*Үкімет назарына
Атырау балықшылары балық аулау лимитінің дәл осылай бөлінгенін әділетсіздікке балап отыр
Атырау экономикасының басты бағытының бірі – балық шаруашылығы. Бұл саланы жаңаша дамытып, табыс табуға ынта танытушылар әлі де бар. Мәселен, Мұрат Әмірғалиев жетекшілік ететін «Амангелді» өндірістік кооперативінің балықшылары су маржанын тек Жайық өзенінен ғана аулаумен шектелмейді. Бұл кооперативтің Исатай, Құрманғазы, Жылыой аудандарында да өндірістік филиалдары бар. Маңғыстау өңірінде екі учаскесі және бар. Биылғы көктемде балық аулау жұмысына 500-ге жуық балықшы тартылған болса, балық өңдеу цехтарында 200 адам еңбек етеді. Олар тәулігіне 120 тонна балықты өңдеп, 1200 тоннасын тоңазытқышта сақтайды. Кооперативтің жылына орасан зор көлемдегі кептірілген балықты өңдеуге толық мүмкіндігі жетеді. Жеті жылдан бері тәулігіне 4 тоннаға дейін балықтың жон етін өңдеу цехы іске қосылыпты. Бұған қоса балықты ыстау цехында дайындалған өнімдер тұтынушыларға дамылсыз жөнелтіледі. Дәл осы кооперативтің өнімдерін 15 сауда нүктесі жергілікті тұтынушыларға ұсынады. Сонымен бірге, «Амангелді» өндірістік кооперативі балық өнімдерін Еуроодақ елдеріне тікелей, яғни делдалсыз экспорттауға мүмкіндік беретін еуронөмір алыпты. Қазірдің өзінде бұл кооперативтің өнімдеріне Ресей, Грузия, Украина және Әзербайжан секілді ТМД елдерінен сұраныс арта түсіпті.
Өңірде осы секілді ісі өрге домалаған балық шаруашылығының қатарында «Інжу-Маржан» серіктестігін де айтуға болады. Мұнда да осы салада 20-30 жылдық тәжірибе жинаған адамдар жұмыс жасайды. Серіктестік су маржанын тұтынушыға өз сауда нүктелері арқылы тікелей ұсынады. Мотобаркастардан, таңбалаушыдан, теңіз бударалары мен мотоқайықтардан құралған өз флоты, өндірістік базалары, цехтары, стационарлық тоңазытқыштары мен мұздатқыш камералары бар.
– Бізде балық аулау маусымында 300-ге жуық адам жұмыс жасайды. Біз бір маусымда осынша адамды жұмыспен қамтимыз. Жыл сайын көктемгі балық аулау науқанында 1000 тоннаға дейін лимит алып келдік. Алайда, биыл біздің балық аулауға берілетін лимитіміздің мөлшері азайып, 800 тонна ғана бөлінді. Квотаны бөлумен қазір «Қазақбалықшаруашылығы» қауымдастығы айналысады. Өткен жылғы квотаны бізден де нашар игерген кейбір кәсіпорындардың биыл біздікінен көп квота алғандығын білеміз. Мәселен, жоспардың 28 пайызын орындаған шаруашылықтар бар. Ал оларға 98 тонна сазан аулауға квота берді. Бізге 41 тонна берілді. Былтыр бізде бұл лимит 92 пайыз игерілген еді. Сол себептен, лимитті бөлу кезінде шаруашылықтардың рейтингін, балық аулау жоспарын орындау мүмкіндігін ескеру қажет, – дейді «Інжу-Маржан» ЖШС директоры Гүлфара Исмағұлова.
«Абылай хан» серіктестігі де биыл дәл осындай кепті киіпті. Айтқандай, бұл серіктестік те Еуроодақ елдеріне балық өнімдерін шығаруға рұқсат алыпты. Алайда, серіктестіктің балық өңдеу цехтары бос тұр. Оның себебін серіктестік басшылары балық аулауға берілген лимиттің аздығымен түсіндіреді. Демек, бұл серіктестіктің Еуроодақ елдеріне экспортқа шығаратын балық өнімдері аз болатындығы дау тудырмайды.
– Бұл мәселе жергілікті атқарушы органдардың құзырына кірмейді. Алайда, балық шаруашылығы саласы да шағын және орта бизнестің дамуына әсер ететіндіктен, біз осы мәселемен айналысатын боламыз, – деп балықшылар базынасына байланысты ахуалға түсінік берді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев. – Балық аулау өндірісі біздің экономикамыздың өсуін қамтамасыз ете алатын болашағы зор сала. Бұл сала өте үлкен әрі күрделі. Қазір жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар бар. Бірақ, мамандардың айтуынша, біз мүмкіншілікті толық пайдаланып отырған жоқпыз. Атыраудың балық аулау өндірісі кезінде тек аймақтың емес, бүкіл республиканың, ТМД елдерінің мақтанышы болған. Біз сол деңгейге қайта жетуіміз керек. Мамандар бұған барлық мүмкіндік бар деп отыр. Бұл бағытта жүйелі түрде нақты мемлекеттік органдарда шешілетін мәселелер де бар. Аймақ экономикасына тікелей әсер ететіндіктен, барлық қайшылықтарды жою бағытындағы жұмыстарды қолға аламыз. Мүмкіндігі көп кәсіпорындарға аулауға рұқсат етілетін балық көлемі сәйкесінше көп болуы тиіс. Бұлай болмаса, расында да әділетсіздік.
Судан маржан сүзген балықшыларды бұлайша шөміштен қағу кімге тиімді екені бізге белгісіз. Керісінше, балық аулау, балық өнімдерін өңдеу арқылы мыңдаған адамды жұмыспен қамтыған кәсіпорындар ісіне тұсау болары даусыз. Демек, нақ осы саладан нәсіп табатын балықшылар жалақысының азаюына да ықпал етуі мүмкін. Бюджетке түсетін салықтың мөлшері де төмендеуі ғажап емес. Ендеше, осының бәрі өңір экономикасын, әсіресе, шағын және орта бизнесті өркендетуге қолбайлау болмасына кім кепіл?!
Үкіметтің, тиісті министрліктің балық аулауға бөлінетін лимиттің айналасында қордаланған мәселенің оң шешілуіне ықпал еткенін қалар едік.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ
Суретті түсірген
Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