Кеше Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің қатысуымен 2010 жылдың қорытындылары мен алдағы міндеттерді талқылаған кеңейтілген алқа мәжілісі болып өтті. Оған облыс әкімдерінің орынбасарлары, Парламент депутаттары, Үкімет пен министрліктің, басқа да мемлекеттік органдардың жауапты қызметкерлері шақырылды.
Мәжілісте баяндама жасалған Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтің айтуы бойынша Қазақстанның өнеркәсіп кәсіпорындары 2010 жылдың қорытындысында саладағы нақты өнім көлемін 11 триллион 557 миллиард теңгеге жеткізген. Бұл өткен жылғыдан 10 пайызға артық. Өнім көлемі негізінен жаңа технологияларды енгізу арқылы неғұрлым өзіндік құны жоғары жаңа өнімдерді игеру есебінен өсіп отырғандығы байқалады.
Тау-кен өндіру өнеркәсібінде өнім өндіру 7 миллиард 215 миллион теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңіндегіден 5,3 пайызға өсе түссе, көмір өнеркәсібінде өсім 109,9 пайыз болған. Өңдеу өнеркәсібінде 3 триллион 722,4 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 118,4 пайызды құраған.
Инвестиция тарту ісінің де жақсара түскендігі байқалады. 2010 жылдың 3-тоқсанының қорытындысы бойынша тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 13,1 миллиард АҚШ долларын құрады. Бұл 2009 жылдың осы мерзіміндегіден 1,1 пайызға артық. Соның ішінде шикізаттық емес салаға тартылған инвестициялар 1,25 миллиард доллар болды. Бұл өткен жылдың осы мерзіміндегіден 2 есеге артық. Осы көрсеткіш елімізде шикізаттық емес салаға инвестиция тарту ісінің барынша жақсара түскендігін көрсетеді.
2010 жыл бойына жаңа өндірістерді іске қосу жалғасын тапты. Тек индустрияландыру картасы аясында ғана 8 миллиард теңге сомаға 152 жоба пайдалануға беріліп, 24 мыңға тарта жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар Әсет Исекешев индустрияландыру картасына жалпы құны 8 триллион теңгені құрайтын 294 жоба енгізіліп отырғандығын айтты. Мұның сыртында тағы да 224 жаңа жоба қарастырылу үстінде.
Еліміздегі индустрияландыру ісінің бірте-бірте қарқын ала түсетіндігін мына бір көрсеткіш айқын аңғартатындай. Егер 2009 жылы осы бағыт бойынша 500 миллиард теңге қаржы игерілсе, 2010 жылы ол 800 миллиард теңгені құрады. Ал 2011 жылы 1,3 триллион теңге қаржы игеру жоспарланып отыр.
Министрлік есепті кезең ішінде шикізаттық емес секторды қолдау мәселесіне көп көңіл бөлген. Осы жылы алғаш рет экспортқа өнім шығаратындар шығындарының бір бөлігін өтеу тетігі іске қосылды. Осының нәтижесінде 43 отандық экспорттаушыларға 141 миллион теңгенің көмегі көрсетілді. Солардың арасында ауылшаруашылық өнімдерін, мұнай-газ техникасы мен медицина жабдығын, аккумуляторлар мен трансформаторларды, конденсаторларды, дәрілік заттарды Германияға, Польшаға, Қытайға, ТМД елдеріне және басқа да елдерге экспорттаушылар бар. Аталған саясаттың нәтижесі де жаман емес. 2010 жылы шикізаттық емес сектордың өнім көлемі 2009 жылмен салыстырғанда 28 пайызға өсіп, 13,6 миллиард долларды құрады.
Қазақстандық үлесті дамыту бағытында едәуір жұмыстар жүргізілді. Үшінші тоқсан қорытындысы бойынша жер қойнауын пайдаланушылардың тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуының жалпы көлемі 2 триллион 500 миллиард теңгені құраса, мұның 1 триллион 400 миллиард теңгесі қазақстандық тауарлар, жұмыстар мен қызметтер үлесіне тиді.
Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды құрып, дамыту ісі одан әрі жалғасты. Жалпы, Қазақстанда 6 арнайы экономикалық аймақ бар. Олардың жұмысын жақсарту мақсатында Парламент қарауына жаңа заң жобасы енгізілді. Онда арнайы экономикалық аймақтарды басқару ісін жетілдіру, инвесторларға көрсетілетін жеңілдіктер тізбесін ұлғайту қарастырылған.
Елімізде өнеркәсіптің өсіп, қатарға жаңа индустриялық жобалардың қосылуына байланысты электр энергетикасын дамыту мәселесі аса өзекті болып отыр. Былтыр елімізде 82,3 миллиард квт-сағат электр қуаты өндірілген екен. Бұл 2009 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 4,9 пайызға артық. Ал электрді тұтыну көлемі 83,62 миллиард киловатт сағатты құрап, 2009 жылғы көрсеткіштен 7,3 пайызға арта түскен. Демек, өндіруден тұтыну басым түсіп отыр. Сондықтан үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында жалпы құны 753,2 миллиард теңгені құрайтын 13 электр энергетикалық жобаны жүзеге асыру міндеті тұр. Осыларды жүзеге асыру және саладағы инвестициялық тартымдылықты арттыру үшін қуат рыногының қазақстандық моделін қалыптастыруды көздейтін жаңа заң жобасы әзірленіп, Үкіметтің қарауына тапсырылыпты.
