Ақжайықта актив өткізіліп, онда Батыс Қазақстан облысының әкімі Б.Ізмұхамбетов Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын міндеттер жөнінде баяндама жасады.
– «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» деген тақырыппен барша қазақстандықтарға жолданған Елбасының биылғы Жолдауы сындарлы, тарихи әрі өте жауапты шақта жүректерге жол тартты. Осынау жылдың басты құжатының әр тармағы мен әр жолы бәрімізге үлкен жауапкершіліктер жүктейді. Биылғы Жолдаудың басты ерекшеліктерінің бірі – қарапайым тұрғындардың мүдделері мен мұң-мұқтаждары жан-жақты көрініс табуында. Бүгінгі басты міндет – Жолдауда қойылған талаптарды іске асыру. Мұндай жағдайда ырғалып-жырғалып жүруге уақыт жоқ. Әр күніміз санаулы, – деп тұжырым жасады облыс басшысы. Одан әрі ол Жолдауды облыс жұртшылығы бірауыздан толық қолдайтынын айта келіп, оны іске асырудан туындайтын міндеттерді жергілікті мемлекеттік органдарға шегелей тапсырды.
Активте Орал қаласындағы №1 емхананың дәрігер-эндокринологы Тамара Левчик денсаулық сақтау саласына қатысты Елбасы қойған талаптар үдесінен шығу жөніндегі өз пікірін ортаға салды. Жергілікті жағдайда санитарлық авиация қызметі мен бастапқы медициналық көмек көрсетуді одан әрі жақсарту жөнінде ұтымды ұсыныстар білдірді. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Есмадияр Жұмабаев аграрлық секторда Жолдауда қойылған жаңа міндеттерге сәйкес жаңаша іс-қимыл таныту қажеттігін айтты.
Бұдан соң аға ұрпақ өкілдері атынан тарихшы-өлкетанушы Жайсаң Ақбай мінберге көтеріліп, тәуелсіздіктің қадір-қасиеті, оны көздің қарашығындай сақтап қана қоймай, одан әрі нығайта түсу жөнінде ағалық әрі ақсақалдық тұрғыда толымды түйін жасады. Тәуелсіздіктің алғашқы қазығын қаққан бүгінгі Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев. Тәуелсіздік тарихы Елбасы есімімен тығыз байланысты, деп өз ойын қорытты өлке тарихының тамыршысы.
Активке ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Алтай Көлгінов қатысып, сөз сөйледі. Облыс активіне қатысушылар талқыланған мәселеге орай тиісті қарар қабылдады.
Темір ҚҰСАЙЫН.
Орал.