04 Маусым, 2016

Жарасым мен жарастық үйлесімі

421 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
20160603_181239Күні кеше республикамыздың маңызды мемлекеттік органдарында лауазымды қызметтер атқарып, билік басындағы Алаш азаматтарының алғы сапында жүрген, өмірінің ақтық сәтіне дейін елім деп еміреніп, халқым деп қамын жеп өткен текті тұлғаларымыздың бірі, саясат сардары, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Қаратай Тұрысовтың жарқын бейнесі әлі көз алдымызда. Сонау кеңес заманында еңбек жолын қатардағы инженер-геологтан бастап, қала, облыс басқарып, республика Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы, Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, кәсіподақтардың Бүкілодақтық Орталық кеңесінің хатшысы сынды мәртебелі лауазымдардың тізгінін ұстап, одан бергі Тәуелсіздік жылдарында да Президенттің сенімді серіктері қатарында министр, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы, Парламент Мәжілісіндегі Қаржы және бюджет жөніндегі комитетінің төрағасы қызметтерін қалтқысыз атқарған экономика ғылымдарының докторы, Инженерлік академияның академигі Қаратай ағамыздың есімін елдің зиялы қауымы ғана емес, көзі ашық, көкірегі ояу барша жұртшылығы сырттай естіп, жақсы біліп қана қоймай, бір көргеннен оны жазбай танитын. Былайғы жұрт Қарекеңді өзгеден ерек даралап тұратын кескін-келбеті мен нұрлы көздеріне, тіп-тік қайырылып, ажарын аша түсетін күмістей аппақ шашына тамсана да таңдана қараса, сыйлас дос, жақын-жуықтары мен әріптестері оның жанының жайсаңдығы мен көңілінің кеңдігіне, адамға деген шынайы мейірім-шапағаты мен мәрттігіне тәнті болатын. Өз ісіне шексіз берілген, қызметіне адал, жаны таза Қарекеңнің әріптестері мен дос­тары арасында ғана емес, ел ішіндегі абырой-беделі де көптеген замандастарынан асып түсіп жататындығы рас-ты. Сонысына қызыға да қызғана қарайтындар да аз болмайтын. Міне, мұнысын жақсы білетін, ағамызбен дәм-тұздас болған сыралғы дос-жаран кезінде Қарекеңнің осындай қадір-құрметке бөленуінде отбасының берекесін келтіріп отырған оның сүйікті жары, адал өмірлік серігі Әскеркүл Жамбайбекқызының өзіндік үлесі бар екенін, оның қонақжайлылығы мен пейілінің дарқандығын, кісіге қайырымы мен биік парасатын, адамгершілік ізгілігі мен ілтипатын ризалықпен айтып отырады. Осы әңгімелер құлағыма тиген мен осыдан он бес жыл бұрын Әскеркүл жеңгейге жолығып, онымен жүздесуге асыққан едім. Сөйтіп, алдын ала телефон арқылы өзімен тілдесуге келісімін алып, уақытын белгілеп, Астанадағы Парламент депутаттары тұратын үйдің екінші қабатына көтеріліп, пәтер қоңырауын бас­қанымда, есікті өзі ашып қарсы алған Әскеркүл жеңгейдің жылы шырайын көргенде-ақ қадамымды жақсылыққа жорығанмын. 20160603_181456Қайран, Қарекең де үйінде болып шықты. Біздің алғаш жүздесуімізден-ақ бірден тіл табысып, емен-жарқын әңгімеміз өріліп сала берген. «Әй, мұның да жөн екен», – деп әңгімемізге жан бітірген де Қарекеңнің өзі еді сонда. Екеуіміз қонақ бөлмедегі жұмсақ диванға жайғасқаннан кейін маған көзінің қиығын бір тастап қойды да: – Сен де әйелдің қадірін білетін жасқа жетіп қалған сияқтысың, байқаймын, – деп алып, ағынан жарылып сала берген. – Айтары жоқ, отбасының өсіп-өнуі мен өрісі де, жақсылығы мен тапшылығы да әйелге байланысты. Бес баламның қалай туып, қалай адам болғанын да осы Әскеркүл жеңгең біледі. Мен 1955 жылы Мәскеуден инс­титут бітіріп келіп, Қарағанды облысының геологиялық-барлау партияларында бойдақ инженер геолог болып алты-жеті жыл жүргенде күреп тапқан ақшам құмға сіңгендей болатын. Ол кезде 350 сом айлық дегеніңіз көп ақша еді ғой. Содан 1962 жылы үйленіп, бірге тұрғаннан кейін қолыма шешем, ағамның екі баласы келді. Ұзамай мен партия жұмысына ауы­сып, бәріміз 150 сом жалақыға қарап қалдық. Соған бес жан тіршілік еттік. Айтайын дегенім, бәрінің берекесін келтірген де, онымен қоймай, сол ақшаға ағайын мен дос-жаранның көңілін тапқан да осы жеңгелерің. Партия жұмысында жүргенде таңғы сағат 7-де кетіп, түнгі 12- де келеміз. Үйге қарауға мұрша қайда? Сонда бар шаруаны тындыратын бір өзі. Қазір балалары өссе де тыным жоқ. Кейде: «Не істейміз, үйге қызметші жалдаймыз ба, әлде тоқал алайын ба?» деп айтып қоям. Әрине, қалжың ғой. «Жақсы әйел жаман еркекті адам етер, жаман әйел жақсы еркекті надан етер» демекші, бәрі осы жеңешеңнің жақсылығы, егер мен қандайда бір биікке көтерілдім десем, Әскеркүлдің де мұнда үлесі көп. Әскеркүлге ағайын-туыс қана емес, тіпті, сонау геолог кезімнен араласқан жора-жолдастарымның балаларына дейін іздеп келіп, үйіріліп «апалап» тұрады. Жарайды, ендігісін жеңгең өзі жеткізер. Сендерде жұмыс бескүндік шығар, бізде сенбі деген сирек болады... Қарекең осыны айтып, менімен қоштасып, жұмысына жинала бастады. Сол жолы Әскеркүл жеңгемізбен жүргізген сұхбатымыз «Қазақстан әйелдері» журналының 2001 жылғы тамыз айындағы санында жарияланған болатын. Содан кейін де жүздесуіміздің орайы келген. Ал енді Әскеркүл жеңгейдің өзі­не келсек, Қырғызстанның Талас об­лысының Киров ауда­нына қарасты Грозный ауы­л­ында өсіп, мектепті үздік бі­тірген ол сол жылы Қырғыз Мем­лекеттік университетінің математика факультетінің бірінші курс­ында оқып жүрген кезінде әкесі Жамбайбек шұғыл түрде Қазақстанға көшу жө­нінде шешім қабылдайды. Сөйтіп, Әскеркүлдің құжаттарын да қызының жылап-сықтағанына қарамай, университеттен алдырып, Жамбыл облысы, Жамбыл ауданындағы Куйбышев атындағы ауыл­дан бір-ақ шығады. Бақса, әкесі анасы Кербездің туған жеріндегі парторгтік қызметін де алдын ала келісіп қойса керек. Содан мектепті қырғызша бі­тірген Әскеркүл бірден жоғары оқу орнына құжат тапсыруға батылы бармай, оның үстіне қабылдау мерзімі өтіп кеткендіктен орта арнаулы оқу орнын тәмамдап алып барып, институтқа түсуді ойлайды. Сөйтіп жүргенде «Жамбайбектің жүзіктің көзінен өткендей бойжеткен қызы бар екен» деп бұған көз тігіп, сөз салып, құда түсушілер көбейеді. Ақыры, не керек, колхозда ұжым бастығы қызметін атқаратын, көршісі, әкесімен рулас Бейсенбай Мараловтың үйіндегі әрі сырлас, әрі сыйлас жеңгесі Тұрсынның «Мәскеуде оқыған, қазір Қарағандыда жұмыс істейтін менің бір құда балам бар» деп әңгіменің шетін шығарғанымен, оның үстіне Бейсекеңнің де: «Ол мынандай!» деп бас бармағын шошайтқаны да тегін болмай, айналып келгенде тағдыр осы Қарекеңмен табыстырып тынған. Қарекең мен Әскеркүл жеңгеміз екеуінің танысуы мен табысуының өзі бір жыр-дастанға бергісіз хикая. «Махаббат – мәңгі ертегінің» нағыз өзі. Сонымен, жарасымды жұп екі жастың Ағадырдан басталған жұбайлық өмірі Тұрысовтар әулетінің шаңырағын шаттыққа бөлеген. Алғаш Ағадыр стансасында әріптес геолог достары бұларды пойыздан құшақ-құшақ гүл шоқтарымен, жүректері жарыла қуана күтіп алып, аяқ-қолдарын жерге тигізбей, ақ босағадан аттатқанда Қарекеңнің анасы Күлімхан мен ағасының ұл-қыздары Талжан мен Әлімқұл құшақтарын жая қарсы алып, анасы айналып-толғанып, емірене бауырына басқанда Әскеркүл