02 Ақпан, 2011

Іскерлік ахуалы аңғарылды

373 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Қаймағы бұзылмаған республиканың шалғай аудандарының бірі – Қаратөбе. Ежелден халқымызға тән барлық тамаша қасиеттер – кеңпейілділік пен қонақжайлылық, дархандық пен қанағатшылдық, қолдағы барға шүкіршілік ету, аталы да баталы сөзге тоқтау бұл елдің бүгінгі тұрғындарының бойынан да толықтай табылады. Бұған өзгені тыңдай білу мәдениетін де қосуға болады. Осындай тектілік пен мәрт­тік ахуалы Қаратөбе ауданының әкімі Наурызбай Қарағой­шин­нің жұртшылық алдындағы қо­ры­тынды есебі кезінде де айқын аңғарылды. Аудан басшысының 25 минутқа лайықталған есебі нақты талдаулар мен салысты­ру­ларға құрылуымен ерекшеленді. Қаратөбе – респуб­лика­дағы мал шаруашылығын өріс­те­туге қолайлы өңірлердің бірі. Осы артықшылық аудан эконо­ми­­касының басты көзі болып қала бермек. Есеп беру бары­сында төрт түлік малды өз төлі есебінен өсіру жолдары басым­дыққа ие екенін білдік. Оның өсімі өткен жылмен салыс­тыр­ғанда 100 пайыздан асып түсіп­ті. Мал өсірушілерді материал­дық тұрғыдан көтермелеу қай­та­рым­сыз субсидиялар беру есебінен іске асыпты. Осындай көңіл көншітер істермен қатар, әлі де болса шешімін таппаған мәселелер де жеткілікті екенін есеп беруші жасы­рып қалған жоқ. Соның бірі кә­сіп­керлікті дамыту ісінің бүгінгі талаптар деңгейінен төмен тұр­ға­ны. Бұл түйіткілді тарқатудың басты жолы пайдалы іспен ай­налыс­қысы келетіндерге шағын несиелер беру болмақ. Сондық­тан да алдағы жылы біз осы мәселеге баса назар аударып отыр­мыз,  деді Наурызбай Қадыр­байұлы. Қаратөбе секілді тұрғындар санын 100 пайыз өз қандас­тарымыз құрайтын республика­ның алыс аудандары мектептерінде білім сапасы төмен болып келеді деген біржақты көзқарас­тар жоқ емес. Дәл осындай са­рындағы әңгімелер айтылып та, жазылып та жүр. Әйтсе де Қа­ратөбе топырағындағы білім са­пасы мұндай сыңаржақ пікірлерді жоққа шығарады. Ұлттық бірың­ғай тестілеу нәтижелері бойынша өткен жылы аудан мектептерін бітірген түлектер облыста алдыңғы қатардан көрініпті. Атап айт­қанда, 227 түлектің 73-і мемлекеттік грантқа ие болса, Қаратөбе мектеп-гимназиясы республи­ка­да­ғы ең үздік 100 мектептің қа­тарына қосылыпты. Аудан әкімі Н.Қарағойшин есе­бінің тағы бір ерекшелігі – Қаратөбе секілді алыс ауданға жас мамандар мен кадрларды тұ­рақ­тандыру бағытындағы жұмыс­тарға жан-жақты тоқталғаны дер едік. Талдаулар төмендегіні көр­се­теді. Бюджеттік несие қаражаты есебінен жас мамандардың белгілі бір бөлігі тұрғын үй сатып алуға қол жеткізген. Дегенмен, олардың бәріне коммуналдық тұрғын үй беру мүмкіндігі жоқ екені жиын үстінде ашық ай­тылды. Сондықтан да аудан бас­шысы бөлінген қаражатқа тұрғын үй сатып алу ғана емес, сонымен бірге, тұрғын үй салып алу мүм­кіндігі жөнінде де ойлы ұсыныс білдірді. Тек сонда ғана жас ма­мандардың ауылға тұрақтануы үшін бюджет есебінен бөлінген қа­ражат тиімді жұмсалмақ. Қаратөбе ауданының орталы­ғын­да өткен жылы табиғи газ ала­уы тұтанды. Келесі кезекте оны әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерге тарту міндеті қойылған-ды. Қаратөбе ауданына жаңадан тағайындалған әкім Наурызбай Қа­рағойшин дәл осы шақта іскерлік көрсете білгенін, аз уақыт ішінде көптеген нәтижелі іске қол жеткізгенін Қаратөбе ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайлау Бақытов айтып берді. Алдағы жылы табиғи газ құ­бырлары аудандағы Соналы, Үш­а­ғаш және Қалдығайты ауыл­да­рына тартылмақ. Оның жобалау-сме­талық құжаттары әзір. Қаржы­лан­дыру мәселелері шешілген. Осы мәселеге қатысты залдан қо­йылған №12 Ақмешіт сайлау окру­гінің депутаты Есен Ғұ­маров­тың сауа­лына аудан әкімінің есебіне қаты­сып отырған облыс әкімінің орын­басары Берік То­лым­баев жоғары­дағыдай жауап қайтарды. Аудан тұрғыны Альфия Мұ­хам­бетрахимова әкім есебіне орай өз пікірін былайша білдірді: Қандай іске де жауапкершілік қажет. Елге газ келуіне бай­ланысты оны пайдаланудың қа­уіпсіздігін қамтамасыз ете ала­тын мамандар қажет. Ауданда осындай қызмет түрі әзірге өріс ала алмай отыр. Сонымен бірге, бізде балабақшаға деген сұраныс әлі де жоғары. Сон­дық­тан да мектеп-гимназия жа­ңа ғимаратқа көшуіне бай­ла­ныс­ты одан бо­саған орынды балабақшаға беру орынды деп санаймын. Тұрғын тілегіне орай аудан әкімі тарапынан оң жауаптар қайтарылды. «Бұл мәселелер биыл тиісті шешімін табатын болады», – деді ол. Тақырыпқа шығарып отыр­ғаны­мыздай, Наурызбай Қара­ғой­шиннің тұрғындарға берген қорытынды есебінде іскерлік ахуалы айқын аңғарылды. Құр­ғақ сөз бен құрғақ уәдеге жол берілмегені, қандай мәселе қоз­ғалса да оның нақты шешімдермен үндестік таба білгені аудан басшысы есебінің тағы бір жетістігі болып қалмақ. Сон­дай-ақ, залдан сұрақ қойған тұр­­­ғындарды ең алдымен жеке бас қамдары емес, елдік мақ­сат-мүд­делер, оның оң шешімін табуы толғандыратыны да жо­ға­рыда айтылғандай тұрғын­дардың аудан басшысы есебіне қатысу мәдениетінің биіктігін көр­сеткені анық. Темір ҚҰСАЙЫН. Батыс Қазақстан облысы.