Жақсыны тану, бағалау – жан сыры таза, бүкпесі, қулығы, сұмдығы жоқ адамның еншісіндегі дүние. Бұл кесек кісілердің болмысын көрсетеді. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллиннің бойындағы өзгеде жоқ екі қасиетті таратып: «Мұның біріншісі – жалтағы жоқ шыншылдығы. Екіншісі – ақындық тәкаппарлығы. Жай мінез машығын айтпаймын, ақындық еңбегінің сипатын айтамын», депті. Тап басып тану, көзді жұмбай көру, оны ажарын ашып айта білу деген осы шығар.
Сол Алаш арыстарының бүгінгі бір тұяғы, қырық жылдан аса уақыттан бері жыр әлемінде өзіндік қолтаңбасымен танылып жүрген талантты ақын Серік Ақсұңқарұлы десек жарасады. Ұлы Мұхтар Әуезов айтқан шындықтан ауытқымай, орынды жерінде тәкаппарлығын да көрсете алатын арқалы ақынның «Сарыарқа кітапханасы» сериясы аясында Алматыдағы «Қазақстан» баспасынан шыққан бас-аяғы жұмыр, өзіндік бітімі бар екі томдығын қадала оқып шыққан соң, аз-кем пікір білдіруді мақұл көрдік.
Бірінші том «Уа, Ақсораң» деп аталады. Ақсораң «Уа-ай, Ақсораң, Тұрсың ба етектегі елді елемей, Төбеңде – жұлдыз, төменде – ұшқан құс қалып», деп жырлаған тау аты. Тау атын алған кітапта сол таудай биік ойларды өрбітеді. «Менің досым – досы барлық Пушкиннің, Менің досым – қасы барлық Дантестің», деп Пушкин туралы өлеңін түйіндейді. Автор бұл арада ұлы ақындар бір ұлттың емес, адамзаттың арқа сүйер шырқау шыңы екенін аңғартады. Томдардағы сүбелі шығармалардың қатарында «Ғасырдың жиырма сәті» деген топтама екенін айту парыз. Бұл дүние бұрынғы «Социалистік Қазақстан» қоржынында бес жыл жатып, ұлтымыздың арғы-бергі тарихын жетік білетін Ақселеу Сейдімбектің қолдауымен жарыққа шыққан екен. Жиырма сәт – жиырма тақырыпты таратып айтады. Зұлмат жылдардағы сұмдықтар көз алдыңнан тізбектеліп өткенде, төбе шашың тік тұрады. «Ақ патша тақтан құлады, Алашқа келіп Азаттық – Мағжандарымды сынады – «Халық жауы» деп – мазақ қып!» десе, одан кейін: «1944-тің күзі еді. Муза елі болатұғын – Мұз елі...» дейді. Осылайша толғай беріп, Арқа төсіндегі елордаға жеткенде: «Қараормансыз қалғанда қайтер-ек деп, Қамыққан жұрт қазықтан қайта көктеп, Қараөткелдің қақ жарып топырағын, Қайта қаулап шығып тұр Бәйтерек боп!.. Ар-ұяты ұлтымның, бәрі – осында, Адамзатпен түсіп бір жарасымға, – Астана тұр аспани көпірдейін, Алла менен Алаштың арасында», деп бір түйіп тастайды. Соңғы байламы: «Алтынға аптап асығыңды, Босап бір сәт мұңды ойлардан, Қарсы ал Жаңа Ғасырыңды, Алаш-Анам, Күнді айналған! Тектілері гүлге айналған, Тексіздері күлге айналған...» дейді.
Мынау заманда әттеген-ай дегізетін пенделік жайлы «Кресло – бюрократ» атты өлеңнен алар тағылым аз емес. Оқып көрелік: «Талантты да тастайтұғын ысырып, Дөңайбат қып сөйлегенде ісініп – Кресло дейтін тақтың үстінде, Пайда болды Кресло – Кісілік. Талай залды өктем үнмен жаңғыртып, Талай зілін көкейінде қалды іркіп. Серік түгіл, Мұқағали келсе де, Қабылдамай жібереді қаңғыртып! Оған енді қай құдірет тең келер? Шығып көрсін өз күшіне сенген ер! Көз сүзіп тұр Кресло – Құдайға, Орындық боп кеткен өңкей пенделер!.. Баяғыда өлген марқұм тірілді, Кресло дейтін тақтың үстінде... Қонақта да оның орны жоғары, Бәйек боп жүр Орындықтар Қоғамы. Отырып ап Кресло – Ақымақ, Неше түрлі фәлсафаны соғады!», дейді. Сол секілді «Латын тілі» деген өлеңді түсіне алсақ, астары қалың айтары мол. Түйінін: «Зәрем ұшады есіме түскенде, Латынның Соңғы Ақыны», деп байлам жасайды. «Махамбеттің монологында»: «Өзекті жанға – бір өлім!» – деген, Өр едің неткен, қазағым! «Күрес!» – дейтұғын жүр күш қанымда, Құдайым – жырым, құлыным. Зұлмат күштермен жұлқысқанымда, Жұлынсын менің жұлыным!», дейді ұлы қазақ. Ал кезінде Шерағаң, Шерхан Мұртаза сүйсіне жазған «Қасқырлардың монологы» керемет дүние. «Иттермен бірге туысқан болсақ, не болды – ата тегіміз?!» дейді бөрілер. «Бойда қан барда құрушы ма еді тек деген, Темірге иленіп не түрлі? Цивилизация! Мен сені жек көрем – Үрейлі үндіс секілді» – бұл «Цивилизация» өлеңінің бір шумағы. Ақын «цивилизация» деп сіңір созғаның қалай болады, сақтықта керек шығар дегенді үндістер тағдыры арқылы есіңе салады. Кенесары туралы өлеңі де терең ойға қалдырады.
