Журналистика факультетінде аға оқытушы болып 30 жылдан астам жас қаламгерлерге ұстаздық еткен, жайдары мінезімен жайраңдап жүріп, шәкірттерін бауырына тартқан Хабижан Пангерейұлы Құсайынов көзі тірі болғанда бүгінде 90 жастың асқарына шығар еді. Хабекеңнен дәріс алған шәкірттерінің бәрі ұстазының кісі көңілін жықпайтын, қолынан келгенше жақсылық жасап, қолтығынан демеуге дайын тұратын асыл қасиеттерін ілтипатпен еске алады.
Хабижан Пангерейұлы 1973-1978 жылдары журналистика факультетінде оқыған біздердің де кураторымыз, біразымыздың диплом жұмысын қорғауда жетекшіміз болды. Сабақтан соң, үзіліс кездерінде аудиторияға келіп, жағдайымызды сұрап-біліп, жекелеген студенттердің өмірінде кезіккен қиындыққа ақылшы, жанашыр болған, демалыс күндері қала сыртында серуен құрған, әртүрлі мәдени шараларға, театрдағы қойылымдарға ертіп барған кезін сағынышпен еске аламыз. Жастық шақта көңілдері алып-ұшқан, өмірлік тәжірибесі аз, ата-анадан жырақта білім алып жүрген жастарға үлкендік жылы сөзін арнап, бағыт-бағдар берген кураторымыз Хабекеңді сол кезде әкемізден кем көрген емеспіз. Кураторымыз жақсы оқып, тәртіпті болуымызды талап етумен бірге барынша мейірімді болды. Содан да болар, журналистика факультетінде ол кісіні сыйламаған, айтқанын орындамаған бірде-бір студент болған жоқ. Ол кісіге арқа сүйеп, еркелегіміз де келетін. Жомарт жүректі, жайсаң жанды Хабижан Пангерейұлының алдынан дәріс алған студент жастар университет бітіріп, жолдамамен жан-жаққа тарап, журналистік қызметтің ыстығына күйіп, суығына тоңған алғашқы жылдары ұстаздарымызды сағынышпен еске алып, еңбек демалысында Алматыға соңынан іздеп келген кезіміз де болды. Хабекеңнің айтқанын бұлжытпай орындап, мейірім-шуағын көрген жастар ұстаз бейнесін жүрек түкпірінде сақтап қалды.
Хабижан Пангерейұлы орта мектептен соң 1950 жылы С.М.Киров атындағы қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін үздік бітіріп, Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті жанындағы Жоғарғы партия мектебінде оқытушы болып еңбек жолын бастайды әрі аспирантурада сырттай оқыды. Қазақ баспасөзінің қарашаңырағы — «Социалистік Қазақстан» газетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі болып істеп, журналистік қызмет сатысынан өтеді. Өңірдегі екпінді құрылыстар, зауыт-фабрикалар, егістіктегі диқандар мен жайлаудағы малшы өмірінен жазған очерктері мен мақалалары газет бетінде тұрақты жарияланып тұрды. 1962 жылдан бастап өмірінің соңына дейін 30 жылдан астам өзі бітірген Қазақ мемлекеттік университетінде оқытушылық қызметті абыроймен атқарды. Тәжірибелі де дарынды журналист, ұлағатты ұстаз, шебер ұйымдастырушы, адамгершілігі мол азамат ретінде танылды. Өзі еңбек еткен факультет пен университет ұжымында зор беделге ие болды. Саналы ғұмырын оқытушылық қызметке арнап, журналист шәкірттер тәрбиеледі. Университет басшылығы ұйымдастырушылық қабілетімен көрінген Хабижан Пангерейұлын ұстаздық қызметімен қоса қоғамдық жұмыстарға да тартты. Факультет кәсіподақ, кейіннен партия ұйымының хатшысы болды. Жоғары парасатты, өте инабатты, кісілігі мол, кеңпейілді, қабілетті журналистің ұзақ жылдық жемісті еңбегі орынды бағаланып, «Құрмет белгісі» орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, жоғары оқу орындары саласының мақтау қағаздарымен марапатталды. Ел-жұртына