04 Маусым, 2016

Хат қоржын

282 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
iОҚЫРМАН ...ризашылық білдіреді Атына заты сай аурухана Астанадағы Қазақстан Президенті Іс басқармасы Медицина орталығында 10 күн емделген кезімде ондағы ақ желеңді абзал жандардың өз істеріне деген адалдығына көңілім бір марқайып қалды. Медицина ғылымдарының докторы, білікті маман Вячеслав Дудник басшылық жасайтын аурухана мен емдеу мекемесі­нің №3 хирургия-травматология бөлімшесінің ұжымына алғысым шексіз. Осы ретте, бөлімше меңгерушісі Ерлан Жармұхамбетовтің, нейрохирургтер Владимир Балковой мен Руслан Қарабаевтың өз істерінің хас шеберлері екенін ерекше атап өткен жөн. Олар­дың жедел медициналық кө­мек көрсетудегі және бас­қа да манипуляцияларды ұйым­дастырудағы ептіліктеріне емделушілер дән риза. Тағы бір байқағаным, бас дәрігердің бастамасымен аурухана бірқатар белгілі шетелдік клиникалармен байланыс орнатып, тәжірибе алмасу үрдісін дәстүрге айналдырған екен. Мұндай қадам емдеу тәсілінде өз жемісін беріп, медицина­лық қызмет көрсету сапасын ай­тар­­лықтай жақсарта түс­кен. Осындай оң өзгерістерге ри­за болып, аурухананың әр қызметкеріне еңбектерінің жемісін көріп, толағай та­быс­­­тарға жете берулеріне тілектестігімді білдіремін.  Кеңес ШАЙМЕРДЕНОВ, дербес зейнеткер АЛМАТЫ ...жаңалығын жеткізеді Жаңа нысандар ашылды Қазіргі қиын кезде ел мүд­де­сіне қызмет жасар сәл нәрсенің өзі елді елең еткізеді. Осындай игі шараның бірі Қызылорда облысының Шиелі ауданында Ардагерлер үйі мен 300 орындық мектеп пай­далануға беріліп, мәре-сәре болып қал­дық. Аудан бойынша 7 мыңнан астам ардагер болса, мұнда олар­дың бас қосып, демалып қайтуларына бар жағдай жасалған. Ғимарат заманауи құралдармен жабдықтал­ған, алдағы уақытта ардагерлер тегін медициналық кеңесті де осында алатын болады. Ал білім бұлағы мектептен екені айдан анық болса, ауда­нымыздың Ә.Тәжібаев елді мекенінде 300 орындық мектептің пайда­лануға берілуі біз үшін үлкен қуаныш болды. Ол шарапатты шаңырақ заманауи үлгіде салынып, оқушылардың сапалы білім алуларына толық мүмкіндік қарастырылған. Пән­дік кабинеттер, акт залы, асхана, спорт залы және 12 мыңға жуық кітап қоры бар.  Елубай ӘУЕЗОВ Қызылорда облысы ...нақтылағысы келеді «Уәлихан» ба, «Уәли хан» ба? Көкшетау қаласында көше­лердің кімнің атында екендігін ажырата алмай қалатын жағ­дайлар кездеседі. Мәселен, «Ибрагим» көшесімен келе жатып, бұл қай Ибрагим деген ой жетегінде шатасасыз. Ақы­рында «Әй, соны қойшы» дей саласыз. Ал «әй, қойшы» деуге болмайтын мәселе де бар. Ол ша­һардың ең үлкен көшесіне қатысты жағдай. Айталық, Центральный шағын ауданынан басталатын Абылай хан даңғылы Горький көшесімен жалғасып, Шоқан Уәлиханов көшесімен түйіседі. Біз оны осылай қабылдаймыз. Бірақ, әлгі түйіскен жерде үлкен тақ­тайшаға бадырайтып «Уә­лихан» көшесі деп жазып қойылған. Бұл – Астана бағытындағы сапар сілтеме. Бұған қосымша, Степняк қаласынан бұрынғы Уәлиханов ауданына шығар жолда да «Уәлихан» деген сілтеме тұр. Сонда бұл не бол­ғаны? Қай Уәлихан? Көк­шетаудың шығысында Уәли ханның зираты, Хан көлі деген көл де бар. Көшенің аты осыған байланыстырылған десек, «Уәли хан» деп бөлек жазылуы керек еді. Әрине, бәріміздің ішкі түй­сігіміз бойынша көше аты Шо­қан Уәлиханов деп қа­был­даймыз. Бірақ, көркем Көк­шенің қонақтарына, ке­лімді-кетімді ағайынға не деп түсіндіресіз? Қарапайым дү­ниеден керексіз сұрақтар туындап жататыны несі?  Асхат СЕРҒАЛИ, қала тұрғыны КӨКШЕТАУ ...батасын береді Бейтаныс қызға тәнті болдым Көкшетаудағы ардагерлерге арналған емханадан қайт­қанымда аялдамада кісі көп екен. Мен тұратын Бурабай шағын ауданына жету қиын, такси тоқтаттым. Жүргізушісі қыз бала екен. Күлімсіреп есік ашты, көліктің іші-сырты мұнтаздай. Қария адамның әдетімен «Атың кім, айнала­йын?» дедім. Ләйлә Саттарова болып шықты. Үйге жақындай бере қал­та телефоным шылдырлап, құ­да екен, ұзақ сөйлестік. Ал жүргізуші Ләйлә көлікті кіре­беріске дейін әкеліп тоқтатты. «Көп жаса!» деп рахметімді айтып түсіп қалдым. Үйге келіп жайғасқан соң қызыма хабарласып, неме­релердің халін білмек болып едім, әлгі телефоным жоқ. Мәшина тоқтаған кезде қалтама салған сияқты едім... Қолды ұзар­тып тұрған дүние еді, кәдімгідей әбігерге түстім. Бір сағаттай уақытта қызым келді. Қолында менің телефоным. Қуанып қалдым. Сөйтсек, әлгі Ләйлә телефонымның ішін­дегі жазбадан қызымды тауып алған екен. Көп жаса, қарағым! Бердалы ХАМИТОВ, ардагер ұстаз Ақмола облысы ...алғыс айтады   Ажалдан арашалап қалды Күтпеген жантүршігерлік оқиға 13 мамырдың кешінде болған еді. Есімді жиып, сіз­дерге енді хабарласып отырмын. Сол күні мен шаруаларымды бітіріп, Жамбыл көшесіндегі №134 үйіме жақындай беріп, қаракөлеңкеде тұрған қыз бен жігітті көрдім. Сөз ауаны­нан олардың өзара керісіп тұрғанын байқадым да, жандарынан тезірек өтіп кетуге тырыс­тым. Сол кезде әлгі жігіттің: «Мен мына әйелді жайратып саламын», деген сөзін ес­тіп қалдым. Осыдан кейін ма­ған қарай жүгіріп, ішіме, одан кейін кеудеме пышақ сер­меді. Қорыққанымнан жан дауысым шығып кетті. Көп ұзамай патрульдік полиция қыз­меткерлері жетіп келіп, көзі қарауытқан бұзақының белсенді қарсылық көрсетуіне қарамастан, оны құрықтады. Мен – үш баланы жалғыз тәр­биелеп отырған анамын. Өз өмірлерін қатерге тігіп, мені ажалдан құтқарған Көк­шетау қалалық полиция қыз­мет­керлері Азат Шәріпов пен Нұрлан Омаровтың кә­сіби білік­тілігіне, ерлігіне риза болып, үй-іші­мізбен алғы­сымызды айтамыз. Самал АХМЕТЖАНОВА КӨКШЕТАУ