ОТАНДАСТАР ОЛЖАСЫ
Астанада алауы тұтанған Ақ Азиаданың жарыстары қос қаламызда дүрілдеп өтіп жатыр. Кеше кешкісін елорда жұртшылығы мен қала қонақтары «Қазақстан» спорт сарайында шайбалы хоккейден ерлер арасындағы Қазақстан мен Қытай құрама командалары арасындағы кездесуді тамашалады. Отандастарымыз қарсыластарын 14:1 есебімен ойсырата ұтып, жанкүйерлерге тамаша жеңіс сыйлады. Қысқы Азиаданың аясындағы бұл хоккей матчына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келді. Патриотизмді күшейтіп, адамды рухтандыратын нәрсе ірі спорттық жарыстарда олжа салу екені белгілі. Ал сондай дүбірлі дода өз жеріңде өтіп жатса ше. Онда оның салмағы тіптен арта түспек. Елімізде байрағы көтерілген Қысқы Азия ойындарындағы әрбір жеңіс елге, жерге деген отаншылдық рухын тіптен көтере түсеріне күмән жоқ. Соның ішінде қысқы ойындардың патшасы саналатын шайбалы хоккейдің орны тіптен ерекше. Спорт жанашырлары арасында әлдеқашан мойындалған бұл ойынның жанкүйерлері көп болатыны сондықтан заңдылық та. Мұның дәлелін алыстан іздемей-ақ, жоғарыда аталған кездесуге келген иін тірескен жұртшылықты айтсақ та жетіп жатыр. Енді ойын барысына келейік. Кездесудің алғашқы кезеңінен ұлттық құрама қарқынды шабуылдарымен жанкүйерлерін желпіндірумен болды. Ойынның алғашқы үшінші минөтінде-ақ Вадим Краснослободцев алғашқы шайбаны қонақтар қақпасына дәл бағыттаса, оның командаласы Роман Старченко көп ұзамай екінші шайбаның авторы атанды. Бұл жеңісті жол алғашқы айналымда есепті 4:0-ге жеткізумен аяқталды. Евгений Рымарев пен Алексей Васильченконың соққан қос шайбасы осы кезеңді қорытындылады. Екінші айналымда қонақтар ширақ қимылдауға барын сала кірісіп кетті. Олардың осылай ойын өрнегін көрсетуі жерлестерімізге осы кезеңнің 10 минөті өткенше шайба салуға мүмкіндік бермеді. Қақпа алдында қарбалас шабуылдар орын алды осы тұста. Қызығы мен қиындығы қатар жүріп, жанкүйерлерді бірде желпіндірсе, енді бірде жүрегін сыздататып әттеген-ай дегізетін хоккей спорты командалық ойын болғандықтан, ешкімнің де нашар ойнауға қақысы жоқ. Өйткені, бірдің жіберген қателігі бәріне тиіп кетуі әбден мүмкін. Ал жеңіс болса, бәрімізге ортақ. Сондықтан да команданың дүбірлі сында барын салып, қателіктерге бой алдырып алмауы қазіргі таңда басты назарда тұрғаны айтпаса да түсінікті. Отандастарымыздың өздерінің алға қойған тек қана жеңіс деген жігерлі мақсаттарының арқасында осы кезеңнің аяқталуын алты минөт қалғанда Роман Старченконың өзінің командалас аттасы Роман Савченкодан алған пасын қытайлықтар қақпасына бір-ақ салды. Іле бұл жеңісті жолды Евгений Фадеев әдемі жалғастырды. Есеп – 6:0. Осы айналым бітуге таяған тұста Алексей Литвиненко есепті тағы бір еселеп, көрермендер ықыласына бөленді. Сөйтіп, бұл кезең де қазақстандық хоккейшілер пайдасына 7:0 деген есеппен тіркелді. Үшінші кезеңнің басы алма-кезек шабуылдармен үдей түсті. Спорт сарайының ішіндегі жанкүйер жұрттың «Шайба!, Шайба!, Қазақстан алға!» деген дауыстарынан құлақ тұнып қалды. Бұл әдемі ойын өрнегін көрсетіп жатқан отандастарымыз тұрмақ, жиылған жұрттың барлығын да рухтандырумен болды. Қолдарына Қазақстан жалауын ұстаған жастар жағының жалынды ұрандары жерлестеріміз жігерін жани түскендей. Шешуші уақыттың тартысты да, қызықты өтетіні белгілі ғой. Мұндағы екі жақтың да жанталасын әбден түсінуге болатын сияқты. Біздің құрама тағы да екі шайбаны қарсылас командаға дәл бағыттап, есепті 9:0-ге жеткізді. Ашуға булыққан қарсыластарымыз қарқынды шабуыл жасады. Осы тұста Қытай құрамасының ойыншысы Уанк біздің қақпашының осал тұсын тауып, есепті 9:1-ге жеткізді. Осыдан кейін олар көбіне қорғанысқа қарай ығыса бастады. Сасқаны ма, әлде шын қуанғаны ма, команда мүшелерінің жүздеріне күлкі үйіріліп, өздеріне деген ризалық сезімдерін көрсеткендей болды. Тағы да қарбалас сәт. Кім оңай жеңілгісі келеді дейсің. Оның үстіне миллиардтан астам жанкүйер елінде тақымын қысып отырғанын ескерсек, олардың да жанталасып жатқандықтарын түсінуге болатын секілді. Соңғы айналымдағы бұл тартысты шабуылдарда Талғат Жайлауов қарсыластар қақпасына оныншы шайбаны дәл бағыттаса, он екінші және он үшінші шайбаларды Старченко мен Гаврилин қытайлықтар қақпасына оңай бағыттап үлгерді. Ойын аяқталарға бір минөт қалғандағы Фадеевтің ерлігін жанкүйерлер сүйсіне бағалады. Сөйтіп, 14:1 есебімен Қазақстан құрамасы бұл кездесуді сәтті аяқтап, жерлестеріне жеңіс сыйлады. Бүгін бұйыртса, еліміз құрамасы Тайпей құрама командасымен шеберлік байқасады. Бұл сында да отандастарымыз намысты қолдан бермейді деген сенімдеміз. Осы күні Жапония мен Қытайлық Тайпей командасын 18:0, Қырғызстан Малайзияны 23:2 есебімен жеңсе, Тайланд пен Кувейт арасындағы кездесу 5:3 есебімен аяқталды. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.Алматы облысының меншігіне 86 мың га жер қайтарылды
Аймақтар • Бүгін, 21:44
«Егеменнің елдік жолы»: Бас басылымның 105 жылдығы аталып өтті
Форум • Бүгін, 21:37
«Кәсібінің үздігі» конкурсының жеңімпаздары марапатталды
Медицина • Бүгін, 20:25
Президент тапсырмасы: жас ғалымдарға пәтер сертификаттары табысталды
Қоғам • Бүгін, 19:35
Елорданың «Байқоңыр» ауданында ауқымды мұз айдыны ашылды
Елорда • Бүгін, 19:30
Президент Сердар Бердімұхамедовке құттықтау жеделхатын жолдады
Президент • Бүгін, 19:18