Сонда ғана бюджет тиімді пайдаланылатын болады
Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетовтің төрағалығымен палатаның кезекті жалпы отырысы болып, онда 2015 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептер тыңдалды.
Бюджеттің атқарылуы туралы деректерге көз жүгіртпес бұрын ІЖӨ-нің жылдық өсімі 1,2 пайызды құрағанын айта кетейік. Ал 2015 жылғы бюджет кірістері 6 137 млрд. теңгені құрап, жоспар 105,7 пайызға орындалыпты. Бірақ бұған қарап кірістер жақсы екен деп масаттануға болмайды, өйткені соңғы нақтылау кезінде кірістің жоспары 5 806,8 млрд. теңгеге дейін азайтылған соң ғана кіріс артығымен орындалғандай болып көрінеді. Оның үстіне, доллармен түсетін кірісті теңгеге айналдырғанда кіріс қомақты көрініп, жоспар артығымен орындалғандай әсер аласың.
Кірістердің жалпы сомасында салықтық түсімдер 3 332,9 млрд. теңгені құраса, бұл 54,3 пайыз деген сөз. Ал 2014 жылғы бюджетте салық түсімдері барлық кірістің 62 пайызын құраған еді. Демек, бұл салық азайды дегенді білдіреді. Оның себептері көп. Соның ішінде сыртқы сауда айналымының бір жылда 37,1 пайызға дейін азайып, 79,9 млрд. АҚШ доллары көлеміне түсіп кеткенін айтуға болады. Экспортымыз да төмендеп кеткен. 2014 жылмен салыстырғанда ол 42,5 пайызға азайып, 46,2 млрд. АҚШ доллары болған. Импорт та 27 пайызға дейін төмендепті.
Республикалық бюджеттің шығындар бойынша атқарылуы – 99,8% немесе 6 789,9 млрд. теңге. Бюджеттің атқарылуы жөнінде Үкімет атынан баяндама жасаған Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуына қарағанда, әлеуметтік саланың шығыстары ең басты бюджеттік басымдық болған. Бұл саланың шығыстары ІЖӨ-нің 7%-ына дейін өсіп, 2,8 трлн. теңгені құраған. Соның ішінде зейнетақы, төлемақы, өтемақы және т.б. алушылар бойынша бюджет шығыстары міндеттемелерді толық орындағандығы жеткізілді. Сондай-ақ, жаңадан 130 мектеп пайдалануға берілгендігі, кәсіби білім алғандардың 78 пайызы жұмысқа орналастырылғаны айтылды.
Ғылым саласына 43 млрд. теңге бағытталған, бұл 2014 жылмен салыстырғанда 5 млрд. теңгеге аз. Ауыл шаруашылығына 220 млрд. теңге бөлінген. Сондай-ақ, салаға 20 млрд. теңгеге жуық жекеменшік инвестиция тартылған. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы көлік және коммуникация, электр қуаты салаларына бөлінген қаражат «Нұрлы Жол» бағдарламасының шеңберінде жүзеге асырылған. Соның ішінде автожолдарды салу мен жөндеуге 345 млрд. теңге бөлінген, бұл 2014 жылмен салыстырғанда 30%-ға артық. Осы қаражаттың арқасында 456 шақырым автожол салынған.
Бюджет тапшылығы ішкі жалпы өнімнің 2,2 пайызы болып, мемлекеттік борыштың 21,6 пайызын құраған. Бұл тәуекелді мәндерден алыс, бірақ ол күнделікті бақылаудан түспейді, деді министр.
Бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Жаңбыршиннің сөзінде жағдайдың күрделі екендігі ашық айтылды. «Ел экономикасына теріс ықпал ететін сыртқы факторлардың жағдайында салықтық және кедендік әкімшілендірулерді күшейту қажет. Алайда, ол жеткілікті дәрежеде іске асырылған жоқ. Біздің ойымызша, елде толық пайдаланылмай отырған салықтық және кедендік түсімдер әлеуеті зор», деді ол. Соның мысалына ол кәсіпкерлік қызметте қолма-қол ақша айналымының шекті мәні енгізілгенімен, оның орындалмайтынын атап өтті. Соңғы бес жылда ол 1,5 трлн. теңге деңгейінде қалып отыр екен. Бұл жалған кәсіпкерлікке қолайлы жағдай туғызуда.
