Елбасының 2020 жылға дейінгі ел дамуының стратегиясы айқындалған «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Қазақстан халқына Жолдауы жер-жерде нақты іс-қимыл бағдарламасы ретінде қабылдануда. Осынау бағдарламаның іске асуы республикамыздың экономикасы тиімді және халықтың тұрмыс деңгейі жоғары күшті мемлекетке айналуына мүмкіндік бермек. Аса маңызды құжатты талқылауға арналған Алматы қаласы активінің жиналысында осы сөздер алтын өзек болып өрілді. Жиынға қала әкімі Ахметжан Есімов қатысып, сөз сөйледі. Ел тәуелсіздігінің жиырма жылдығы қарсаңында жария етілуі Жолдаудың тарихи мән-маңызын айғақтай түскендей. Онда экономиканы жеделдете жаңаландыруға үлкен көңіл бөлінген. Президент атап көрсеткеніндей, біздің экономикамыздың бәсекеге қабілеттілігі энергия шығындарын кемітуді қамтамасыз ететін тиімді технологияларға негізделуі тиіс.
– Индустрияландыру өңірлік саясаттың жаңа парадигмасын қалыптастырады, ал мұның өзі биліктің жергілікті органдарына ерекше жауапкершілік жүктейді, – деді А.Есімов. – Бүгінгі таңда Алматыда ел Президенті Жолдауда алға қойған міндеттерді орындап шығу үшін барлық алғышарттар бар.
Шынында да қала экономикасы өрге басуда. Өткен жылдың қорытындылары бойынша экономикаға соңғы жылдарда болып көрмеген мөлшерде күрделі қаржы салынды. Азиада нысандарының құрылысы жөніндегі Елбасы тапсырмасы орындалғандығы атап өтілді.
Жолдауда биік рух, үлкен саяси мән бар екендігі айтылды. Ол ұлтты өзінің барша мүмкіндіктерін, халық қуатын жарқын болашақ үшін жұмылдыруға шақырады.
Қала әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов, басқа да сөйлеушілер республикамызда және Алматыда қол жеткен табыстар Нұрсұлтан Назарбаевтың жоғары беделінің арқасында мүмкін болып отырғандығын мәлімдеді.
Актив жиналысында алматылықтар Мемлекет басшысының сенімін ақтап, алға қойылған межелерді абыроймен еңсеретініне сенім білдірді.
Қорғанбек АМАНЖОЛ.
Алматы.