ТАЛДЫҚОРҒАН. 7 маусым. Кезінде жасыл қала атанған Талдықорғанда қураған ағаштар құлап жатыр. Бұл туралы egemen.kz і хабарлады.
Бүгінде жел шықса қураған ағаштар құлап, автокөліктерді басып қалса «е, адамдары аман екен ғой» деп жылы жаба салу әдетке айналып барады. Өйткені, бұл адамдар еренсіздігіне табиғаттың жай ескертпесі деп саналып мұндайға бойлары үйренген тұлғалар селт ете қоймайтыны жасырын емес. Ал ел ішінде моральдық, материалдық тұрғыда зардап шеккен жандар проблемалары жайлы «сол сәтте көліктің ішінде адам болса ше?», «сонда қаланың ішінде көлікпен жүруге болмай ма ?», «заңды түрде автотұраққа, жол бойына тоқтатқанына жазықты ма ?» «көлігі сақтандырылса бір мәнісі болар, әйтпесе...» деген сыдыртпа сұрақтар мен жұбатпа сөздер айтыла бастады. Ал билік қала көшелерін қопара қазып, құбырлар мен жолдарда бітпейтін жөндеу жұмыстарымен әлек. Алматы облысы бойынша төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінен алынған мәліметке сүйенсек, биылғы жылдың 26 мамырында Талдықорғанда секунтына 18-24 метр жылдамдықпен соққан желдің күшімен құлаған ағаш Гауһар Ана көшесі №120 үйдің жанында тоқтап тұрған «Ниссан Максима» маркалы автокөлікті басып қалады. Арада 10 минут өткенде Біржан сал көшесіндегі 3-қабатты «Альтайр» сауда үйінің 60 аршы метр шатырын жұлып «Ауди- С4», «Лексус GS-300», «Daewoo NEXIA» маркалы автокөліктерді басыпты. Тізбелей берсек, қаланың қақ ортасындағы адам көп жүретін «Қарағаш» сауда үйі, Халық банкі, «Қақақтелеком» секілді ғимараттар жанындағы бильбордтарды жұлып түсіріп, ағаштарды құлатқан фактілер жетіп артылады.
Қорыта айтқанда, қаланы аралап көрсеңіз осыдан 30-50 жыл бұрын тігіліп жайқала өскен ағаштар көкке шаншыла бозарып тұр. Қураған. Өйткені кезінде қаланы аралай ағып, ағаштарды нәрлендірген тоғандар бітелген. Оның бір себебі қала ішінде сәндене бой көтерген тұрғын үйлер салынғанда тоған мәселесі ұмыт қалды ма, әлде артық шығын деп саналды ма әйтеуір су жүйесі жоқ.
Нұрбол Әлдібаев
Дерек, фото: egemen.kz