Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың төрайымдығымен бүгін атап өтілетін Мемлекеттік рәміздер күніне орай Мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиында Ішкі істер министрлігінің, сондай-ақ, Алматы, Жамбыл, Батыс Қазақстан облыстары әкімдіктерінің мемлекеттік рәміздерді пайдалану және насихаттау жөніндегі жұмыстары туралы есептері тыңдалды. Комиссия мүшелерінің тарапынан аталған орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың жұмысына жан-жақты талдау жасалды.
Отырыс барысында Мемлекеттік хатшы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын мерекелеу тұжырымдамасына сәйкес, Мемлекеттік рәміздер күні «Маусым – Мемлекеттік рәміздер» тақырыптық айының негізгі қоғамдық-саяси оқиғасы болып саналатынын жеткізді. Сондай-ақ, жиында Мемлекеттік рәміздер күніне арналған іс-шаралар Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу аясындағы кешенді ақпараттық-имидждік жұмыстардың бір бөлігі болуы тиіс екендігі айқындалды.
«Биылғы жылдың мамыр айында Елбасының Жарлығымен Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арнайы Тұжырымдама бекітілген еді. Осыған байланысты жұмыс жоспары қабылданды. Яғни, аталған Тұжырымдама мен жұмыс жоспары бойынша маусым айы рәміздер айы саналады. Сондықтан, осы айда біз мемлекеттік рәміздерді терең насихаттап, өз жұмысымызды жан-жақты көрсетуіміз керек.
Өткен жылы нәтижелі жұмыстар жүргізілді. «100 нақты қадам» бойынша «Мемлекеттік рәміздер туралы» Конституциялық заңға тиісті өзгерістер енгізілді. Осыған байланысты нормативтік актілерге де өзгерістер енгізілді. Екі жылға жоспар қабылданды. Ендігі кезекте біз әрі қарай да жұмыс істеуіміз керек», – деді Г.Әбдіқалықова.
Бұл күні уәкілетті мемлекеттік органдардың басшылары мемлекеттік рәміздер туралы заңнамалардың бұзылуына жол бермеу, оның ішінде үнемі бақылауды қамтамасыз ету, құқықтық қолдану тәжірибесін жаңғырту, сонымен қатар, мемлекеттік рәміздерді қолдану және насихаттау саласына бақылауды күшейту мәселесіне назар аударды.
Отырыс соңында нақты тапсырмалар мен ұсыныстар берілді.
Ал жиын аясында журналистерге берген сұхбатында сенатор Ақан Бижанов былай деді: «4 маусым Елбасының Жарлығына сәйкес, Мемлекеттік рәміздер күні деп аталып жүр. Бұл күннің мемлекетіміз үшін орны ерекше. Оның себебі, рәміздеріміздің, әсіресе, жастарды отансүйгіштікке, патриотизмге тәрбиелеуде маңызы зор. Сондықтан, оларды қорғау мен қастерлеу бағытындағы іс-шараларды ұйымдастыру үшін арнайы республикалық комиссия ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Комиссияда мемлекеттік, жергілікті әкімшілік органдардың осы бағытта қандай жұмыстар жүргізіп жатқандығы жөніндегі есептері тыңдалып, нәтижесі шығарылады, тиісті шаралар қолданылады. Бірақ, бұл мәселе мемлекеттік органдардың ғана құзыретінде тұруы тиіс деп айтуға болмайды. Себебі, Конституцияның 34-бабы бойынша, мемлекеттік рәміздердің құндылықтарын қастерлеу – азаматтарымыздың конституциялық міндеті. Демек, әрбір азамат рәміздерімізді қорғап, қастерлеп, жастар арасында жиі насихаттап отыруы керек», – деді. Сондай-ақ, ол мұндай жұмыстарды жүргізуде халықаралық тәжірибеге де сүйену қажеттігін алға тартты.
Мемлекеттік рәміздер көптеген қазақстандықтың жеңісімен, жетістігімен тікелей байланысты. Бір ғана дерек келтірейік. Мәселен, бүгінгі күнге дейін түрлі деңгейдегі халықаралық жарыстарда, олимпиадаларда, дүниежүзінің былайғы жұрт бара бермейтін жерлерінде, мәселен, биік таулардың шыңында, ғарышта Қазақстан Туы 4 мың мәрте желбіреген екен. Ендеше, осындай ұлттық құндылықтарды қастерлеу – әрбір ұлтжанды азаматтың қасиетті борышы.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»