Салық төлеуден жалтаруға қарсы күрес те тиімділікпен жүргізілмейді. Жалған кәсіпкерлікке қарсы күрес әлсіз. Салықтық бақылау сапасының төмендігінен мемлекетке берешек көлемі 85,3 млрд. теңгеге жеткен. Осындай жағдайда нәтижесіз салық тексерістерінің үлесі жоғары болып отыр, деді Қ.Жаңбыршин. Ол барлық тексерістің үштен біріне жеткен. Тексеру нәтижесінде белгілі болған төленбеген 600 млрд. теңге көлеміндегі салықтың 34,4 млрд. теңгесі ғана өндіріп алынған.
Сонымен қатар, есепті кезеңде 459,2 млрд. теңге бюджет қаражаты тиімсіз пайдаланылған. Сондай-ақ, 7,8 млрд. теңге игерілмей қалған. Бюджетке түсуге тиісті дебиторлық берешек көлемі де 206 млрд. теңгеге жетіп, шектен тыс шарықтап кеткен. Осы қарызды азайту жөніндегі шаралар сылбыр болып отыр, деп атап көрсетті төраға. Бұдан басқа да мәселелер айтылып, бюджет қаражатын бақылау, әкімшілендіру ісінде үлкен олқылықтар бар екендігі көлденең тартылды.
Талқыланып жатқан мәселе бойынша қосымша баяндаманы Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Қожахан Жабағиев жасады. Осыдан кейін депутаттар талқылауларға қатысып отырған мемлекеттік органдар басшыларына өздерінің сұрақтарын бере бастады. Соның ішінде Омархан Өксікбаевтың «ҚазАгро» холдинг 2013-2014 жылдары халықаралық купонды облигация шығарып, өзінің есепшотына 4 млрд. теңге қаражат тартқанын айтты. Соның 806 млн. доллары әртүрлі банктердің депозитіне салыныпты. Ол кездегі долларлық депозиттің сыйақысы 4,6 пайыз болғанын айта келіп, депутат депозитке салынған барлық соманың 384 млн. доллары төрт банкке 3,5 пайыз өсімге берілгеніне таңғалатынын жеткізді.
Неге бұлай, деді ол. Жуық шамамен санағанда осы операциядан мемлекеттік холдинг 4 млн. доллар жоғалтқан. Осыны қалай түсінуге болады, дей келіп, депутат мемлекеттің қаражаты кімнің қалтасына кетті деген нақты сұрақ қойды. Жалпы, деді сөзін одан әрі жалғастырған О.Өксікбаев, 2015 жылы холдинг 96 млрд. теңгеге зиян шеккен. Сол осындай операциялардың кесірінен емес пе деді депутат.
Бұған холдингтің басқарма төрағасы Нұрлыбек Малелов жауап берді. Тартылған ақшаның басым көпшілігі банктерге 10 пайыздық өсіммен орналастырылды. Ал долларлық депозитті біз 3,5 пайыздық өсімге уақытша берген едік. Қазір ол қаражат алынып, теңгемен 10 пайыздық өсімге банктерге қайтадан берілді, деді ол. Ал 96 млрд.-тық зиян шегуді ол теңгенің долларға қарағанда бағамының құлағандағы теріс әсері деп құтылды. Бірақ бұған депутат қанағаттанбай, миллиондаған долларды 3,5 пайыз өсімге уақытша бердік дегеннің терістігін фактілермен дәлелдеп, бұл уақыт бір жылдан артық мерзімге созылғаны туралы айтып берді. Тұйыққа тірелген Н.Малелов: «Мен сізге жауапты жазбаша берейінші», деп құтылды.
Осындай өткір пікірсайыстардан кейін Мәжіліс республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті мақұлдап, Сенаттың қарауына жолдады.
Сондай-ақ, жалпы отырыста Жер кодексінің кейбір нормаларының қолданысын және «Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 2 қарашадағы Заңның қолданысқа енгізілуін тоқтата тұру туралы» заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу мерзімі белгіленді.
Ауғанстанмен Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімді ратификациялау туралы заң жобасы да жұмысқа қабылданды. Сонымен қатар, жалпы отырыстың күн тәрбіне Константин Плотников пен Халида Қамбарованы Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетіне мүше етіп тағайындау мәселесі де енгізілген екен, бұлар да оңай шешімін тапты.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»