07 Маусым, 2016

Оқырман олжасы – үш кітап

564 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
image-04-05-16-01-01 Руханият пен әдебиеттің жанашырлары, оқырмандары барда ол ешқашан өлмейді, әр уақытта жасай бермек. Еуразия ұлттық университеті қабырғасында осы бір әдемі қағиданың растығына тағы бір көзіміз жетті. Келер ұрпаққа мирас болар, бүгінгі буынның санасын жетілдірер үш бірдей туынды қалың қауымға жол тартты. Философ, профессор Ғарифолла Есімнің «Таным көкжиегі», белгілі ақын Серік Ақсұңқарұлының «Көкейімде – Күлтегіннің жазуы», жас ақын Динара Мәлік­қызының «Өмір дегенің осы екен» кітаптарының тұсауы кесілді. Мұндай игі іске ұйытқы болған азамат – көпшілік танитын жазушы, экономика ғылымдарының докторы Мырзагелді Кемел. Үш автордың да еңбектерін жинақтап, ең құнды деген шығармаларын, тұщымды ойларын көз майын тауысып теріп алып, өңдеп баспаға берген екен. Жиынға кітап авторларымен қатар, университет проректоры Дихан Қамзабекұлы, оқу орнының ұстаздары мен оқырман жас­тар қатысты. Алғашқы болып сөз алған Ғарифолла Есім «Жақсылық дегеніміз, шын мәнінде, ешқандай ақысыз, міндеттеусіз жасалған мақсатты іс. Біз айтып жүрген шапағат, жомарттық атты ұғымдар да осының аясына сыя­ды. Бүгін, міне, соған расында куә болып отырмыз. Мұндай шаруалар, руханиятқа деген іс жүзіндегі жанашырлық өзге азаматтарымызға да үлгі болса екен», деп жоба авторына кітап авторларының атынан шын жүректен алғысын жеткізді. Серік Ақсұңқарұлы мен Динара Мәлікқызы арқалана өлең оқыды. Белгілі ақындар Оңайгүл Тұржан, Жанат Әскербекқызы, әдебиеттанушы Омар Жәлелұлы және басқа да қонақтар, студенттер сөз алып, лебіз білдірді. Тұсаукесерді жүргізіп отырған Дихан Қамзабекұлы «Бұл кеш – кітапсүйер қауымның, әдебиеттің, ізгіліктің кеші болды», деп қорытындылады. Абай СЕЙФУЛЛАҰЛЫ, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ студенті АСТАНА
Соңғы жаңалықтар