Жұрт құлағы жағымды жаңалықтарға қашанда түріңкі ғой. Соның ішінде көпшілік көңіліне аса қонымдысы еліміздің мерейлі мерекесі құрметіне облыстағы әр қала мен ауданның жергілікті тұрғындарға арнап тартулар әзірлеп жатқаны жайлы хабар болып отыр. Бүгінде «Тәуелсіздіктің 20 жылдығына – 20 тарту» деген атаумен белгілі бұл бастама жылы қабылданып, ойдағыдай іске асырылуына мүдделілік ерекше. Өйткені, онда көзделгендей, біраз азамат баспаналы бола алады, бөбектер балабақшаларды толтырады, елді мекендердің көркіне көрік қосылады, көз тартарлық мәдени ошақтар ұлғаяды. Баршаға тартымды осындай игілікті шараның шарапатын көруге нұралықтар да үмітті. Аймақта оны алғаш көтеріп, қолға алған Астана іргесіндегі аудан мерекелі жылға берекелі базарлықты молынан шашу етуді мәртебелі міндет тұтады.
Ал ел ішін қуанышқа бөлер сый-сияпат аз емес. Күтілген жақсы істер биыл жылдағыдан көбірек. Әлбетте әдеттегідей әуелгі сыйлық бүлдіршіндерге тартылады. Аудан орталығындағы қайтадан қалпына келтірілетін 95 орындық балабақша сәбилерге алдағы қыс басында құшақ ашады. Бұл, әсіресе, жоғары білім алып, туған ортаға оралушы жас отбасыларға шаттығы бөлек оқиға болғалы тұр. Бұрыннан да бар екеуіне үшіншісі қосылып, кешегі түйткіл мәселенің бұдан былай қарай екінші кезекке ысырылуына мұмкіндік береді.
Нұра өңірінің де өзіндік тарихы қызғылықты. Сәкен Сейфуллин, Абдолла Асылбеков, Кәрім Мыңбаев, Сәйділ Талжанов, Бүркіт Ысқақов, Қабікен Мұқышев сынды саңлақтар ізі қалған киелі топырақтың өткендегі, бүгінгі тыныс-тіршілігінің лебі аудандық өлкетану мұражайынан дәл мереке алдында есе бастайды. Мұндай тағылымдық орынды тілеп келген жергілікті өлкетанушыларға ол тамаша тарту болмақ.
Аймақтағы ең әдемі елді мекендердің бірі ретінде белгілі Киевка кентіндегі Тәуелсіздік аталатын бас көше көркін одан сайын көркейту көзделген. Жасыл желекке жайқалған оның бойы тұрғындардың сүйсіне сейілдейтін, рахаттана демалатын орынға айналады. Жас мамандар үшін салынып жатқан тұрғын үйлер сән түзейді.
Бұрынғысынан танығысыз өзгеретін аудандық кітапхана көзге тартымды ғимарат болуымен бірге, оқырмандарды толыққан жаңа әдебиеттермен, компьютерлер қондырылған оқу залдарымен баурайтын болады.
Бұлар аудан басындағы өзгерістер саналса, бұған қоса өңір өмірі шырайын аша түсер жаңартулар және бөлек әңгімеге татиды. Мәселен, Қарағанды – Есенкелді, Щербаков – Киевка көлік жолы жөнделіп, осыған дейінгі машақат жеңілдейді. Жалпы, бұл реттегі мәселені оңтайлы шешуде аудан тәжірбиесі алысқа аян.
«Тәуелсіздіктің 20 жылдығына – 20 тарту» бастамасы аясында белгіленген «Ақбұлақ» салалық бағдарламасы ауыл тұрғындарының көп жылдан бергі ұсыныс-тілектерінен туғандығын атап айта кетпеске болмайды. Шалғай елді мекендерді таза ауыз сумен қамтамасыз етуге арналған ол бойынша қазір атқарылу үстіндегі жұмыстар қыруар. Жобаланып отырғандай, ауылдық жерлер 80 пайызының сапалы нәр көзіне тұтынымын қанағаттандыруға бағытталған істер мерекеге шейін тындырылады.
– Біз алға қойылған іс-шаралардың мерзімінде жүзеге асырылуын басты назарда ұстаудамыз. Аталған тартулар ішкі мүмкіндіктеріміз бен күш-қабілетіміз егжей-тегжейлі сарапталу арқылы белгіленген. Халыққа жақсылық сыйлағаннан артық қандай мәртебе бар. Барымызды бардай қылып, жұрт игілігіне жаратудың басқа-басқа, биылғыдай жолы бөлек жылдағы жөні де, мәні де өзгеше. Сондықтан тәуелсіздіктің торқалы тойына арналған кәде-жоралғылардың әр саланы қамтуын әрі тартымдылығымен айрықша болуын таңдаған едік. Бүгіндегі қимыл-әрекеттер ойлағанымыздың оңынан оралуына сендіреді, – дейді аудан әкімі Серік Шайдаров.
Мінеки, астығымен атақты аймақта бұл күнде осындай бастамашылық кеңге қанат жайып келеді. Нұралықтар үлгісі өзгелерді де талпындырмай қоймауда. Ұлытау ауданы 20 отбасыға жеке отау сыйлауды ойластырса, Ақадырда темір жол бекеті бейнесі ажарланады, стадион салынады. Мұндай сый-сияпаттар барлық жерде әзірленіп жатыр.
Айқын НЕСІПБАЙ.
Қарағанды облысы, Нұра ауданы.