Үкімет • Бүгін, 15:42

Вице-премьер Қарағанды облысындағы бөгеттер мен су қоймаларын тексерді

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жұмыс сапары аясында Қарағанды облысының су тасқыны кезеңіне дайындығын тексерді. Вице-премьер су басу қаупі жоғары Бұқар жырау, Қарқаралы, Шет және Абай аудандарындағы негізгі гидротехникалық нысандар мен елді мекендердің жағдайын бағалады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Вице-премьер Қарағанды облысындағы бөгеттер мен су қоймаларын тексерді

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Сапар барысында вице-премьер Нұра өзенінің арнасы бойындағы  Көкпекті, Байқадам, Петровка, Сарытөбе, Ботақара, Шешенқара ауылдарын, сондай-ақ «Байқадам» және «Миньковская» су бөгеттерін және Ащысу су қоймасын қарап шықты. Шерубай-Нұра өзені бойында Қарашоқы, Бесоба, Ақсу-Аюлы, Қайрақты, Нұраталды, Ақсу және Шопа елді мекендері тексерілді. Сонымен қатар Красная Поляна ауылындағы қорғаныс бөгеттірінің жай-күйі қаралды.

Сонымен бірге Абай ауданында Южный, Құлаайғыр және Тасзаемка ауылдары, сондай-ақ «Шерубай-Нұра» және «Жартас» су қоймаларының жағдайы зерделенді. Қанат Бозымбаев Самарқанд су қоймасы гидроторабының жұмысымен танысып, Чкалов ауылындағы қорғаныс бөгеттерін де тексерді.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, өңірде негізгі су тасқынына қарсы іс-шаралар аяқталған. Жұмыстар Теміртау қаласында жалғасып жатыр.
  • 25 шақырым қорғаныс дамбалары мен бөгеттері салынды және нығайтылды;
  • Өзен арналарының 28 шақырымнан астам су тасқыны қаупі бар учаскесіне санация жүргізілді;
  • 21 шақырым дренаж және су бұру жүйелері тазартылды;
  • 54 автожол учаскесінде су өткізу қабілеті арттырылды;
  • 4 гидротехникалық нысанға жөндеу жүргізілді.

«Жергілікті атқарушы органдар материалдық-техникалық және қаржылық резервтерді қалыптастырды, шамамен 1 млн 200 мың текше метр қар шығарылды. Облыстың 7 ауданында және 4 қаласында су басу қаупі бар 139 елді мекен, сондай-ақ автомобиль және теміржолдардың 130 қауіпті учаскесі ерекше бақылауға алынған. 217 су шаруашылығы нысаны тұрақты мониторингте тұр. Қазіргі уақытта өңірдегі су тасқыны жағдайы тұрақты. Негізгі су қоймалары штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Самарқанд және Ынтымақ су қоймаларынан санитарлық су жіберу жүргізіліп жатыр», деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Өңірлерде су тасқынына қарсы дайындық күшейтілді

Айта кетейік, бүгін елімізде «Көктем-2026» республикалық оқу-жаттығуы басталды. Осыған байланысты 1 наурыздан бастап азаматтық қорғаудың барлық күштері мен құралдары жоғары дайындық режиміне көшіріледі. Төтенше жағдайларға ден қою шараларына 3 579 адам және 1 047 техника жұмылдырылған.
Соңғы жаңалықтар