Мемлекет басшысының атына Алматы облысының Қарасай ауданы, Үшқоңыр ауылының тұрғыны Айна Қасабаевадан хат келді, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
«Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Сізді сара саясаткер ретінде жоғары бағалаймыз. Қазақстанның жарқын болашағы үшін жан аямай тер төгіп келесіз. Сіздің «елім» деп еміренген дара жолыңыз біздерге мақтаныш. Жастарға үлгі-өнеге. Болашақ ұрпақтың аңыз-дастаны және тарихи шежіресі болмақ», деп жазады хат иесі. Одан әрі ол Елбасының еліміздің дамуы үшін белсенді атқарып келе жатқан игілікті істеріне кеңінен тоқталып өтеді.
Хат авторы «Өзіңіз басқарған осы жылдар ішінде көптеген жетістіктерге қол жеткіздік. Құқықтық қоғам құру жолында, жарқын болашаққа нық сеніммен аяқ бастық. Барша әлемге Қазақстанды танытып, ұлтымыздың ұлылығын асқақтатып, ұлттар мен ұлыстарды бірлікке шақырдыңыз. Сондай-ақ, оларға бейбітшіліктің тал бесігін тербеудің қаншалықты баянды екенін ұғындырып, бір-бірімен тату-тәтті өмір сүрулеріне ықпал еттіңіз», деп одан әрі ізгі тілегін жыр жолдарымен жеткізеді.