қоғамнан, саясаттан сырт тұратын адам жоқ деп білемін. Саясатпен айналыспасаң, саясат сенімен айналысады деген де сөз бар. Сондықтан жасымыз тоқсанға жақындап келіп қалғанмен, қоғамда не болып жатыр деп алаңдап тұратынымыз рас. Ал біздің егемен еліміз басқасын айтпағанда, ескі жылдың соңы, жаңа жылдың басында елеулі оқиғалардан кенде болған жоқ. Ең алдымен Астанада әлемдік деңгейдегі саммит өтті дүркіреп. Одан кейін іле-шала біздің өңірдің азаматтары Елбасы өкілеттігін 2020 жылға дейін созу мақсатымен референдум өткізу жөнінде игілікті бастама көтерді. Ал одан кейінгі жерде Мемлекет басшысының қос палаталы Парламенттің бірауызды шешімін кері қайтарғанын білесіздер. Енді, міне Конституциялық Кеңес те жалпы сайлаушылардың жартысынан астамы қызу қолдаған бұл бастаманың заңға томпақ келетіндігін айтып отыр. Әрине, Конституциялық Кеңестің бұл шешіміне Елбасымыз бір ай ішінде өз қарсылығын білдіруге де болатын еді. Бірақ, Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің сарабдал басшы екендігін көрсете білді. Сөйтіп, қос палатадағы депутаттарымыз қолдаса кезектен тыс сайлау өткізіп, сонда бақ сынамақ. Елбасымыздың кезекті сайлауға дейін әлі екі жылы бар екендігіне қарамастан осындай қадамға баруының өзі бір жағынан өзіне, екінші жағынан халқына деген зор сенімін көрсете ме деймін. Мен осы жасымда көпті көрген жанмын. Сол ұзақ ғұмырымда адам баласы үшін тыныштық пен бейбітшіліктен асқан ұғым жоқ деп білемін. Жоғарыда еліміздегі соңғы бір-екі айдағы жақсы мағынадағы жаңалықтарды тізбелеп шықтым. Ал әлемде не болып жатыр. Тунис пен Египетіңіздегі жағдай анау, Мәскеудегі жарылысыңыз мынау. Жаратқаннан сондай апатты жағдайдың бетін аулақ қылсын деп тілейік. Алда, міне, ел тәуелсіздігінің жиырма жылдығы келе жатыр. Соған дейін заңды Президентімізді сайлап алып, мерекені берекелі көңіл күймен атап өткенге не жетсін! Ал сан дүбірлі додада шашасына шаң жұқтырмаған Тұңғыш Президентіміздің бұл жолы да топ жаратындығына бір мен емес, бүкіл отандастар кәміл сенімді! Асылхан БЕКБАЕВ, соғыс ардагері, Семей қаласының құрметті азаматы. Семей.