Биатлоннан Қазақстан құрамасының көшбасшысы Елена Хрусталеваның әкесі Владимир Федорович қызының қытайлық Чунли Вангтан ұтылып қалғанын былай түсіндірді:
– Жарыс қарсаңында қызым көңіл-күйінің онша емес екенін айтқан. Мұны біз бәсеке алдындағы қобалжулық қой деп ойлағанбыз. Алайда, мен мұны тамақтан уланды-ау деп те болжаймын. Көңілінің жабырқау болуы, сөз жоқ, Еленаның көрсеткішіне әсер етті. Ол бар күшін салды. Нысананы дәл көздеді. Бірақ, қытайлық қыз өте жақсы дайындықпен келгенін аңғарты. Үшінші орын алған Марина Лебедеваның да табысы жаман емес. Ол өткен маусымды жоғары деңгейде бастаған еді. Әлем кубогында Ленадан озған болатын. Атап айтар нәрсе, Әлем кубогының жарыстары биылғы жылы Елена үшін басты меже болған жоқ. Біз Азия ойындарына жоспарлы түрде дайындалдық. Жақын қашықтыққа жүгіруде кміс медаль алу – Азиада жарысының биік шыңына жетудегі алғашқы табыс сияқты көрінеді маған.
– Сіз өз қызыңыздың тек жаттықтырушысы ғана емес, әрі оның дәрігерісіз. Сіздің үйрету әдістеріңіз дәстүрден тыс тәсілдерге негізделетіні рас па?
– Меніңше, қалыпқа түсудің дәстүрлі әдісі – біздің ата-бабаларымыздың тәжірибесінен өткен. Дайындық процесінде біз ине шаншу тәсілін, электр аппараты арқылы қалыпқа түсу, фотодинамикалық терапияны да қолданамыз. Елена көп жылдан бері табиғи қоспасы бар тағамдарды пайдаланады. Бұл витамин мен протеиннен гөрі тиімдірек. Неге десеңіз, ол – табиғи өнім. Жасанды биоқоспаға қарағанда, оның пайдасы мол.
– Елена Сочиде өтетін Қысқы Олимпия ойындарына қатысады деп ойлайсыз ба?
– Иә, мұндай жоспарымыз бар. Сочиге баруды мақсат етіп жүрміз. Одан кейін не боларын айту қиын. Аса алысты алдын ала болжамай-ақ қоялық.
Айнаш ЕСАЛИ.
Алматы.