қадірлі, білгір журналист, абыройлы азамат бейнетінің зейнетін көріп, 1992 жылы 66 жасында қайтыс болды. Бұл болашақ журналист кадрларын оқытып-тәрбиелеуде бойындағы күш-қайраты мен білім-қабілеті жетерлік, әлі де еңбек етіп, өзінің ұстаздық жолын жалғастыра беруге шама-шарқы жететін шағында өмірден өтіп кетті. Хабижан Пангерейұлы дүниеден өткенде қисапсыз журналист шәкірттері, қызметтес әріптестері, еліміздің танымал ғалымдары мен ақын-жазушылары асыл азаматтың орны үңірейіп қалғанын сезіп, аза тұтты. Қаралы жиындағы академик-жазушылар Зейнолла Қабдолов пен Тұрсынбек Кәкішев, Әбілпайыз Ыдырысовтың сөздері жұртшылық есінде қалды. Тіршілігінде адамдық асыл қасиетімен ел-жұрты мен дос-жаранға, жақын-туысына шуағын мол төккен Хабижан Пангерейұлы жасаған жақсылығын ешқашан міндетсініп көрмеген, азаматтық борышы санайтын текті жан туралы профессор Қаби Оқаев: «Шіркін, Хабижан асыл азамат еді-ау. Өсек-өтірік дегенді білмейтін, кісіні сыртынан ғайбаттамайтын. Барынша кішіпейіл, ақжарқын еді. Жоғары сауаттылығына бәріміз тәнті болатынбыз» деген еді. Халықаралық Ақпараттану академиясының академигі Бақытжан Хасанов: «Хабекең ерекше жаратылған, сегіз қырлы, бір сырлы жан. Ол кісінің өзгеге ұқсамайтын қасиеттері көп еді. Дүниеге қызықпайтын, алғанына емес, бергеніне риза болып, шаттанып отыратын. Ол кісінің шапағаты тимеген адам кем де кем шығар. Хабекең өткен кезден де, жаңа өмірден де хабары мол, жаны жайсаң, жүрегі жомарт ірі тұлға болды» десе, университетте бірге оқыған, кейіннен көп жыл «Социалистік Қазақстан» газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, он үш жыл Алматы облыстық «Жетісу» газетінде бас редактор болған Пернебек Бейсенов: «Жарты ғасыр еңбек етіп, Хабекеңдей жанды сирек кездестірдім десем, артық болмас. Ол нағыз адал адам еді, кісілігімен, кеңпейілділігімен жолдастарын таң қалдыратын. Бірге оқыған, қызметтес болған жолдастардың ішінде Хабекеңнің орны ерекше еді, той-думанның гүлі болатын. Отырыстың берекесі әрі серкесі еді, елдің езуін жидырмай, үнемі күлдіріп отыратын. Мереке күндері Хабекең әрдайым ертемен телефон шалып, құттықтайтын. Екеуміз жасты болғанымызбен, менің екі-үш ай үлкендігім болатын. Содан болар, «аға» деп қалжыңдайтын. Қатар жүрген журналистер Хабекеңді «староста» дейтінбіз. Өйткені, ол орысшаға да, қазақшаға да бірдей жетік, мәнерлеп сөйлейтін, сөзге шешен еді. Бірге оқыған досымыз Тауман Амандосов: «Хабеке, отырысты өзің басқар, біздің қазақша оқығанымыз білініп қалар» деп әзілдейтінін еске алады.
Хабижан Пангерейұлымен бірге қызмет еткен, жолдастық қарым-қатынаста болған, университетте оқыған журналист шәкірттерінің қай-қайсысы болсын «О шіркін, Хабекең!» деп өткен күндерін тамсана айтып, азаматтың жақсы қасиеттерін сағынышпен еске алар еді. Адам баласына тек жақсылық жасауды ойлаған, қамыққан кезде қолтығынан демеп, жылы сөзімен көңілін көтеруге дайын тұратын асыл азаматтың бейнесі ол кісімен жақын араласқан жандардың көңіл түкпірінде сақталып қалды. Адам жады өткен кезеңдегі жақсы мен жаманды екшеп, бойға ерекше шуақ дарытар сәттердің әсерімен жүріп, өмірдің жақсылармен мәнді екенін пайымдар еді.
Хабижан Пангерейұлының соңында қалған жақындарын іздестіргенде өзінен кейінгі кенже інісі Алматыда тұратын Олжабай Нұрышұлына жолығып, біраз жайттан хабардар болдық.
