02 Ақпан, 2011

Заңнама жобасы өндіріске алынды

361 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен палатаның жалпы отырысы болып өтті. Онда кейбір консти­туция­лық заңдарға енгізілетін түзетулерді қарау туралы мәселе тал­қыға түсті. Нақтылап айтқанда, Заңнама және сот-құқықтық ре­форма комитетіне «Қазақстан Республикасының кейбір конс­ти­туциялық заңдарына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» Конститу­циялық заңның жобасы бойынша қорытынды әзірлеу жүктелді. Мәсе­лені қарастыру бары­сын­да заң жобасымен «Қазақстан Рес­пуб­ли­касындағы сайлау тура­лы» және «Қазақстан Респуб­ли­касы Пре­зиденті туралы» заң­дарға өзге­ріс­тер енгізу көзде­ле­тіні белгілі бол­ды. Аталған заң­дық құ­жатты өн­ді­ріске алу жөніндегі қысқаша баяндаманы Заңнама және сот-құқықтық реформа ко­ми­тетінің төрағасы Рахмет Мұқа­шев жа­са­ды. Комитет басшысы таныс­тыр­ған заңдық құжатты Елбасы өзі­нің Қазақстан халқына үндеуінде Президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізуді Парламент қа­рауы­на ұсынатындығын айтқан бо­латын. Міне, осы жәйтті назар­ға алған болуы керек, депутаттар заң жобасын өндірістік айна­лым­ға алуға өз келісімдерін берді. Президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу Мемлекет басшысының шешімімен та­ғай­ын­далса, оны жүзеге асыру 2 ай ішінде жүргізілуге тиіс. Сайлау мерзімін Орталық сайлау комис­сиясы анықтайтыны белгілі. Осы ретте заңдық құжатта президенттік өкілеттік 5 жыл мерзімге белгіленгендігін айта кету керек. Елбасы да өз үндеуінде өкілет­ті­гі­нің екі жылға қысқаратынын қаперге салған еді. Енгізілген өз­герістер бойынша мерзімінен бұрын сайланған Президенттің ант қабылдауы сайлау қоры­тын­дысы жария етілгеннен кейін бір ай ішінде орындалады. Ал ант қабылдау мерзімі Орталық сайлау комиссиясы тарапынан белгіленеді. Осы жерде Президент Конституциялық Кеңес Төраға­сы­ның «Қазақстан Респуб­лика­сының Конституциясына өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы» Заң­ның Конституцияға сәйкесті­гін ай­қындайтын. Конституциялық Ке­ңес­тің нормативтік қаулысына тү­сіндірмені қаперге алғандығын айта кеткен жөн. Өйткені, Конс­ти­туциялық Кеңес Парламент та­ра­пынан ұсынылған Президент өкі­леттігін 2020 жылдың 6 жел­тоқ­санына дейін ұзарту жөнін­дегі референдумды өткізу туралы заңдық құжатты Конституцияға сәйкес емес деп тапқан-ды. Отырыс аяқталған соң біз де­путаттарды мәселенің мәнісін түсін­діру мақсатында әңгімеге тартқан едік. Ирак Елекеев өз сөзінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев осы қа­дамы арқылы референдум өткізілсін деген 5,5 миллион азаматтың дауы­сы елеусіз қалмайтындығын және бола­шақ­та Конституцияға өзгеріс енгізуге жол берілмейтін негіз қа­лан­ғандығын ерекше атады. Мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізуге байланысты заңдық құ­жат­қа түсінік бере кеткен Рамазан Сәр­пе­ков осы мәселе бой­ын­ша арнайы жұмыс тобы құ­ры­латынын да еске салды. Осы ретте журналистер тарапынан қойылған «Парламент таратыла ма?» деген сұраққа орай жауабында депутат оған ешқандай негіз жоқтығын көлденең тартты.