Астана қаласында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының жұмыс тобының кезекті отырысы аясында Қазақстанның жетекші діни бірлестіктерінің басшыларының экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі үндеуге қол қою рәсімі өтті.
Үндеуге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының, Қазақстан православие шіркеуінің, Рим-католик шіркеуінің және Қазақстанның иудей қауымдастығының басшылары қатысты.
Қабылданған үндеуде экстремизм мен терроризм идеологиясына қарсы тұруға, қоғамдық тұрақтылықты сақтауға, сонымен қатар, Қазақстанның өсіп-өркендеуі жолындағы этносаралық және конфессияаралық келісімді одан әрі нығайтуға жұмылдырылған бірлескен күш-жігердің маңыздылығы атап көрсетілген.
«Біз, Қазақстанның жетекші діни бірлестіктерінің басшылары мен өкілдері, Қазақстан Республикасы Президентінің бастамаларына қолдау білдіре отырып, экстремизм мен терроризмнің кез келген көріністері мен түрлерін үзілді-кесілді қабылдамаймыз, зорлық-зомбылықтың кез келген түрін діни тұрғыдан ақтау әрекеттерін айыптаймыз. Дін мен экстремизмнің үйлеспейтінін мәлімдейміз, жазықсыз адамдардың өліміне әкеліп соғатын әлемнің түрлі аймақтарында орын алып жатқан қатыгез террористік әрекеттерге үлкен алаңдаушылық білдіреміз», делінген үндеуде.
«Егемен-ақпарат»