– Хабижан ағамыз уақыттың ауыртпалығынан болар, ерте есейді, оң-солын да ерте таныды. Соғыстың қиын-қыстау жылдары жасөспірім бала еңбекке араласты, бейнет көрді. Мектепті облыс орталығы – Атырау қаласында оқып, өзінің ана тіліне қоса орыс тілін де жетік меңгеріп шықты. Екі ұлттың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін бір кісідей білетін, ұйымдастырушылық қабілеті де ерекше болатын. Ешкімді ұлты мен тұрған жеріне қарап бөлген емес, адам баласының бәрін бауырына тартты. Тіршілігінде тек адамгершілік қасиетімен көрініп, ел-жұртына жан шуағын молынан төгіп өтті. Ағамыздың бойында адамды өзіне тартып тұтатын ерекше құпия күш болатын. Ағайын мен жора-жолдасына қайырымды, жасаған жақсылық-қамқорлығын дер кезінде айттырмай жасауға тырысатын. Облыстық атқару комитетінің аппаратындағы канцелярияда, атқару комитеті төрағасы орынбасарының көмекшісі қызметін атқара жүріп, іс-қағаздарын сауатты жазып толтыру, келген кісілерге орнықты жауап беру сияқты жұмыста тәжірибе жинақтап, ысылып өсті. Тартымды келбетімен, жағымды әңгімесімен кім-кімді болса да өзіне үйіріп әкететін, көңілге тоқығаны мол талапты жас екені байқалып тұрды. Өзім шаңырақтың кенжесі болғандықтан, алдымдағы Хабижан мен Жұмабай ағаларымның қамқорлығын көп көрдім. Әке-шешеден ерте айырылып, ағаларымның қолында, кейіннен интернатта оқыған кезімде де ештеңеден таршылық көрмей еркін өстім. Жастайымнан бокспен айналысып, институтта жүргенде тентектік жасап төбелесіп, оқудан шығып қалған кезімде бір ағам – Атыраудан, екіншісі – Шымкенттен ұшып келіп, деканға, ректорға кіріп, жағдайымды айтып, қайта орналастырып кеткен кезі де болды. Институт бітірген соң ағаларым Атыраудағы ірі қаракөл қой шаруашылығы кеңшарына директордың орынбасары етіп орналастырды. Ол кезде отыздардағы Жұмабай ағам аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімін басқарып тұрды. «Социалистік Қазақстан» газетінің Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі болған Хабижан ағам Алматыға ауысып, маған институттың аспирантурасында оқуға кеңес берді. Аспирантурада оқып жүргенде «Совнархоз» тарап, Ет және сүт министрлігіндегі бас маманның орнына конкурс жарияланып, жолым болып, Алматыда қызметке қалып, пәтер алдым. Министрлікте бас маманнан бастап, бөлім, басқарма бастығы болып отыз бес жыл еңбек етіп, зейнеткерлікке шықтым.
Хабижан ағамыздың елге сыйлы болып, жора-жолдастарымен, ағайын-туыспен жақын араласуы – кеңпейілді, дастарқаны мол Раушан жеңгемізге байланысты болды. Ол кісі Алматыдағы №12 мектепте ұзақ жыл математика пәнінен сабақ беріп, зейнеткерлікке шықты. Раушан жеңгеміз Хабекеңнің барлық туыстарына ұнады, алысты жақын, жақынды бауыр ететін жеңгеміз өмірден ерте кеткен Жұмабай ағамыздың әйелі Дәметкен балаларымен бәріміз үйінде топырлап жатқанда ешбір қабағын шытқан емес. Жұмабай інісінің үлкен ұлы, генерал-майор Қайыржан көп жыл Атырау, Павлодар облысы мен Ақтау қаласы ішкі істер басқармасының бастығы болды. Оның інісі Бақытжан КазМУ-дің журналистика факультетін, ҰҚК-нің жоғарғы мектебін бітіріп, Атырау облыстық МАИ-да қызмет етеді, полиция полковнигі. Үшінші інісі де ғылым докторы дәрежесіне көтерілген Ғалымжан Нұрышев Ақтөбе пединститутының ректоры болып абыройлы қызмет етті. Кенже қызы Гүлжиһан Нұрышева да ҚазҰУ-де кафедра меңгерушісі, ғылым докторы. Бұлардың бәрінің жастай оқып, жоғары білімді азамат болуына Хабекеңнің шапағаты көп тиді. Ағамыз бен Раушан жеңгеміз де бір ұл, үш қызын мәпелеп өсіріп, әке жолын қуған қыздары – Оля мен Майра ғылым докторлары, жоғары оқу орындарында жастарға дәріс береді. Ұлы Асқар дәрігер мамандығын алып, ұзақ жыл адам жанының арашасы болып, зейнеткерлікке шықты. Хабекеңнің немерелерінің өзі жоғары білімді азамат болып, әр салада еңбек етіп жүр.
Барлық ғұмырын ұстаздыққа арнап, еліміздің білікті журналист кадрларын дайындауға өлшеусіз үлес қосқан, Хабижан Пангерейұлы Құсайыновты 90 жасқа келер шағында еске алуды парыз санадық. Аяулы ұстазымыз Хабижан Пангерейұлы бізден ұзаған сайын тұлғасы биіктеп, көзі тірісінде өзі туралы жақсы пікір қалыптастырған ағайын-туыс, жора-жолдастары мен сан мыңдаған шәкірттерінің жүрек түкпірінде сақталып қалды.
Өтеш ҚЫРҒЫЗБАЕВ,
Қазақстанның құрметті журналисі
АЛМАТЫ