Өнімдер мен қызметтердің сапасын жақсарту мақсатында техникалық реттеу жүйесін одан әрі жетілдіре түсуге ерекше мән берілуде. Бүгінде 94 техникалық регламент қабылданып, олардың 68-і қолданысқа енгізіліпті. Сонымен қатар 3578 отандық кәсіпорын халықаралық стандарттарға сәйкес менеджмент жүйесін енгізіп, тиісті сертификаттарын алды. 2014 жылға дейін индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 2464 стандарт әзірлеу жоспарланған.
Кеңейтілген алқа мәжілісінде бірқатар жауапты азаматтар сөз алды. Парламент Мәжілісінің депутаты, «Қазақстанның мәшине жасаушылар одағы» бірлестігінің басқарма төрағасы Мейрам Пішембаев биылғы жылды ауыл шаруашылығы мәшине жасау саласындағы маңызды жыл деп атады. Өйткені, осы салада бірқатар шаралар жүзеге аспақ. Жалпы, алдағы 5 жылда еліміздің мәшине жасау саласының өнім көлемі 2 есе өсетін болады. «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының басшысы Владимир Школьник өткен жылы 17 мың тоннадан астам уран өндірілгенін айтты. Ал 2011 жылы 19 мың 600 тонна уран өндіру жоспарланып отыр. Қазақстанның фармацевтік және медициналық өнімдерін өндірушілер ассоциациясының президенті Серік Сұлтанов елімізде дәрі-дәрмек өндірісінің қарқынды дамып келе жатқандығына тоқталды. Мәселен, 2009 жылы Қазақстанда 10 миллиард теңгенің дәрі-дәрмек өнімдері өндірілсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 19 миллиард теңгені құраған. Осы бағытта 8 зауыт салынуда, 10 зауыт қайта жарықтандырылуда. Өндірістің дамуына Кеден одағының тигізіп отырған әсері үлкен көрінеді. «Ұлттық инновациялық қор» АҚ басқармасының төрағасы Айдын Құлсейітов инновациялық гранттарды беру бойынша бюджет бағдарламасының іске асырыла бастағандығын айтты. Оны алу жөнінде 336 өтінім түсіп, оның 307-сі қарау үшін іріктелініп алынған. Тәуелсіз комиссияның ұсынымдары негізінде 38 жобаға 1,7 миллиард теңгенің инновациялық гранттарын беру туралы шешім қабылданған. «Қазақстанның Даму банкі» АҚ-тың басқарма төрағасы Ғали Есқалиев банктің несие қоржыны үстіміздегі жылдың 1 қаңтарында 2,9 миллиард теңгені құрап, 48 пайызға өсе түскендігін айтты. Ал жалпы активтердің көлемі 6,5 миллиард теңгеге жетіп отыр. 2010 жылы банк жалпы құны 1,35 миллиард долларды құрайтын 6 жаңа инвестициялық жобаны қаржыландырған. Олардың қатарында Атырау мұнай өңдеу зауытын қайта жаңғырту, Мойнақ ГЭС-інің екінші кезегін салу, Шардара ГЭС-інің қуатын арттыру секілді жобалар бар. Ал 2011 жылы банк жиыны 2,4 миллиард доллардың 18 жобасын қаржыландыруды жалғастырмақ. Мұның 5-і жаңадан басталатын жоба.
Кеңейтілген алқа мәжілісін Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов қорытындылап, министрліктің алдында тұрған бірқатар жаңа міндеттерге қолдау білдірді. Олардың қатарында еліміздің минералды шикізат кешенін нығайтуға, кен орындарын іздестіру мен барлауға бағытталған көптеген жобалар бар. Министрлік жер қойнауын пайдаланушылардың міндеттемелерін орындау ісіне мониторинг жүргізіп, талдау ісін жалғастыратын болады. Сонымен қатар еліміздің 393 елді мекенін ауыз сумен қамту үшін жерасты суларына барлау жұмыстары жүргізілмек.
Үкімет басшысы 2010 жылдың басты мәселесі жаңа индустрияландыру ісінің басталғандығы болғандығын атап көрсетті. Осының аясында көптеген жаңа жобалар жүзеге асып, олар Елбасының оң бағасына ие болды. Дағдарыс тұсында жобаларды қаржыландыру ісін көбінесе мемлекет мойнына алды. Ендігі кезекте осыған жеке сектордың күш-қуатын қосу қажет.
Сонымен қатар Премьер-Министр алдымыздағы сенбідегі селекторлық кеңесте баға жөнінде мәселе қозғалатынын, азық-түлік бағасының әлі де қалыпқа келмей тұрғандығын, бұл істе кейбір өңірлердегі жұмыстың сылбыр екендігін мәлімдеп, осыған орай қатаң жауапкершілік сұралатындығын жеткізді.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.