07 Маусым, 2016

Шарайна

271 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
шарайна-1 Ресейді «ауыздықтау» – басты міндет Америка Құрама Штаттары Ресейді «ауыздықтап», оның іс-әрекетіне лайықты жауап қайтаруы тиіс. Мұндай пікірді Эстонияның «Postimees» газетіне берген сұхбатында АҚШ-тың Ресейдегі бұрынғы елшісі Майкл Макфол мәлімдеген. Макфол мәлімдегендей, Ресейдің іс-әрекеті НАТО-ны Мәскеу тарапынан ықтимал қатердің бетін қайтаруға мәжбүрлеген. Бұған қоса, ол альянстың Шығысқа, сондай-ақ, Батысқа кеңеюінің заңдылығына күмәнданудың еш реті жоқ екенін атап көрсеткен. Өйткені, Батыс өз қатарына жаңа мүшелерді қабылдамаймын деп ешкімнің алдында уәде бермеген. Бұрынғы елші, сонымен қатар, Ресейді Қырымды аннексиялады, Украинаның экономикасын қиратты деп айыптап, Батыс елдерін мұндай іс-әрекетке қарсы шара қолдануға шақырды. Айыптауға айыптаумен үн қатты Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған Францияны Руандаға қарсы геноцид ұйымдастырды, ал Германияны Намибияда жаппай қырып-жою шараларын жүзеге асырды, деп айыптады. Бұл туралы бұрнағы күні Түркияның NTV телеарнасы хабарлады. «Руандадағы қанды қасаптың артында кім тұр? Әлбетте – Франция. Бірақ бұл туралы жұмған ауыз ашпаған жөн», – дейді Ердоған. Ол мұндай пікірін Сабхаттин Заим атындағы Ыстанбұл университетіндегі оқу бітірушілерге арналған салтанатты жиналыста білдірді. Неміс бундестагының Түркияның армяндарға қарсы геноциді туралы қарар қабылдауына орай, Ердоған Германияның холокоспен қатар, Намибияның 100 мың тұрғынының өліміне де кінәлі екенін мәлімдеді. шарайна-2 «Чавестің өліміне кінәлі ел – АҚШ» Венесуэланың бұрынғы басшысы Уго Чавестің 2013 жылы жүрек талмасынан көз жұмғаны белгілі. Ал Венесуэланың үкіметтік «Aporrea» басылымы Чавесті наноқарудың көмегімен АҚШ-тың арнайы қызметтері өлтірді деген ақпарат таратып отыр. Басылымның атап көрсетуінше, осындай жолмен АҚШ тағы 6 латынамерикалық басшылардың көзін жоймақ болған екен. Хабарламада осы жоспардың тек екеуінің ғана сәтті аяқталғаны көлденең тартылады. Чавеспен қатар, осындай тәсілмен Аргентинаның бұрынғы президенті Нестор Киршнер де (2007 жылы кенеттен болған ұйқы артериясы тосқауылынан көз жұмған еді) өлтіріліпті. Ал Латын Америкасындағы басқа да бес ел басшылары (Фернандо Луго, Дилма Руссеф, Дуис да Силва, Кристина Киршнер және Уго Рафаэль Чавес Фриас, Нестор Киршнер және Хуан Сантос) әупірімдеп аман қалған. Қысқа қайырып айтқанда: ● Түркияның оңтүстігінде оқушылар мінген автобус суару арнасына құлап кетіп, салдарынан 14 адам қаза тапты. Тағы 26-сы зардап шеккен. Апат жексенбі күні кешкісін Османие провинциясында орын алған. Оқушылар экскурсиядан келе жатыпты. ● Ресей қорғаныс министрлігіндегілер Сирияның Алеппо ауданында әскери ұшақ апатқа ұшырады деген ақпаратқа түсініктеме бере келіп, мұндай ақпараттың шындыққа еш сәйкес келмейтінін жария етті. Қорғаныс ведомствосының өкілі Игорь Конашенковтің сөзіне қарағанда, бүкіл ұшақтар Хмеймим авиабазасындағы әуежайда