Парламент Мәжілісінде палата Төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі Гүлмира Исімбаеваның төрайымдық етуімен «Өлім-жітім көрсеткіші жоғары аурулармен күресу бойынша мемлекеттің атқарып жатқан жүйелі шаралары туралы» тақырыбына «Нұр Отан» партиясының Парламент Мәжілісіндегі фракциясының кеңейтілген отырысы өтті.
Отырысты вице-спикер: «Қазақстан Республикасы Президентінің Өкімімен 9 маусым елімізде Ақтөбе қаласында жасалған террористік актінің салдарынан әскери қызметшілер мен азаматтардың қаза болуына байланысты ұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Осыған орай біз, Мәжіліс депутаттары да террористік акт салдарынан құрбан болған отандастарымызды бір минут еске алып аза тұтайық», – деген сөзбен бастады.
Аталған мәселе бойынша негізгі баяндаманы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова жасады. Депутаттар алдында, сондай-ақ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы тұрақты өкілі Мелита Вуйнович, Парламент Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Гүлнар Ықсанова, Павлодар облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Н.Қасымов сөз сөйледі.
«Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі Гүлмира Исімбаева өз сөзінде «Нұр Отан» партиясының Сайлауалды бағдарламасында денсаулық сақтаудың партия қамқорлығындағы ерекше сала ретінде атап өтілгендігін айтты.
Отандық денсаулық сақтау жүйесі үшін – ел халқына көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттыру және оның қолжетімді болуы басты міндет болып есептеледі. 2021 жылға қарай Қазақстанда болжалды өмір сүру жасының ұзақтығы 73 жасқа жетуі керек, өлім-жітім деңгейі 10%-дан да төмендеуі керек.
Сонымен қатар, фракция жетекшісі республиканың денсаулық сақтау жүйесіндегі бірқатар проблемалық мәселелерді атап өтті. Мәселен, қазақстандықтардың өмір сүру жасының ұзақтығы ЭЫДҰ елдеріне қарағанда 10 жылға төмен. Қазақстанда жалпы өлім-жітімнің негізгі себепшісі болып табылатын 5 дерт бар. Біріншісі – жыл сайын 30 мың адам (26%) қайтыс болатын қан айналымы жүйесінің дерті. Қан айналымы жүйесі дертін емдеуді қаржыландыруға жұмсалатын мемлекет шығындары жыл сайын өсіп келеді.
Екінші себеп – қатерлі ісік аурулары. Ісік дертімен ауыратындарды емдеуді қаржыландыруға жұмсалатын мемлекет шығындары жыл сайын өсе түсіп отыр. Осы орайда, жиналыста еліміздегі онкологиялық диспансерлердің жағдайы туралы арнайы айтылды.
Үшінші орында жазатайым оқиғалар, жарақаттар және уланудан болған өлім-жітім (11%) тұр. Осы көрсеткіш бойынша өлім-жітім деңгейінің төмендеуі байқалғанымен, осы жағдайдан 16 мың адам көз жұмады. Сонымен қатар, қаржыландыру көрсеткіші жыл сайын өскенін көрсетіп отыр. Статистика бойынша «алтын уақыт», яғни апаттан кейін бір сағат ішінде тиімді жедел медициналық көмек көрсетілмейді.
Төртінші орында – ана өлімі. Ресми деректер бойынша ана өлімінің коэффициенті соңғы он жыл ішінде тұрақты түрде төмендегенін көрсетіп отыр. Қаржыландыру да арта түсуде.
Бесінші орында – бала мен нәресте өлімі. 2009 жылдан 2015 жылға дейінгі кезеңде Қазақстанда нәресте және бала өлімі 2 есеге төмендеген. Сонымен қатар, 0-ден 5 жасқа дейінгі бала өлімінің 81%-ын нәресте өлімі құрайды. Балаға медициналық көмек көрсетуді қаржыландыру да жыл сайын өсіп отырғаны байқалады.
Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі, үйлестіру кеңесінің басшылары депутаттарға медициналық көмек көрсетудің біріктірілген моделінің, негізгі әлеуметтік маңызы бар жұқпалы емес аурулардың және халықтың демографиясына ықпал етуші: асқынған инфаркт миокарды, ми қан айналымының қатты бұзылуы (инсульт), қауіпті ісіктер, жарақаттар, жүктілік пен босану бойынша ауруларды басқару бағдарламасының негізгі бағыттарын ұсынды.
Талқылау барысында депутаттар медициналық қызметтердің қолжетімдігі және сапасы мәселелерін, дәрі-дәрмек препараттарымен қамтамасыз ету проблемаларын, уақтылы қызмет көрсетпеу жағдайлары, медицина мекемелерінде бірқатар салалық мамандардың жоқтығы туралы мәселелерді көтерді. Сондай-ақ, барлық деңгейдегі медициналық көмекке халықтың қолжетімдігінің тең және әділ болуын қамтамасыз ету қажеттігіне ерекше назар аударды.
Жиналыстың қорытындысы бойынша, денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру бойынша Үкіметке ұсыныстар әзірленді.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»