Халықаралық күнтізбедегі атаулы күндердің қатарына қазақстандық спортшылар мен Қазақстан спорт журналистері қауымдастығы елімізде ойлап табылған «Дүниежүзілік шырын күні» атты мерекені қоспақ.
Өткен жылдың қараша айынан бастап www.worldjuiceday.kz интернет-сайтында әлем күнтізбесінде «Дүниежүзілік шырын күні» деп аталатын жаңа мерекенің пайда болуы үшін онлайн-дауыс беру жүргізілуде. Сайтқа кірген әр адам «қолдаймын» пернесін басу арқылы осы күннің пайда болуына қатысты өзінің келісімін растай алады.
Ендігі жерде осы күнді қолдауға қатысты неғұрлым көп дауыс жиналса, аталған мерекенің ресми түрде пайда болуының ықтималдылығы соғұрлым арта түспек.
Бұл бастамаға «Қазақстандықтарды шырынмен сауықтыру» қоғамдық қозғалысы ұйытқы болып отыр. Аталмыш қозғалыс – шырынның пайдасы жөніндегі барлық мәліметті, сондай-ақ, спортшылар, дәрігерлер, диетологтар секілді дұрыс тамақтану мен саламатты өмір сүру салты саласын жетік білетін тұлғаларды біріктіретін Қазақстандағы жалғыз ұйым. Қозғалысқа қатысушылар арасында атақты альпинист Денис Урубко, Олимпиада чемпионы Ольга Шишигина, Қазақ тамақтану академиясының, Саламатты өмір сүру салтын қалыптастыру мәселелері жөніндегі ұлттық орталықтың, Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының мамандары мен тамақтану, денсаулық және сұлулық салаларының басқа да сарапшылары бар.
Қазақстанның спорт журналистері қауымдастығының президенті Марат Исабаев:
– Біз спортшылардың жетістіктері мен олардың дене бітіміне сүйсінеміз. Алайда, дұрыс тамақтану арқылы дәл сондай белсенді және сау болу біздің де қолымыздан келеді ғой. Ал денсаулық үшін ең пайдалы өнімдердің бірі болып табылатын табиғи шырынға жылдың бір күнін арнауға әбден болады, – дейді.
Жаһандық жобаның Қазақстан имиджі үшін маңыздылығы жайында Сергей Дроздов былай дейді: «Жаңа Қазақстан күннен-күнге өркениетті, заманауи әрі әл-ауқатты мемлекет ретінде әлемге танылып келеді. Бұл имидждің сақталуына Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отырған Азиада ойындары, Қазақстанның өткен жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі, сондай-ақ, көптеген басқа да оқиғалар септігін тигізіп отыр. Алайда, бұл оқиғалар саясаткерлер, спортшылар секілді жекелеген мамандық иелерінің жетістігі болып табылады. Ал Дүниежүзілік шырын күні қабылданса, бұл әрбір қазақстандықтың үлесі болар еді. Сондықтан, халқымызға бір ауыздан бірігіп, әлемдік ауқымда саламатты өмір сүру салтын қолдаушы елдің тұрғындары ретінде өздерін неге танытпасқа?»
Айнаш ЕСАЛИ.
Алматы.