Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Қарағанды облысындағы металлургиялық кремний өндірісі жөніндегі зауыттың дайындық жұмыстары және іске қосу» тақырыбында брифинг өтті.
БАҚ өкілдерімен кездесу барысында бірқатар деректерді алға тартқан «Tau-Ken Temir» ЖШС басқарма төрағасы Мұрат Жүкенов «Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ «Қарағанды облысындағы металлургиялық кремний өндірісі жөніндегі зауыттың дайындық жұмыстары және іске қосу» атты инвестициялық-стратегиялық жобаны іске асыру жөніндегі оператор болып тағайындалғанын мәлімдеді. Оның айтуы бойынша, жобаны жандандыру мақсатында «Тау-Кен Самұрық» ҰТК АҚ-тың 100% еншілес ұйымы болып табылатын «Tau-Ken Temir» ЖШС 2014 жылы өндірістік кешеннің техникалық жағдайын бағалап, №1 пешті қайта іске қосты.
Бүгінгі таңда «Tau-Ken Temir» ЖШС Қазақстанда жұмыс істеп тұрған бірден-бір металлургиялық кремний өндіруші болып табылады. Зауыттың өндірістік кешені әрқайсысының толық қуаты 30 МВА екі кенді термиялық пештен тұрады, сондай-ақ, заманауи қондырғылармен жабдықталған. Аталған кәсіпорынның шикізат базасы Қарағанды облысының Ұлытау ауданындағы Жезқазған қаласының солтүстік-батысында 130 шақырымда орналасқан «Ақтас» кеніші. Бұл кеніштің кварцы жоғары тазалығымен ерекшеленеді.
Эльмира МӘТІБАЕВА,
«Егемен Қазақстан»