Олимпиаданың басталуына 62 күн қалды
Жігіттер жүлдесіз болмайтындарына сенімді
Күн санап Олимпиялық ойындар өтетін уақыт жақындап келеді. Енді екі айдан сәл ғана артық мерзім ішінде Рио-де-Жанейродағы «Маракана» стадионында аламанның алауы лап етіп тұтанып, төрт жылда бір айналып келетін жаһандық жарыстың басталғанын жария етеді. Мезгілі таяған сайын дүниежүзілік дүбірге дүбір қосатын саңлақтар саны артып, есімдері айқындала түсуде. Осы қатардағы Қазақстан спортшылары қазірге дейін 88 лицензия алып үлгерді.
Ойындар өтетін шақ жақындаған сайын оның төңірегіндегі әңгімелер де күшейіп келеді. Дәлірек айтқанда, Риода бұған жақсы жағдай жасалатынына күмән келтірушілер көп. Ең басты қауіп, бұл елде зика науқасының көбірек тарап кеткені болып отыр. Осыған байланысты қауіпке қатер ұластырып жатқандар да бар. Ал біз бәрінің сәтті өтетініне сенгіміз келеді.
Ауыр атлеттер бәйгеге кімді қосады?
Ауыр атлетикадан бүгінгі күннің басты сұрағы осы болып тұр. Ал оны шешетін басты жарыс кеше Талдықорған қаласындағы жастар спорт сарайында басталды. Маусымның 3-нен 7-не дейінгі аралықта жалау желбірететін Қазақстан чемпионаты команда үшін беріліп отырған 10 лицензияны кімдердің алатынын анықтайды.
Біріншілікке қатысу үшін мұнда республиканың түкпір-түкпірінен екі жүзден астам атлет келіп отыр. Осы бәсекенің қорытындысымен Қазақстан олимпиялық құрамасының сапы құралады. Жарыстар күн сайын таңертеңгі 11-де басталады. Олардың барысынан «Қазақстан» және «Kazsport» телеарналары тікелей эфирде репортаждар жүргізіп тұрады.
Қазақстан боксшылары медаль үшін күреседі
Қазақстан боксшылары Рио-де-Жанейро рингінде медаль алу үшін шайқасатын болады. Олардың кемінде бір жүлде алып қайтуға толық мүмкіндіктері бар. «Астана Арланс» кәсіпқойлар командасының бас жаттықтырушысы Нұрлан Ақүрпеков осындай болжам айтады. – Біздің команданың үш жүлдені де алуға толық мүмкіндіктері бар. Мен олардың қай түрінің де көбірек болғанын қалаймын. Соның ішінде, алтын жүлдесіз қалмауымыз керек, – деді ол.
Жаттықтырушы құрама сапындағы жігіттердің бәрі тәжірибелі екенін, алдағы аламан жарыста қай-қайсысының да жоғары биіктен көріне алатынын атап өтті.
Айта кететін жайт, Қазақстанның боксшылар құрамасы осы Олимпиадада бірінші рет толық құрамымен өнер көрсеткелі отыр. Олар еліміздің бас командасы үшін басы 1996 жылдан арна тартатын Ойындардың барлығынан да медаль алып оралды. Соның ішінде алтын медальсіз қайтқан Олимпиялық ойындарымыз да болған жоқ. Бұл жолы Риода еліміздің намысын Біржан Жақыпов, Олжас Сәттібаев, Қайрат Ерәлиев, Берік Әбдірахманов, Абылайхан Жүсіпов, Данияр Елеусінов, Жәнібек Әлімханұлы, Әділбек Ниязымбетов, Василий Левит және Иван Дычко қорғағалы отыр. Олардың қай-қайсысы да жоғары жетістікке жете алады.
Ресей Ойындарға жеңіл атлеттерсіз баруы мүмкін
Ресей жеңіл атлетика құрамасының Рио-де-Жанейроға бара алмай қалу қаупі төніп тұр. Халықаралық жеңіл атлетика федерациялары ассоциациясының (IAAF) үш мүшесі жақында осында болжам білдірді. Бұған ассоциацияның 2015 жылғы 13 қарашада тыйым салынған препараттарды пайдалануға жол беріп қойғаны үшін Бүкілресейлік жеңіл атлетика ассоциациясын өзінің қатарынан шығарып тастағаны негізгі себеп болғалы тұр.
Ресейліктерге алда пайдаланып қалуды керек ететін бір ғана мүмкіндік бар. Ол – IAAF-тың 17 маусым күні өтетін кеңес отырысы. Егер осы жиында Бүкілресейлік жеңіл атлетика ассоциациясы өзінің құқықтарын қалпына келтіріп, қайтадан халықаралық қауымдастыққа мүше болып кіре алса, Ресей жеңіл атлеттерінің Ойындарға қатысуға жолдары ашылады. Ал бұған қол жетпесе, спортшылар амалсыз қалып қояды.
Биылғы жылғы 14 сәуір күні өткен тікелей эфир хабары кезінде Ресей президенті Владимир Путин елдің жеңіл атлетика ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Юрий Борзаковскийге команданы Ойындарға дайындау жөнінде тапсырма берді. Мемлекет басшысы сондай-ақ, спорт министрлігінің Ресей спортшыларының құқықтары үшін күресуді жалғастыратынын атап өткен еді.
Зика вирусы жұртты әлі қатты үрейлендіріп отыр
Әлемді жайлап бара жатқан зика вирусының бір ошағы Бразилия екені, мұндағы ахуалдың әлі де қауіпті күйінде қалып тұрғаны Олимпиада қарсаңында жұртшылықты үрейлендіре бастады. Мұның соңы медицина саласындағы 150 сарапшының зика вирусына байланысты Олимпиялық ойындарды басқа қалаға ауыстыру жөнінде хат жазуға ұласты.
Дәрігерлер мәлімдемелерін Дүниежүзілік денсаулық ұйымының бас директоры Маргарет Ченнің атына жолдаған. Ғалымдар жаһандық жарысты биыл тоқтатып тастауға шақырып отырған жоқ. Бірақ доданы Риода қалдыруға болмайтынын айтады. Олар тек Бразилияда Ойындар өтіп жатса, бір мезгілде 500 мың шетелдік туристердің зика дертін жұқтырып, өз елдеріне алып кететінін айтып сақтандырады. Егер бұл кесел Африка мен Оңтүстік Азияның кедей елдеріне тарап жатса, ахуалдың күрт нашарлап кететінін атап өтеді. «Ойындар үшін тәуекелге бару адамгершілікке жатпайды», – деп жазады хат авторлары.
Сарапшылар Рио-де-Жанейроның аталмыш індеттің көбірек тарау ықтималдылығы жоғары екінші қаласы екеніне де назар аударады. Бұл қаладағы денсаулық сақтау жүйесі нашар. Ал зика басылудың орнына басынып барады, деп атап көрсетеді хат жазушылар. Осыған орай Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан бұл мәселені талдап шешетін тәуелсіз консультациялық топ құруды ұсынады.
Айта кетейік, зика ауруы Aedes текті масаның шағуынан тарайды. Оны жұқтырған адамның ыстығы көтеріліп, денесі қышиды, басы ауырып, буындары ісіп кетеді.
Серік ПІРНАЗАР,
«Егемен Қазақстан»