өзінің жар таңдауда жаза баспағанын жан-жүрегімен сезінген. Сезініп қана қоймай, осы алтын босағаның бақыты үшін бар күш-жігері мен ғұмырын арнауға іштей серт еткендей болған. Шынында, ана мейірімі жүрегін тебіренткен сол сезімі алдамапты. Қарекең алғашқы күннен-ақ аяулы жарын аялап, нағыз азаматтығын танытса, Әскеркүл өзін қызындай көріп, бауырына тартқан енесін анасындай үкілеп күтіп, бар жылы-жұмсағын алдына тосып, қабағына кірбің түсірмеуге жанын салған. Қайнысы мен қайынсіңлісінің де көңілдерінен шығып, үйге келген қонақтың да бабын таба біліп, аз уақытта құтты келін атанған. Көп ұзамай, Қарекеңнің де өмірде жолы болып, геофизикалық экспедициядағы партия бастығынан Ақшатау өндірістік ауданындағы партиялық бақылау комитетінің төрағасы қызметіне жоғарылап, осында жүргенде тұлабойы тұңғыштары Нұрланы дүниеге келеді. Міне, осыдан кейін-ақ қандай да болсын жауапкершілікті мін­сіз атқарып, қай істі болсын ұршықша үйіріп ала жөнелетін қарымды да қағылез Қарекеңнің қызмет сатысымен өрлеу жолы басталған. Қаражал қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарып жүргенде құдай Қарекең мен Әскеркүл жеңгейге үш бірдей қызды: Ғалиясын, Қорланы мен Тоғжанын бірінен кейін бірін беріп, үйлері үпір-шүпір сәбилерге толып, көп балалы отбасы болып шыға келген. Дегенмен, бала болған соң ауырып-сырқамай тұра ма? Осыны ойлап, көрінгенге жүгіре бергенше деп, сол Қаражалда тұрғанда медицина училищесіне түсіп, оны қызыл дипломмен бітіріп алған Әскеркүл өз үйінің отбасылық дәрігеріне айналған. Тұрмысқа шыққаннан кейін көп ұзамай Ағадырға жағдайларын біліп кетуге келген анасы екеуі оңаша қалған бір сәтінде: «Есіңде болсын, екеуің бірдей білгіш болып әңгіме айтсаңдар, әйел ерінен сынық сүйем төмен тұрмаса, үйден береке кетеді. Бүгін бір сөз айтсаң, ертең екі, үшінші күні үш сөз айтып, сосын тілден жаман сөз шығады, соған жеткізбе, сабырлы бол. Қадір-қасиетің болмай қалады» дегенді шегелеп тұрып айтқан. Оқымаса да тоқығаны, көргені көп аяулы анасының осы бір өсиет сөзін жадында мәңгі ұстаған Әскеркүл жеңгей отағасының бар жағдайын жасап, үйдің шырайын, отбасының берекесін келтіруден ешқашан айныған емес. Иә, Қаратай аға мен Әскеркүл жеңгей жұбайлық өмірлерін бастаған Қарағандының Аға­дырынан бері 16 рет көшіп-қоныпты. Соның ішінде Торғай­дың Арқалығында, Мәскеуде, Ал­матыда екі рет болып, осы Астанаға келіп табан тіреген екен. Соның қай-қайсысында да қаншама адамдармен, жақсы-жайсаңдармен дәмдес-тұздас, сыйлас болып, туыстай болып кетуінің түп-төркіні де айналып келгенде осы Әскеркүл жеңгеміздің кішіпейілдігі мен кеңпейілдігінде жатқанын жұрттың бәрі жақсы білетін. Мысалы, Арқалықта обкомның хатшысы кезінде 1976 жылдың 8 наурызында дүниеге келген ең кенжетайларының есімін обкомның бірінші хатшысы Сақан Құсайынов ағасы Әлия деп қойып, оның үйіндегі Шайза апасы бар жол-жоралғысын жасап, үлкендік үлгісін көрсеткен. Сонымен қатар, Әскеркүл жеңгей Кәрім Мусин деген ағасының бәйбішесі Бәдиша, Асанбай Асқаров ағасының үйіндегі отағасының басына іс түскенде нағыз қайсарлық пен жігерлілік танытып, қиындықты қайыспай көтеріскен Фатима апаларынан да көп тағылым-тәрбие алғанын ағынан жарыла айтқан. Ауылдың өзінде де білімі болмаса да, өмірден тоқығаны көп, ілімі мен парасаты мол, Ұлпандай ұлағатты, Айғанымдай ақылман, рухы мықты, жан дүниесі бай, тұлабойы даналық тұнған аналар қаншама. Олардың мынау қаладан, мынау даладан деп айыратыны жоқ деп біледі Әскеркүл апа. Бір