тұр. ● Әскери журналистиканың ардагері АҚШ ұлттық қоғамдық радиосының қызметкері Дэвид Джилки жексенбі күні Ауғанстанда қаза тапқан. Оқиға Гильменд провинциясында орын алған. «Рейтер» агенттігінің хабарлауынша, әскери журналист 82 миллиметрлік минаға түсіп қалған. ● Ресейдің ауыр атлетика федерациясы допингке қарсы тәртіптік комитеттің шешіміне сәйкес, 6 спортшыны екі жылдан сегіз жылға дейінгі аралыққа дисквалификациялады. Олардың арасында Ресейдің 5 дүркін чемпионы Аминат Масхадова мен Еуропаның жасөспірімдер арасындағы 2014 жылғы біріншілігінің күміс жүлдегері Егор Иванов бар. шарайна-3 «Искандер» кешендері экспортталмайды Сауд Арабиясы әскерилерінің қызығушылықтарына қарамастан, «Искандер» зымыран кешендері шетелдерге сатылмайды және олардың экспортына тыйым салынған. Бұл туралы «Коммерсантъ-Власть» басылымына берген сұхбатында «Ростех» мемлекеттік корпорациясының басшысы Сергей Чемезов мәлімдеді. «Саудиялықтар ол туралы әркез сұрап тұрады, бірақ «Искандер» экспортқа тыйым салынған өнімдердің тізімінде тұр. Сондықтан Саудияға қатысты артықшылық жасай алмаймыз және жасағымыз да келмейді. Бұл – аса күшті шабуыл қаруы, ол ядролық оқтұмсық та алып ұша алады», – деп түсініктеме берген Чемезов. Сөз ретінде айта кетсек, «Искандер» зымыран кешені 1990 жылы жасап шығарылып, арсеналға 2006 жылы қабылданған. Зымырандарының ұшу алыстығы 500 шақырымға дейін жетеді, ал экспорттық нұсқасынікі – 280 км. Бельгияда екі пойыз соқтығысты Бельгияда жүк және жолаушылар пойыздарының соқтығысынан кем дегенде 3 адам опат болса, 40-ы зардап шеккен. Апат жексенбі күні түнгі 23.00 шамасында Лье провинциясындағы Эрмаль-Сю-Юи деген жерде орын алған. Бельгия теміржолдарының деректеріне қарағанда, жолаушылар пойы­зы жүк құрамының құйрық жағына барып соғылған. Салдарынан 6 жолаушылар вагонының 2-уі рельстен шығып кеткен. Болған оқиғаның себебі туралы әзірше нақты ақпарат жоқ. Оқиға орнында жедел қызмет өкілдері жұмыс істеген. Мәселен, осындай оқиға Бельгияда 2010 жылдың ақпанында да тіркелген еді. Сол жолы 18 адам көз жұмса, 100-ден астамы түрлі деңгейдегі дене жарақаттарын алған болатын. шарайна-4 Туристік секторы 12 жылға шегінеді 2016 жылы Түркияның Анталья курортты аймағы Ресей және ТМД-ның өзге де елдерінен шамамен 3 миллиондай туристен тапшылық көретін болады. Бұл қатарға 1,75 миллион Еуропа туристерін де қосуға болады. Мұндай болжамды Анталья қалалық кеңесінің мәжілісінде айтылған деректерге сілтеме жасай отырып, Ресей туроператорлар қауымдастығы жасап отыр. Қазіргі дағдарысты жағдайдың салдары болса керек, осында келетін туристердің орташа шығындары да аптасына бұрынғы 755 доллардың орнына шамамен 400-500 долларға дейін төмендейтін көрінеді. Осылайша, деп атап көрсетіледі болжамда, жазғы маусымның соңында Анталья шамамен 3,5 миллиард доллар жоғалтатын болады. Антальяның туризм жөніндегі кеңесі жұмыс тобының төрағасы Реджеп Явуздың айтуынша, бұл курорттың туристік секторының 12 жылға кері шегінетінін білдіреді.