Ақын қозғаған тақырып адамдыққа жетелейді. Арамзалықтан алшақ жүргізеді. Көлгірсімейді. Ақиқатты бүкпейді, бүгежектемейді. Тілін жасырып, тісін көрсетпейді. Әр ойы тереңнен тамыр тартады. «Бір иығымда – Періште, Бір иығымда – Сайтаным» деп артынан: «Ақыл-естен адасқан, Ақымақ жан екенмін. Абай туған Алашқа, Ақын болған – не теңім» дейді.
Екінші том ХХІ ғасырда туған өлеңдер мен эсселерден тұрады. Жарнама деген жарапазанды қарасөзбен айтып, қатесін тізумен сілелеп едік. Оны ақын енді өлең жолдарына түсіріп, «Шүршіт, қалмақ жеңе алмаған жерді кеп, Жаулап алды жарнамасы Сайтанның... «Сұлу қыздар» – Ай өңді. Келіп қалған бізге, Тастап қай елді?! Мұнысы не, сонда қазақ, немене, Көрмеп пе екен тыр жалаңаш әйелді?!», деп айтқанда жонарқаңнан сойылмен осқандай күй кешесің. «Ұлттық ұят, ұлттық менталитетіміз қайда қалды?» – деп күйінесің. Артынан ақынның «Сақ бол қазақ, ұрпағыңды жат қылыққа әуестендіріп, бармағыңды шайнап қалма?!» деген ащы үні естілгендей болады. Тағы бірде «Ғаламда бөлек Қазтуған сынды данада – ой. Көз тоқтар, шіркін, қара ғой, Дана, Дара ғой: Абайды ешкім қазақша оқи алмайды, Оқитын оны – Алла мен Алаш қана ғой...» деп жар салады. Өтежан Нұрғалиевқа арнаған реквиемінде «Оны өзіне шақырды от, Шақырды өрт, Сонда Өтежан өзегінен сапырды от. Түркі жұрты бұ дүниеге не батыр боп келеді, Келеді не – Ақын боп!», десе Мұхтар ағасына «Мағауин – Алаштың бір алдаспаны. Алаштың аспанында жарқылдаған! Ақиық қанат қағып, көкке жөнеп, Қарғалар жерде қалды қарқылдаған...», дейді жалтақтамай төтесінен тартып.
Қазақ поэзиясының бес дәуірі туралы толғауы да толымды туындылар санатында. Шәкәрім, Мағжан, Жұбан, Төлеужан, Кеңшілік жайлы шумақтар шұрайлы ғана емес, шымбайға батса да шындықтың шырпысын тұтатып, қоламтасынан өлең өрнектерін өреді. Шәкәрімге келгенде «Поэзия – демін ішке тартып тұр, Жидебайдың тұсында. Дантес – Қарасартовтың, Мылтығының ұшында», десе Мағжан өз монологында: «Мен – Мағжан... Өткен өмір – түс міне. Бас ием жоқ. Уақыт деген күштіге: Жарты ғасыр жерде жатып... Исадай, Жанталасып шықтым жердің үстіне!» дейді. Жұбан жайлы: «Мен Жұбанмын Бас имеген құлдыққа... Ұрғызбаңдар ұлдарымды басынан, Жұлғызбаңдар қыздарымның шашынан!» деп, Төлеужан Ысмаилов туралы «Сөйледі ол жырына от өріп, Тәкаппар өр басын өңезге игізбей. Жыр – Қыран Талантты әкетті көтеріп, Аяғын жерге тигізбей... Ах, Төкең! Қош, Көкем!» дейді. «Керемет бір Ақын бар ед қазақта, Кетті ақыры ол боздақ та – жүректен... Бақұл бол, бауырым! Сәби жаны бұлқынып, Далаң қалды – айғыз-айғыз жыртылып» – бұл Кеңшіліктің бейнесі. Міне, жоғарыдағы жыр жампоздарының тағдырын осылай баян етеді.
«Жиырма бір жыл» атты поэмадан алар тағылым мол. Сыдыртып емес, әр жолына үңіліп, зердеңнен өткізсең көп жайға қанығасың. Бір ғана: «Көктей өткен, Жаһан, сені Көк Түркінің көзі боп – Қазақ деген – Ақан сері. Өлеңі – бар. Өзі – жоқ. Ертеңгі күн елес әлі. Бұлдырап тұр шашып от. Қазақ деген – Кенесары. Денесі – бар. Басы – жоқ...». Бұл да қазақ жұртының бодан заманда кешкен қасіретінен, тартқан азабынан мағлұмат береді.
Бұл томдағы келісті бір туындылар «Антипоэзия» атты бөлімге жинақталған екен. Мұны қарасөзбен жазылған жыр десек те жарасады. Қасым (Аманжолов), әнші, ақын Әсет (Найманбайұлы), Ебіней (Бөкетов), Әлімхан (Ермеков), Темірхан (Медетбек), Фариза (Оңғарсынова), Нұрмахан (Оразбеков), Баянғали (Әлімжан) туралы эсселер де ерен. «Көк «Тәңірі – Көгімде, Көк Түркі – жерімде еді. Бір кие бар менің тегімде, Кеудемді керім жыр кернеді», деп от болып лаулар жыр қоламтасын үрлеген Ақсұңқар жырдың иесі Ақсұңқарұлы Серіктің екі томы тұнып тұрған ұлттық рух, ұлттық болмыс, жоғалып кетпеу, жойылып тынбау жолындағы қажыр-қайрат – бәрі өлең өрімде бірде ойға батырып, бірде серпілтіп, бірде сергітіп, бірде қырандай қанаттандырып отырады. «Ақын – үндестік ұлы» (А.Блок) деген осы шығар.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»