ғана мысал. Әскеркүлдің анасы қайтыс болғаннан кейін бірде әкесі ауруханаға түсіп қалыпты. Мұны естіген Қарекеңнің май­данға аттанған үш ағасынан аман келген үлкені Мәмітәлі қайнағасының әйелі Ділдәш абысыны үйдегілерге: «Сендер енді өз қамдарыңды жасай беріңдер. Қатипа болса жоқ. Қызы Әскеркүл болса ана жақта. Балалары шиет­тей. Мен енді сол балалардың жанына барайын. Қайбір жетісіп жатыр дейсің», – деп солардың ыстық-суығын әзірлеп, құдасы өзіне-өзі келіп: «Құдағи, шүкір, енді жақсымын. Үйге қайта беріңіз, рахмет сізге, Алла разы болсын!» – дегенше кетпепті. Ал енді бұған не уәж айтарсыз. Сөйткен Ділдәш абысынының ұлдары Әлімқұл мен Райымхан да, қызы Талжан да Қарекең мен Әскеркүлдің қамқорлығында болып, кейін ЖенПИ-ді бітір­ген Талжанды Қорғалжынның жігітіне өз қолдарынан ұзатқан да осы ағасы мен жеңгесі болса не дерсің. Ағайын арасындағы сыйластықтың бұдан артық қандай үлгісі керек. Немесе, Қарекең Алматыдан Торғайға обком хатшысы қызметіне баратында бұған дейін қолдарында болған енесі: «Сендерге барып-келіп тұрармын. Бірақ енді елде қалайын», – деп өз ризашылығымен үлкен ұлына барып, екі жылдан кейін қайтқан ғой. Дәл сол қайтатын күні Мәскеуде оқуда жүрген Қарекеңнен бұрын Торғайдағы Әскеркүлге хабар бергізіп, қайнағасының баласы: «Жеңешем ертең жетеді», – деген сөзін естіген бойда тынысын терең бір алыпты да жүре берген екен енесі марқұм. Есесіне Қарекең де Әскеркүл жеңгеміздің бірде-бір туысын шет­қақпай етпей, әке-шешесін де ақтық сапарларына өз қолдарымен ақ жуып, арулап аттандырып салып, бауырларын қанатының астына алғанын, олар да Қарекеңе көзі тірісінде «аға­тайлап» құрақ ұшып, құрмет көрсеткенін ризалықпен еске алады. Әлбетте, осының бәрі айналып келгенде Әскеркүл жеңгеміздің жан баласын жатсынбайтын жақсылығы мен адамға деген жанашырлығының, ілтипаты мен ізгілігінің, сонымен қатар Қарекеңнің де биік адамгершілігі мен үлкен парасат иесі болғандығының айғағы екендігінде дау жоқ. Әттең, тағдырға не шара?! Қарекең де, Әскеркүл жеңгеміз де бақытты-ақ еді. Бірақ 2002 жылғы 14 қарашада орын алған сол бір аса қайғылы оқиға – ұлы Нұрлан мен келіні Баянның қандықол қарақшылардың қолынан қапыда қаза болуы ошағының ойранын шығарып, жарқыраған күндерін түнекке айналдырып, көңілдерін су сепкендей басып, өзектерін өкініш өртеп, бәрін де есеңгіретіп жіберген. Тек бастарына қара бұлт үйірілген осы бір аса қиын күндерде Қарекеңнің қайғыны қайыспай көтерген қайсарлығы мен сабырлылығы ғана аңыраған ана мен бауырынан айырылып шырқыраған қыздарын шарасыздан сабасына түсіріп, естерін жиғызған. Әскеркүл ана енді Нұрланының артында қалған тұяқтары Әсет пен Тайырға, немерелеріне ғұмыр тілеп, барына тәубе етіп жүргенде жүрегі көптен сыр беріп, мазалауын қоймаса да Парламенттегі жұмысынан қалмай, соңғы демі үзілгенше халқына қалт­қысыз қызметінен танбаған Қарекеңнен де көз жазып қалғанда тағдырдың ісіне қасқая қарсы тұрып, белін бекем бууға бекінген. Соның бір куәсі – Қарекең туралы замандастары­ның естелік кітабының жарыққа шы­ғуына ұйытқы болғаны. Бұл Қарекеңнің ел жадындағы екінші өмірінің бастамасы ғана болатын. Бұл күндері 75-тің төріне шыққан Әскеркүл жеңгей немерелері мен шөберелерінің мейірбан әжесі болып отырғанына тәубе етеді. Иә, бүкіл саналы ғұмырында сүйіспеншілік пен сыйластықтың, бірін-бірі аялаудың жарқын үлгісін паш еткен Қаратай аға мен Әскеркүл жеңгеміздің жүректе жанған жұлдыздары ешқашан өшпек емес. Мұрат КҮЛІМБЕТ, журналист